Алла тағала қасиетті Құранның бір аятында былай дейді:
«Дүние-мүлік пен бала-шаға – дүние тіршілігінің сәні» («Кәһф» сүресі, 46-аят).
Тағы бір аятта былай делінген:
«Алла сендерге өздеріңнен, яғни адам санатынан жұбайлар жаратты. Ал жұбайларыңнан сендерге балалар мен немерелер берді. Сендерді таза, ұнамды ризықтармен асырады. Осылай бола тұра, олар Алланың осыншама мол нығметтерін жоққа шығара ма?» («Нахыл» сүресі, 72-аят).
Байқасаңыз, соңғы аятта балалар мен немерелер «нығметке» теңелген.
Ал ардақты Пайғамбарымыз ізгі ұрпақтың күні ертең ата-анасы қайтыс болған соң, артынан дұға тілеп тұруына мүмкіндік бар екенін сүйіншілеп жеткізген. Ата-анасы өмірден озғанда, артында Құран оқып, дұға жасайтын, олардың дүниеде жасаған күнәлары үшін Алладан кешірім тілейтін ізгі ұрпағы қалғаны қандай жақсы. Міне, бұл нығмет емей не? Сүйікті Мұхаммед пайғамбарымыздың мынадай бір хадисі бар:
«Жұмақ жұртында бір кісінің дәрежесі көтерілген үстіне көтеріліп жатады. Сонда ол: «Бұл қайдан болып жатыр?» деп (таң қала) сұрайды. Сонда оған: «Балаңның сен үшін кешірім тілеуінен» деп жауап беріледі».
Көрдіңіз бе, баланың кешірім тілеуі қандай маңызды. Мұндай жақсылықты бала-шағамыздан өзге ешкімнен күте алмаймыз. Біз мәңгілікке қайтқанда, жақынымыз да, туысымыз да келер. Қабірімізге бір уыс топырақ салып, артымыздан оқылған Құранға бет сипар. Бірақ ағайынның ісі сонымен тамам. Тірі адам тіршілігін жасап кете барады. Айында немесе жылында бір еске алса алар, болмаса ол да жоқ.
Ал ізгі перзент ондай емес. Әр намазынан кейін: «Уа, Алла тағалам, ата-анамды кешіре гөр!» деп дұға тілейді. Бұл мәселенің шын дүниеге қатысты жағы. Дүние тіршілігінде де ата-анасын қадірлеп, қастерлеп, төрінен түсірмей, жылы-жұмсағын аямай асырап отырған қаншама ізгі перзенттер бар. Бірақ кез келген бала осыны жасай ала ма? Біздіңше, жоқ.
Баланың жақсы болуы оның мұсылманша тәрбие алуына байланысты. Баламызға имандылық дәрістерін қаншалықты көп үйретсек, олардан да екі дүниеде соншалықты мол жақсылық көреміз. Сондақтан пайғамбарлардың өзі Алладан ізгі ұрпақ сұрап дұға еткен. Ыбырай атамыз: «Баладан қайыр болмаса, баланы неге сұрайды» деп қандай тамаша айтқан. Ендеше, ата-анаға керегі баланың қайырлысы.
Иә, Алланың адам баласына нәсіп еткен нығметтерін санасақ тауыса алмаймыз. Бірақ бұл дүниеде баланың орны, әрине, ерекше. Перзенттің қадірін бір перзенттің жоғынан зар илеп қиналып жүргендер біледі. Бірақ осыған қарамастан, баланың қадірін білмей жүрген безбүйрек ата-аналар да, өкінішке қарай, жоқ дей алмаймыз. Туа сала қоқысқа тастап кете баратын санасыз, сезімсіз, арсыз, азғындар өз алдына, мүгедек перзенттерін бейшара ананың қолына тастап, өздері өзге әйелдің жетегінде кеткен имансыз әкелер де қоғамда ұшырасып жүр.
Өздерін адам санап жүрген мұндай тас жүректер ертеңнен қандай үміт күтеді? Ол жағы беймәлім. Олар қайтыс болмай ма? Ақиретке бармай ма? Алла алдында жауапқа тартылмай ма? Өмірде қиналған, жылаған тірі жетімдердің көз жасы оларды ұрмай ма? Міне, осы жақтарын да олар бір мезгіл ойласа екен.
Автордың "Жанұя жарасымы" атты кітабынан.