Пайғамбарымыздың уақытында ажырасулар болған ба?
Пайғамбарымыздың уақытында ажырасулар болған ба?
8 жыл бұрын 4714
Алдаберген Үсен

Сахабалардан Пайғамбарымызға (с.а.у.) келіп, ажырасқысы келетінін айтқандар болған ба? Пайғамбарымыз құптаған ажырасулар кездескен бе?

Алла елшісі (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) ажырасуын құп көрген кісілер болған. Айталық, мына үш оқиғадан ол көрінеді.

Абдуллаһ ибн Омар (р.а.) әңгімелеуде:

Некемде бір әйел бар еді. Оны жақсы көретінмін. Әкем Омар болса, оны ұнатпайтын. Маған «Онымен ажырас» деді. Мен келіспедім. Әкем бұл жағдайды барып Расулаллаға (с.а.у.) айтқан екен. Пайғамбарымыз (с.а.у.) маған: «Ажырас» деп бұйырды (Әбу Дәуіт,  Taлақ 10; Tирмизи Taлақ 36; Ибн Мажә, Taлақ 36)

Абдуллаһ ибн Аббас (р.а.) әңгімелеуде:

Жәмила бинт Салул Расулаллаға келіп: «Уа, расулалла, уаллахи, күйеуім Сабит ибн Қайсанның діндарлығына, мінезіне еш мін тақпаймын. (Яғни ажырасқым келетін себеп бұл емес). Бірақ онымен бірге тұрар берер болсам, бір күпірлікке жол беріп алам ба деп қорқам. Оны қанша жақсы көрейін десем де болар емес. (Сондықтан осы тұрғыда онымен ажырасқым келеді) деді. Бұны естігенде Расулалла (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) әлгі әйелден «Сабит ибн Қайстың кезінде өзіңе мәхір ретінде берген бақшасын өзіне қайтарасың ба?» деп сұрады. Әйел «Иә, қайтарамын» деді. Осыны естігенде Расулалла (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) Сабит ибн Қайсқа бақшаны Жамиладан қайтарып алып, одан артық ештеңе алмауды, сөйтіп ол  әйелді еркіне жіберуді бұйырды. Әйел бақшаны қайтарып берді, Сабит талақ айтты.

Басқа бір риуаятта ол әйел күйеуі Сәбитті ұнатпау себебін бойы қысқа әрі түрі жаман деп білдірген. Әйелдің былай дегені айтылады: «Уа, расулалла, уаллахи, егер Құдайдан қорықпағанымда, күйеуім Сәбит жаныма келгенде, (түрі жаман болғандықтан) бетіне түкірер едім» (Бұхари, Талақ, 12; Ибн Мажә, Taлақ, 23)

Айша анамыз (радиаллаһу анһа) әңгімелеуде:

«Амра бинтул Жаунның жанына шымылдыққа кірмек болғанда, ол Расулаллаға «Сенен сақта деп Аллаға сиынамын» деді. Расулалла алайхиссалам: «Әй, Амра, сен расында сақтайтын Аллаға дұрыс сиындың» деді. Сөйтті де онымен ажырасып, еркіне жіберді. Үсама немесе Әнасқа айтып, ол әйелге разиқия (деп аталатын ақ кетен матадан жасалған) үш қабат киім берді» (Ибн Мажә, 2027)

Байқағанымыздай, Пайғамбарымыз (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) әйелдің бұндай жөнсіз сөз айтқанынан-ақ өзіне оның лайық еместігін сезіп, дереу мәхірін беріп ажырасқан.

Бұл оқиғаларға қарап, әйелге бір нәрсе жақпаса я ұнамаса, дереу ажырасуы керек деген ой тумаса керек. Өйткені дінімізде ажырасудың өзіне тән талаптары, жөн жосығы мен әдебі бар. Біз жоғарыда атаған үш оқиғада да ажырасу үшін қажетті себеп орын алған. Сондықтан орынсыз немесе дәлелді бір уәжі болмастан ажырасқандар үлкен обал іс жасайды. Осы себепті риуаяттардың сыртқы кейпіне қарап, соған ұқсас жағдайлар орын алса, дереу ажырасуға шешім қабылдамау керек. Қайта сол риуаяттардағы оқиғалардың жай-жапсарын кең талқылау керек. Ғалымдар жоғарыда айтылған үш мәселенің жай-жапсарын тиісті кітаптарда кең түсіндірген.

Мына хадисті де еске алған пайдалы:

Сәубан (радиаллаһу анһу) риуаят етуде:

«Айтарлықтай себеп болмаса, күйеуінен материалды дүние талап етіп (хул) ажырасқан әйел жәннаттың иісін ала алмайды» (Тирмизи, Taлақ, 11; Әбу Дәуіт, Талақ, 18)

Әбу Дәуіттің бір риуаятында былай делінген: «Қайсыбір әйел күйеуінен ажырасуды талап етсе…». Әбу Хұрайраның Нәсаиде келген бір риуаятында: «Күйеуінен хул (дүние-мүлік) талап ету үшін ажырасқан әйел (күнә) тұрғысынан екіжүзділер секілді» деген.

0 пікір