Хадис: «Ақыреті мен дүниесіне қатар алаңдайтын мұсылман болыңдар!» (хадис тағылымы)
Хадис: «Ақыреті мен дүниесіне қатар алаңдайтын мұсылман болыңдар!» (хадис тағылымы)
5 ай бұрын 2187
А. Қасым

Сахаба Әнәс ибн Мәликтің (радияллаһу анһ) жеткізген хадисінде ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген: 

- أعظمُ الناسِ همَّا المؤمِنُ ، يَهْتَمُّ بأمرِ دنياهُ وأمرِ آخرتِهِ .

 «Алаңдау тұрғысынан адамдардың ең ұлығы - дүние істеріне де, ақырет істеріне де алаңдайтын мүмін адам!».

 

Хадис түсіндірмесі: 

1) Мүмін-мұсылман адам дүниеге тым беріліп, ақыретін ұмытып кетпеуі керек, тура сол секілді ақыретін ғана ойлап, дүниелік шаруасын да ұмыт қалдырмауы ләзім. Құранда: «Дүниедегі несібеңді де ұмытпа!» деп бұйырады. («Қасас», 77 аят). Мүмін-мұсылман намазын үзбей, харам істер мен күмәнді нәрселерден бойын аулақ ұстауы керек. Дүние-дүние деп, ақыреттік істеріне залал тигізбеуі тиіс болғаны секілді, дүниелік тіршілігін де ұмытпауы шарт, яғни, адал жолмен ақша тауып, бай болуға талпынғаны жақсы амал. Зекеті мен садақасын беретін бай мұсылман - садақа алатын кедей мұсылманнан артығырақ делінген. Әрине, бұл дегеніміз кедейлер төмен деген сөз емес, кедей кісілер пейішке байлардан бұрын кіреді. Кедейлік - Құдайдың жазғаны. Десе де, садақа алушы болғаннан, садақа беруші болуға талпыну сауап тұрғысынан әрі қоғамға пайдалы болу тұрғысынан абзал. Тым болмағанда өз наны өзінде, елден ештеңе сұрамайтындай жағдайда болуға тырысқаны жөн. Пайғамбар өзінің бір сөзінде: «Жоғарғы қол, төменгі қолдан артық. Жоғарғы қол - беруші. Ал, төменгі қол – сұраушы», - деген. («әл-Муатта» кітабынан).

2) Алайда, ақыретіне селқос қарап, дүниеге беріліп кеткен де дұрыс емес. Мүмін адам, екі дүниесін де қатар ойлауы тиіс екен. Өкінішке орай, бүгінде дүниелік табысымызды көбірек ойлаймыз да, ақыретімізден ғапыл қалып жатамыз. Соның салдарынан, ұрлық, кісі ақысын жеу, алаяқтық, жемқорлық, парақорлық т.б. әбестіктерге барып жатады. Ал ақыреттік өміріне мән беретін мұсылман ондай ағаттықтарға бармайды, себебі, бүкіл амалы жазылып жатқандығын білетін ол, о дүниеде бәрі алдынан шығатындығына сенеді. 

3) Сондай-ақ, «кәміл мұсылман» деген кезде, ойға «тақуа мұсылман» оралады. Ендеше, ең тақуа мұсылман - ақыретін ғана ойлап, дүниесін тәрк еткен мұсылман емес екен, негізгі тақуа, ол - кәсіп қылып, адал табыс табатын, зекетін беріп, айналасына жәрдем ететін мұсылман екен. 

4) Және де «дүниелік ісін ұмытпау» деген кезде, тек «ақша табу ғана» деп те ойлап қалмау керек. "Дүниелік іс" сөзіне - білім оқу, бір саланың жақсы маманы болу да жатады. Мұсылман адам ең әуелі мұсылмандық негіздерін біліп, одан кейін дүниелік білім оқуға талпынған жөн. Мұсылман дінінде қоғамға қажетті маман иесі болу «парыз кифая» саналады. Бұл дегеніміз, бір өңірде қоғамға қажетті мамандықпен ешкім айналыспаса, бәрі күнәға батады деген сөз. 

Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин! 

 

0 пікір