Сопылықтың адасқан тармақтары
Сопылықтың адасқан тармақтары
10 ай бұрын 3695
Имам Бәздәуи (1030-1100 ж.)

Ханафи-Мәтуриди мәзхабының белді өкілдерінің бірі Имам Бәздәуи (Алла рахымына бөлесін) өзінің «Усулуддин» атты ақида кітабында сопылық жолының кейбір адасқан тармақтарымен таныстырып өткен. Ғалымның кітабынан ықшамдап аударып отырмыз.


(Әуелі айтарым) Сопылық жолындағыларды мінеуді және оларға тіл тигізуді қою керек, өйткені, олардың арасында үмбеттің ішіндегі ең қайырлы жандар бар. Ал адасқандарын тілге алуымның себебі, кейбір адасқан сопылық тармақтардың біздің елде бой көрсете бастауы, әсіресе Ферғана өңірінде көп. 

Сопылардың көбі «Әһлу сунна уәл жамағат» жолындағы "суннит" болып есептеледі. Олардың арасында керемет көрсете алатындары да бар. Бірақ сопылық жолындағылардың ішінде дінімізге қайшы келер адасқан ағымдары пайда болған, ол тармақтардың көпшілігі - адасқан, бидғат иелері. Атап айтсақ: 

1. «әл-Хуббия» тармағы. Бұлардың айтысына қарағанда: Алла Тағала қай пендесін жақсы көрсе, соны міндеттемелерінен босатып, оған бүкіл нығметтерді халал қылады. Ондай адамға құлшылық жасаудың және тыйымдардан тыйылудың қажеті жоқ. Бұл тармақтағылардың сенімінше Алланың сүйіспеншілігіне бөленгеннен кейін намаз оқымай және ораза ұстамай жүре берсе болады. Бұл тармақтағылар ғаурат жерлерін жаппайды, зина істеуден тартынбайды, арақ-шарап іше береді, тіпті, лутыйялық іске де оларға тыйым жоқ.

2. «әл-Әулияия» тармағы. Бұл тармақтың иелерінің сенімі бойынша: Әулие кісі - адамнан шыққан нәбилер мен пайғамбарлардан және періштелердің ішіндегі елші періштелерден артық жан. Расулдер - жіберілген пендеден төмен деп сенеді. Және де бұл тармақтағылардың айтыстарына қарағанда: адам баласы құлшылық жасаудың шарықтау шегіне жеткен болса және әулиеліктің ең биік деңгейіне жетсе, ол шариғи міндеттемелер мен тыйымдардан босатылады екен. Сосын оған барлық нәрсе адал болады-мыс.

3. «әл-Ибахия» тармағы. Сопылықтың бұл тармағындағылар бүкіл мал-дүниенің бәрін «мубах» (яғни, адал) деп санайды. Сондай-ақ, әйелдердің әуреті де олар үшін адал. Иелеріне тән етілгені болмаса, адамдардың барлық мал-дүниелері мен әйелдері олар үшін адал деп сенеді.

4. «әл-Хулулия» тармағы. Бұл тармақтағылар биді, өлеңді адал санайды, сұлу көсе жас жігіттерге қарауды (майысқақ қызтеке жігіттерді айтып тұрса керек-ауд.) халал санайды. Онысын олар «ондай жігіттерде Алланың сипаты көрініс тапқан, біз сол себепті оларды жақсы көреміз, сондықтан құшақтаймыз" деп сендіргісі келеді (яғни, гомосексуалдыққа жақын адасқан тармақ, өздерінің нәпсаниятын сопылықпен жасырғысы келеді-ауд.).

5. «әл-Хурия» тармағы. Бұл қауым өлең айтып, би билейді және би билеуде шектен шығатыны соншалықты, ақырында талығып жерге құлайды. Кейін біраз сәттен соң естерін жиіп, ғұсылданып шомылып келеді де: «бізге (талып жатқан) сәтте хор қыздары келді, біз олармен жыныстық қатынасқа түстік» де айтады. Әсілінде, оларға келіп қатынасқа түсетін - хор қыздары емес, ібіліс шайтан. Жаман істері үшін (шайтан оларға үйір).

6. «әл-Уәқифия» тармағы. Бұл тармақтағылардың айтысы бойынша, Алла тағаланы тану мүмкін емес, сол себепті, Алла Тағаланы тану ісінде тұрақтауымыз (немесе кідіруіміз) керек екен. Алланы танудағы шарасыздықтың өзі - тану дейді олар. (Сол себепті де оларға Уәқифия, яғни, тұрақтаушылар деген ат берілген). 

7. «Әл-Мүтәжәһилә» тармағы. Бұлар сырнай тартып, шарап ішіп, бірқатар азғындық істерді істейді. Пасық адамдарды киімін киеді. Айтатындары: «Біздің мақсат - риякерлікті жою» дейді.

8. «Әл-Мүтәкәсилә» тармағы (жалқаулар). Бұл тармақтағылар халал, харамын айырмай, тапқанын жей береді. Шарапханаларды паналайды. Жұмыс істемейді. Көп уақыттарын ұйқымен өткізеді. Намазды тиіп-қашып кейде оқиды, кейде оқымайды. (Қайыр тілеп) тамақ тапса, көп жейді. Әнші кездестірсе билейді. Жалқаулықты әдеттенген. Ешнәрсе үйренгісі келмейді. Үйленбейді. Бірақ, ешқандай мәзхабпен істері жоқ, ешкіммен таласпайды. Ешкімге зияны жоқ.

9. «Әл-Илһәмия» тармағы. Бұлар илһәм (шабыт) келетінін көлденең тартады. «Жүрегім Құдай жайында маған аян білдірді» деп, Қарамита ағымының айтқандарын қайталайды. Кейбір бұзылған ишараларды көрсетіп, көп сөздерімен көпшілікті алдайды. Мұны өздеріне кәсіп қылып алған. Және де бұлар шариғат үкімдерін жоққа шығарады. (Яғни, бұлар Құран оқып үйренуді, шариғи ілімдерді оқуды қаламайды, оның орнына шайырлардың өлеңдері мен кейбір хәкімдердің айтқан сөздерін оқығанды артық көреді).

10. Алайда сопылардың арасында салиқалы, керемет иесі ұлы тұлғалар да бар. Олар үнемі дәретпен жүреді және ас ішкенде де, киім киюде де, сөз сөйлегенде де, ұйықтағанда, құлшылықта да Пайғамбарымыздың сүннеттерін басшылыққа алады. Бірақ олар дінді жаю ісіндегі Пайғамбардың сүннетін орындамайды. Ол міндетті олар дін ғалымдарына қалдырады.

Және де айтарым, сопылық жолындаға кісілерді мінеуді және оларға тіл ұзатуды қою керек. Олардың ішінде де үмбеттің ең қайырлылары бар. Менің жоғарыда адасқан сопылар жайында айтуымның себебі, олар біздің аймақта бой көрсете бастады, әсіресе Ферғана өңірінде көп. Жұрт біліп жүрсін деген ниетпен жазып отырмын. 


 «Усулуддин» (дін негіздері), Имам Бәздәуи р.а. .

Қазақшалаған: А. Қасым

 

0 пікір