Баланы темекі шегуден қалай сақтандырамыз?
Баланы темекі шегуден қалай сақтандырамыз?
9 жыл бұрын 5425
Есіркеп Жолаушы

Бұрыш-бұрышта екі-үшеуден топтасып, көк түтіннің ортасында құшырлана темекі шегіп отырған жас балалардың аянышты кейпін көше бойынан жиі ұшырастырып жатамыз. Олардың темекімен ерте жастан уланғандығына іштей қынжылғандықтан,  «Менің балам да осы темекі деген пәледен аулақ болса екен» деген ойға қалатынымыз да рас. Олай болса, темекі шегу секілді жаман әдеттен баланы қалай аулақ ұстауға болады?

Ол үшін ата-ананың саналы түрде байыппен тиянақты жұмыс істей білуі керек. Ең алдымен:

1. Әке-шешесі өздері темекі шекпей үлгі бола білуі керек

Әке-шешесі темекі тартатын балалардың темекіге деген әуестігі ата-анасы темекі шекпейтіндерге қарағанда үш есе артық екен. 

Др. Хюгоның айтқанындай, «Егер, өзіңіз темекі шегіп, балаңызға темекі шекпе десеңіз, оның ешқандай пайдасы болмасына көз жеткізе беріңіз».

Расында да, балалар қатты еліктегіш. Оларға үлгі бола білу өте маңызды. Сол жайтты мына бір әңгіме анық ұқтыра түскендей.

Әкесі дәрігер болып істейтін бір оқушымның мектеп ауласында темекі шегетінін байқадым. Үйіне барып, әке-шешесімен осы жайында сөйлеспек болдым. Үйіне барған мені құрақ ұшып қарсы алған ата-анасы өздері де дастархан басында әлсін-әлсін темекі тұтатып отырған болатын. Бұны көргенде, менің еріксіз тіл тістеп, үндемеске лажым қалмады. Өйткені баланың ата-анасынан күнде көрген  үлгісі сол еді.

2. Темекінің не екенін басқа емес, өзіңіз түсіндіріңіз

“Бала 3-4 жасынан бастап, темекінің зияндылығы жайында біле бергені дұрыс. Егер сіз балаңыздың жоғарғы сыныпқа келуін күтсеңіз, онда “қолыңызды мезгілінен кеш сермейсіз”.

М. Хоган

 

Балаңыз 6-7 жастарына келгенде  жиырма шақты темекі қалдығын бір ыдысқа салып, бірнеше күн өткеннен кейін әлгінің аузын ашып балаңызға иіскетіңіз. Балаңыз жиіркеніп, мұрнын тыжырынғанда  елдің осындай жаман нәрсені іштеріне дейін сорып өкпесін улайтындығын, денсаулыққа қаншалықты зиянды екендігін айтып түсіндіріңіз. Жағымсыз иісті иіскегенде өзін қалай сезінетіндігін сұраңыз.

Бұдан кейінгі сатыда баланың темекіге деген жалпы қызығушылығын жою мақсатында бір темекі беріп, иіскеп, қарап көруіне рұқсат етіңіз. Артынан темекіні қайтып алыңыз.

3. Біреу темекі ұсынса, ондайда не істеу керектігін алдын ала үйретіңіз

Др. Клейн: «Егер, бала ондай жағдайда алдын ала қалай жауап беру керектігін білсе, оның ұсынған темекіні алмай қою ықтималы да күшейеді» дейді. Олай болса, ата-анасы ретінде біз де қалайша темекіге жоламау керектігін үйретіп қойғанымыз жөн.

Мысалы: Егер достарыңның біреуі саған темекі шектіргісі келсе, сен оған «Жоқ, темекі деген жаман нәрсе, темекі шексең киіміңнен темекінің жағымсыз исі шығып тұрады, өзіңді жаман сезінесің. Оның үстіне, дерігерлер де денсаулыққа зиян екендігін ескертіп жатады әрі өзім де әке-шешеме темекі шекпеймін деп уәде беріп қойғанмын» деп, айта алуды күні бұрыннан үйретіп қойыңыз.

 4. Аз уақыттың ішінде-ақ, темекінің мынандай зияндылықтарға себеп болатындығын түсіндіріңіз:

 А) Темекі шеккіштің киімі де темекі сасып жүреді;

Ә) Тістері мен тырнақтары сарғаяды;

Б) Демікпеге себеп болады;

В) Бойдағы күшті азайтады;

Г) Темекі үшін бір аптада жұмсайтын ақшаға өзіне керекті қаншама заттар ала алатындығын түсіндіру (шоколад, сүт, кітап, дәптер, үнтаспа т.б.)

0 пікір