ТАЯММУМНЫҢ НИЕТІ ЖАЙЫНДА
ТАЯММУМНЫҢ НИЕТІ ЖАЙЫНДА
13 күн бұрын 1646

Таяммумның негізгі шарттарының бірі – ниет. Өйткені топырақ әсілінде тазалаушы емес, бірақ ниет ету арқылы дәретсіздіктен немесе ғұсылсыздықтан тазалаушы үкімін алып, судың орнын басады.

Ниет дегеніміз – әлдебір істі істеуге жүрекпен (көңілмен) діттеу деген сөз.

Ниеттің уақыты – жер жынысына қолды соғар сәт немесе ең кеш қол соғылғаннан кейін ағзаны сипау барысында ниет етіледі.

Ниеттің дұрыс болу шарттары

Ниеттің дұрыс болу шарттары – үшеу, олар:

  • мұсылман болу,
  • ең аз тәмииз жасында болу (тәмииз - есі кірген жас, 7-8 жас)
  • және не нәрсеге ниет ететінін білу.

Таяммумның ниетінің намаз үшін дұрыс болу шарттары 

Алынған таяммум намаз оқуға жарамды болу үшін таяммумның ниеті мына үш нәрсенің бірін орындау мақсатында жасалған болуы керек:

  1.  Таһарат ниетімен таяммум соғу. Ғұсылсыздықтан арылу немесе дәретсіздіктен арылу ниетімен таяммум соғылса, ол таяммум намаз оқуға да жарамды.
  2.  Намаз оқу ниетімен таяммум соғу.
  3. Таһаратсыз орындалмайтын және өз алдына бөлек құлшылық түрі саналатын ғибадатты орындау ниетімен таяммум соғу. Мысалы: «Намаз оқу үшін таяммум соғуға ниет еттім» дегені сияқты, немесе «жаназа намаз оқу үшін таяммум соғуға ниет етім», «тиләуәт сәждесін жасау үшін таяммум соғуға ниет еттім» дегені сияқты. Яғни, жаназа намазы үшін немесе тиләуәт сәждесі үшін яки жүніп күйінде Құран оқу үшін алынған таяммумдар – намаз оқу үшін де жарамды. Ал, ғұсылы бар, бірақ дәретсіз күйде Құран оқу үшін алынған таяммум – намаз оқуға жарамсыз. Өйткені дәретсіз Құран оқуға болады, ол «таһаратсыз орындалмайтын құлшылыққа жатпайды», бірақ Құран оқу мақсатында жүніп күйінде алынған таяммум басқа.

Мына мақсатта алынған таяммумдар намаз оқу үшін жарамайды

  1.  Тек таяммум үшін ниет етсе. Намаз үшін, ғұсылсыздықтан арылу үшін емес, жай таяммум алу үшін ниет етсе, намазға жарамайды.
  2.  Дәретсіздік жағдайда Құран оқу үшін таяммум соғуға ниет етсе. Ал, ғұсылсыздық күйде Құран оқу үшін таяммум соғуға ниет етсе, ол таяммум намазға жарайды, жоғарыда айтылды.
  3.  Ғұсылсыздық күйде болсын, дәретсіздік күйде болсын, Құранды ұстау мақсатында немесе мешітке кіру мақсатында, қабірге кіру мақсатында, ілім алу мақсатында, біреуге сабақ беру мақсатында, азан шақыру, қамат түсіру мақсатында, зікір-тәспихат айту мақсатында соғылған таяммум намаз оқуға жарамайды[1]. 

islam.kz


[1] Имам Шүрунбүләли: «Нуруль Идах. Бәбут таяммум.

0 пікір