Мұғжизалы Миғраж
Мұғжизалы Миғраж
9 жыл бұрын 39619
Төлебай Мәлік, дінтанушы

Аса қамқор, ерекше мейірімді, қияметтің патшасы Ұлы Алланың атымен бастаймын!

Он сегіз мың ғаламның жаратушысы Алла Тағала ардақты да сүйікті құлы, екі әлем сардары пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға (саллаллаһу алейһи уәссәлләм) пайғамбарлықты жүктегеннен кейін ислам дінінің нұры адамзат баласына қарай жол тартты. Осы сәттен бастап Пайғамбарымызға (саллаллаһу алейһи уәссәлләм) пайғамбарлықтың дәлелі ретінде Алла тарапынан түрлі мұғжизалар беріліп отырды. Сол мұғжизалардың бірі – ұлы Миғраж оқиғасы. Мұғжизалы Миғраж оқиғасының құрметіне қасиетті Құран кәрімнің он жетінші сүресі – «Исра сүресі» деп аталған.[1]

Имам Ибн Касир (раһимаһуллаһ) өзінің тәпсір кітабында жоғарыда аталған Миғраж оқиғасына байланысты хадис имамдарының риуаят еткен хадистерді келтіреді. Төменде сол хадистерде айтылған Миғраж кешінде болған оқиға барысына қысқаша тоқтала кетсек:    

- Жәбірейіл (алейһссәләм) бурақ (пырақ) деген жануарды жәннаттан алып Пайғамбарымызға (саллаллаһу алейһи уәссәлләм) келді. Пырақ – есектен биік, қашырдан аласа, қадамын көз ұшы жететін жерге тастайтын жүйрік жануар. Оған мініп, Жәбірейілмен (алейһссәләм) Бәйтуль-Харамнан (Қағба) Бәйтуль-Мақдиске (Аль-Ақса) барады;

- Аль-Ақсаға жеткенде Расулулла (саллаллаһу алейһи уәссәлләм) пырақты мешіт есігіне байлап, жиналған пайғамбарларға имам болып, намаз оқиды;

- Намаздан кейін Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәссәлләм) бен Жәбірейіл (алейһссәләм)  дүние аспанына көтеріледі. Олар бірінші дүние аспанында Хазіреті Адаммен (алейһссәләм) кездесті. Осы жерде Алла Тағала Пайғамбарымызға (саллаллаһу алейһи уәссәлләм) оң жағынан бақыттылар, сол жағынан бақытсыздардың рухтарын көрсетті;

- Екінші аспан әлемінде Хазіреті Закария ұлы Яхия (алейһссәләм) және Марьямұлы Исамен (алейһссәләм) ;

- Үшінші аспан әлемінде Хазіреті Юсуфпен (алейһссәләм);

- Төртінші аспан әлемінде Хазіреті Идриспен (алейһссәләм);

- Бесінші аспан әлемінде Хазіреті Имранұлы Харунмен (алейһссәләм);

- Алтыншы аспан әлемінде Хазіреті Мұсамен (алейһссәләм);

- Жетінші аспан әлемінде Хазіреті Ибраһиммен (алейһссәләм) кездеседі.  Жеті аспан әлеміндегі пайғамбарлардың барлығы кездесу барысында Пайғамбарымызға (саллаллаһу алейһи уәссәлләм) сәлем беріп, оның пайғамбарлығын мойындап, растады;

- Осыдан кейін Алла Тағала Пайғамбарымызды (саллаллаһу алейһи уәссәлләм) Сидратуль-Мунтаһа (соңғы бекет) әлеміне көтерді. Жәбірейіл (алейһссәләм) періштенің мақамы да осында екен. Осы күнге дейін бұл жерден ары қарай пайғамбарлар және періштелерден ешкім өтпеген.

Осы Ұлы сапар барысында Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәссәлләм) көптеген жағдайларға кезікті. Солардан:

  • Аспан әлемінде Пайғамбарымызға (саллаллаһу алейһи уәссәлләм) сарайлары алтынмен апталған, күміспен қапталған, топырағы мисктен жасалған, ішкендерге ләззәт беретін, құрамы ашымайтын сүттен және балдан болған, мас қылмайтын шарап өзендері бар Жәннәт көрсетілді;
  • Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәссәлләм) бұл жерде Байтуль-Маъмурды (періштелер Қағбасы) көрді. Күнде бұл үйді жетпіс мың періште тәуап етеді, бір рет тәуап еткен періштенің қиямет күніне дейін екінші тәуапқа кезегі жетпейді екен;
  • Аспан әлемінде Пайғамбарымызға (саллаллаһу алейһи уәссәлләм) елу уақыт намаз парыз етілді. Кейіннен Алланың шексіз рахметімен елу уақыт намаз бес уақытқа дейін қысқартылды. Намаз уақыты қысқарғанымен, сауаптары сол күйі сақталды, яғни бес уақыт намаз сауабы елу уақыт намаз сауабына тең;
  • Оған (саллаллаһу алейһи уәссәлләм) сүт пен шарап ұсынылды. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәссәлләм) сүтті таңдағанда: «Жаратылыс табиғатына сай таңдау жасадың», - деп мақтау айтылды;
  • Пайғамбарымызға (саллаллаһу алейһи уәссәлләм) Сидратуль-Мунтаһа түбінен шығатын төрт өзен көрсетілді: екеуі батыни (ішкі) өзен, қалған екеуі заһири (сыртқы) өзен. Екі өзен – жәннаттың екі өзені. Қалған екеуі Сидратуль-Мунтаһадан бастау алатын Ніл және Евфрат өзендері. Кейбір ғалымдардың алға тартқан пікірлеріне қарағанда, Ніл мен Евфрат өзендерінің Расулуллаға (саллаллаһу алейһи уәссәлләм) көрсетілуінің сыры мынада: Исламның нұры жер жүзіне жайылады. Ислам Ніл мен Ефрат өзендерінің айналасындағы берекелі топыраққа (жерге) ие болады. Сол өлкелердің халқы ирандықтардың отқа құлдығынан әрі Византияның үштік сенімінен арылады. Бұл өлкелердің халқы ұрпақтан-ұрпаққа таухидтің туын көтеріп, Исламға қызмет етеді;
  • Осыдан кейін Нәби (саллаллаһу алейһи уәссәлләм) Тозақтың жауаптысы Мәлік атты періштені көреді. Ол періште тозақ жаратылғаннан бері күлген емес. Сол сияқты Пайғамбарымызға (саллаллаһу алейһи уәссәлләм) тозақ көрсетіледі. Тозақта:

