Ардақты пайғамбарымыздың балаларға мейірімі
Ардақты пайғамбарымыздың балаларға мейірімі
1 жыл бұрын 2008

Ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) барша адамзатқа үлгі болған мейірімі мен мүминдерге деген еміренгіш сезімі балаларға деген сүйіспеншілігінен де анық байқалатын. Негізінде, балаларға жылы шырай танытып, қайырыммен қарау тек тәрбие ісіне ғана пайдалы болумен шектелмейді. Жүректерді жұмсартуға да мейірімді болудың тигізер септігі мол. 

Балалар – біздің болашағымыз. Сондықтан үйде де, көшеде де, мектеп пен мешіттерде де, қысқасы, балалар жүретін барлық жерде оларға барынша мол мейірім көрсетілуге тиіс. Сүйікті пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз балалары мен немерелеріне қалай мейірім танытса, саңлақ сахабаларының ұл-қыздарын да дәл солай еркелетіп, құшағына басқан. Оның қасында бір сәби жылай қалса, Пайғамбарымыз дереу оларды жұбатуға асығатын.

Балалармен өзі ойнайтын, әрі үмбетіне де: «Баласы барлар баласымен бала болып ойнасын» деп өсиет қалдырған. Кей кейде балаларды түйесіне де мінгізіп алатын. Енді бірде жерден көтеріп алып, бауырына басатын. Ата-анасынан айырылған көңілі қаяу балаларды көрсе, олардың көңілін аулап, бастарын сипап, маңдайларынан иіскеп, қуандыратын. Жас қой демей балаларға өзі сәлем беретін. Ауырып қалғандардың көңілін сұрап баратын. Балалар мен өзінің арасына бөгет болатын істерден аулақ тұратын. 

Алланың соңғы елшісі (с.ғ.с.) жер бетінің ең ардақты тұлғасы бола тұра, өте қарапайым еді. Тіпті бірде балаларға көңіл бөлгені сонша – жүгіруден жарысып ойнап жүрген балалармен бірге өзі де жүгірген еді. Осылайша жас балалардың да нәзік жүректеріне жол табатын. Бала кезде куә болған сахабалардың ең көп айтатын тақырыптарының бірі – Пайғамбарымыздың балаларға деген мейірімі еді. Олардың бірі сүйікті Пайғамбарымыздың жылы жүзін, тәтті сөзін, балаға деген ілтипатын еске алса, енді бір тобы Алла елшісінің мейірімге толы өзге істерін баян етеді. 

Мысалы, сахабалардың айтуынша, Алла елшісі (с.ғ.с.) балаларды «менің балам», «өзгенің баласы» деп бөліп жармайтын. Усамә ибн Зәйд (Алла одан разы болсын) Пайғамбарымыздың мейірімін былай деп есіне алады: «Алланың елшісі (с.ғ.с.) мені бір тізесіне, немересі Хасанды екінші тізесіне отырғызып, бауырына басатын, содан соң: «Уа, Раббым, бұл балаларды мейіріміңе ал, мен оларды өте қатты жақсы көремін» деп дұға жасайтын. 

Ал Рабия ибн Харистың естелігі мынадай: «Бір күні әкем мені және Аббастың ұлы Фадылды Алла елшісіне жіберді. Біз оның құзырына кірген кезде ол бізді құшағына қатты қысқаны сонша – бұрын-соңды ондай ыстық құшақты көрмегенмін». 

Пайғамбарымыз балаларды дініне қарап та алаламайтын. Әнас ибн Мәлик былай дейді: «Иудейлердің бір баласы Алла елшісіне қызмет ететін. Бір күні сол бала ауырып қалды. Расулулла (с.ғ.с.) оның көңілін сұрап барды. Келді де: «Балам, сен мұсылман бол!» деді. Қасында тұрған баланың әкесі: «Әбілқасымға бағын, балам» деді. Сол сәтте бала тілін кәлимаға келтіріп, мұсылман болды. Пайғамбарымыз сол жерден шығып бара жатып: «Менің себепкерлігіммен баланы тозақ отынан құтқарған Аллаға мадақ, мақтаулар болсын» деді. 

Иә, ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаның (с.ғ.с.) өз үмбетіне, әсіресе жас балаларға деген мейірім-шапағатын түгел жазып шығуға қаламның сиясы, кітаптың парағы жетпесі анық. Сондықтан сүйікті Пайғамбарымызға Алланың жаратқан жаратылыстарының санындай сәлем айтып, салауат жолдаймыз. 

Асылбек Әуезханұлы, "Жанұя жарасымы".

 

0 пікір