Балаңыз беске келгенде
Балаңыз беске келгенде
9 жыл бұрын 4571
Құдайберді Сабыржанұлы

Бұл жаста баланың екінші «алтын кезеңі» басталады. Бастаған ісін жартылай тастап кететін төрт жасар бала беске қадам басқанда ісіне тындырымды, үйретілген шаруаларды жайлап өзі атқара бастайтын халге жетеді. Мысалы: тамақ жеу, ішу, жуыну, киіну, тістерін тазалау секілді жеке басының шаруаларын өзі тындыра алады. Дегенмен, кішігірім көмектерді қажетсінуі мүмкін. Әлі де әке-шешесіне тәуелді болғанымен, өзімен қатарлас балалармен ойнай алады. Велосипед айдау, жіппен секіру, доп ойнау секілді қимыл-қозғалысты ойындарды жақсы көрумен қатар рөлдерге бөлініп ойнағанды да ұнатады. Ішкі жан дүниесін тұрақтылық билегенімен бойында қорқыныш сезімі басымдау болып тұрады. Қараңғы жерден, жоғалып кетуден қорқады. Себебін өзі де түсінбейді. Төрт жастағы балада ұялу сезімінің ұшқыны пайда бола бастайды. Ал бес жасында бұл сезім анағұрлым дами түседі. Баланың бойында ұяттың пайда болуы – саналылықтың алғашқы нышаны. Имам Ғазали баланың бойында ұяттың пайда болуын маңызды санап, былай деген: «Балада тәмииз (жақсы мен жаманды ажырата білу) белгілері байқалған уақыттан бастап, тәрбиесін жіті қолға алу керек. Оның алғашқы белгісі – ұяттың пайда болуы. Ұяла бастауы балада ақыл нұрының пайда болғанын көрсетеді. Ендігі жерде ол кейбір нәрселерді жаман, кейбіреуін жақсы деп қабылдайды. Кей жерде ұялмаса, кей жерде ұялады. Ұялу қасиеті – Алла Тағаланың оған берген сыйы. Егер дұрыс тәрбиеленсе, болашақта мінез-құлқы биязы, жүрегі адал болатынының нышаны».

«Ұят – иманның бір бөлшегі» деген хадисті ескерсек, ұяттың оянуы арқылы бала бойында әлі де шынайы дәрежеде болмаса да иманның бүршік жарғанын байқаймыз. Осы жастағы балаға Аллаға иманмен қоса пайғамбарларға иман және соңғы елші Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) өмірі мен сахабалар туралы қызықты оқиғаларды жиі әңгімелеп беру керек. Сонда жастайынан бала бойында оларға деген сүйіспеншілік қалыптасады. Осыған дәлел ретінде мына екі әңгімені баяндай кетейік.

Бір мұсылман ғалымы өзінің балалық шағының бір сәтін былайша әңгімелейді:

«Дінге көзімді ашқан кісі атам еді. Ол кісі маған діни әңгімелерді көп айтатын. Бірде хазірет Әлидің батырлығын әңгімелегенде, былай деп сұрағаным есімде:

–  Ата, Пайғамбарымыз күшті ме, әлде Әли күшті ме?

Сонда бес жасар баланың пәк көңілінен шыққан сұрағына атам әрі балаларды, әрі үлкендерді ойлантатындай былай деп жауап беріп еді:

–  Пайғамбарымыздың бойында пайғамбарлық күш бар емес пе?!

Атамның осы бір сөзін әлі күнге ұмытқан емеспін».

Кейбір ғалымдар балалардың барлық қабілеттерінің балалық шақта жетілетінін айтады. Мысалы, Америкалық ғалымдардың зерттеулері бойынша баланың санасындағы қабілеттердің жартысы 4 жасында, үштен екі бөлігі 6 жасқа келгенде қалыптасады. Сондықтан балалардың мінез-құлқына, кісілік тұлғасына әсер ететін нәрселерді үйрете берген жөн. Баланың бойында кісілік тұлғасының қалыптасуына септігін тигізетін тәрбиенің бірі – жаратылысына сай істерге баулу. Мысалы, ұл балаларды атқа міну, садақ тарту, жүзу, күрес және жүгіру секілді спорттық ойындарға жаттықтырған жөн. Пайғамбарымыз (с.а.у.) әкенің бала алдындағы міндеттерін баяндағанда, жақсы ат қою, құлағына азан шақыру, адал рызықпен тамақтандыру, жазуды үйретумен қатар садақ тарту, атқа міну, күрес және жүзуді үйретуді де қоса атайды. Бұлар ұл баланың денесін шынықтырады, батырлыққа, шыдамдылыққа, ептілікке жаттықтырады. Мұндай тәрбиемен өскен баланың бойында жастайынан ер жігітке тән мінез қалыптасады. Ал қыз баланы үй шаруасына, балаға қарауға үйрету мақсатымен осы тектес ойындарға тарту қажет. Ол үшін ойыншықтар мен қуыршақтар сатып алып берудің дұрыстығын ғалымдар құптаған.

Бес жастағы бала Алла Тағаламен байланыс құрудың бір түрі дұға екенін түсіне бастайды. Кейбір дұғаларды жаттай алады. Олар әлемдегі барлық балалар дұға жасайды деп ойлайды. Дұғасында көбінесе өзіне керек материалдық нәрселерді сұрайды. Дұға жасау дағдысы қалыптасу үшін 5-6 жастағы балаларға белгілі бір уақыттарда, тамақтан бұрын, тамақтан кейін, ұйықтар алдында және кейбір жерлерде дұға жасауына мән беріп, қадағалап отыру керек.

Бір хадисте «Балаға 7 жасында намаз үйретіңдер» деген. Олай болса, біз, ата-аналар 7 жасқа келгенде шынайы көңілмен, өз қалауымен намаз үйренуі үшін балаға намазды көзтаныс, үйреншікті ету керек. Айналасындағылардың намаз оқығанын кішкентайынан көріп өскен бала саналы түрде оның қажеттігін ұғынады. 7 жасқа келгенде намаз оқуды қиынсынбайды. Сондықтан шаңырағымыз мешіттің қызметін атқарып, сол «мешіттің» ішінде әрдайым намаз оқылып, пенденің Жаратқан иеге шүкіршілік ретінде құлшылық етуі тиіс екенін ұқтыратын атмосфера сезіліп тұрса, бала да реті келгенде өздігінен намазға жығылады.

0 пікір