- Арқаларында түйенікіне ұқсас өркештері бар, зұлымдықпен жетімдердің малын жегендерді көрді. Олардың ауыздарына от паршалары тасталынған сәтте әлгі тастар іштерін күйдіріп сыртқа шығады;

- Пара алушыларды көрді. Олардың қарындары үлкен болғаны сонша, олар оны қозғалта алмайды және олар қиналып, бар дауыстарымен Алладан қияметтің басталмауын сұрайды;

- Зинақорларды көреді. Олардың қолдарында таза семіз ет пен шіріген ет болады. Бірақ олар шіріген етпен қоректенеді;

- Балаларын өзге еркектерден тапқан зинақор әйелдерді көреді. Олар темір ілгішпен омырауларынан ілініп тұрды.[2]

Миғраж сапарында қысқаша осындай оқиғалар орын алды. 

Миғраж түні

Миғраж түнінің уақыты жайында ғалымдар арасында түрлі көзқарастар бар.

Абдуррахман ибн Мухаммад ибн Абдуррахман әл-Әлиvи әл-Ханбали (раһимаһуллаһ) өзінің «әл-Унус әл-Жәлил би тарихил қудс уа ал-Халил» атты еңбегінде: «Миғраж түні Хижреттен бір жыл бұрын, Рабиул-аууал айының он жетісі болды. Ал имам Ибн Жаузидің пікірі бойынша Миғраж түні Рәжәб айының жиырма жетісіне сәйкес келеді»,- деп айтты.[3]

Имам Ибн Хажар әль-Асқалани (раһимаһуллаһ) өзінің «Фатхуль-Бари» еңбегінде ғалымдар көзқарастарын келтірген: «Миғраж уақыты жайында ғалымдар арасында түрлі пікірлер бар:

  1. Хижреттен бір жыл бұрын. Бұл пікірді Ибн Саъд және Ибн Хазм ұстанған;
  2. Абу Рабиъ ибн Сәлим пікірінше Миғраж оқиғасы Хижреттен алты ай бұрын орын алған;
  3. Хижреттен бір жарым жыл бұрын Рамазан айының он жетісі болды деген көзқарасты Ас-Суди жеткізген. Осы пікірді имам Табари мен имам Әль-Байхақи ұстанған;
  4. Кештің Рәжәб айында болғаны турасында имам Ибн Абдуль Биррдің айтқаны бар. Бұл пікірді имам Науауи өзінің «Рауд ат-Талибин» еңбегінде зікір еткен;
  5. Хижреттен он сегіз ай бұрын Рәжәб айының жиырма жетісі. Бұл пікірді имам Ибн Жаузи ұстанған және қазіргі таңда көптеген мұсылмандар арасында осы күн Миғраж кеші деп қалыптасқан»[4]

Жоғарыда келтірген пікірлердің ішінде көпшілік мұсылман қауымы имам Ибн Жаузи (раһимаһуллаһ) алға тартқан пікірді ұстанып (яғни, Рәжәб айының жиырма жетісі), сол түні бұл Мұғжизалы оқиғаны еске алады.

Осы оқиға барысында Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәссәлләм) періштелер аяқ баса алмайтын жерге дейін көтеріліп, жер бетіне Алланың берген сыйымен қайтты. Ол сый – бес уақыт парыз намаз. Мұсылмандар үшін әр бір парыз жер бетінде бекітілді. Тек намаз ғана Сидратуль-Мунтаһа әлемінде парыз етілді.

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәссәлләм) айтқандай: «Намаз – мұсылманның миғражы». Адам баласы әр намазды Алланы көріп тұрғандай оқуына мүмкіндігі бар. Шынында, әр бір дұрыс орындалған намаз ұлы Миғраж Мұғжизасын сездіріп, еске салады.

1) Құран Кәрім, Исра сүресі;
2) Имам ибн Кәсир, 3-том, Исра сүресінің тәпсірі;
3) Абдуррахман ибн Мухаммад ибн Абдуррахман әл-Әлими әл-Ханбали,  «әл-Унус әл-Жәлил би тарихил қудс уа ал-Халил»;
4) Ибн Хажар әль-Асқалани, «Фатхуль-Бари» 7-том, 203-бет.

6 пікір