Кезінде Ресей үшін қазақтың Исламға берік болуы өте қауіпті болған. Мұны Шоқан да ашық айтып кеткен..."
Кезінде Ресей үшін қазақтың Исламға берік болуы өте қауіпті болған. Мұны Шоқан да ашық айтып кеткен..."
1 жыл бұрын 6468
Дайындаған Салтан САЙРАНҰЛЫ

Өздерін «тәңіршіл» санап, «тәңіршілдікті» насихаттап жүргендердің бәрі Шоқан Уәлихановтың дін туралы жазбаларын алға тартады. Әуелі мынаны білмек керек: Шоқан Уәлиханов Ресей үкіметіне жұмыс істеген жан. Ал Ресей үшін қоластындағы халықтың мұсылманшылыққа жаппай өтіп, Исламға берік болуы – өте қауіпті болды. Себебі, халық мұсылманшылыққа берік болса, Ресейге бағынбай, тәуелсіздікке ұмтылатын болады. Ресей үшін қоластындағы түрік халықтарының ескі «тәңіршілдікте» қала бергені тиімді болды Себебі, тәңіршілдіктің белгілі бір наным-сенімдік принциптері жоқ болғандықтан, оларды христиандыққа шоқындыру да оңайға соғады. Бұған Ресейлік миссионер Николай Ильминскийдің 1860 жылы патша үкіметіне жазған құпия хатындағы:

«Қазақтарға «сендер мұсылман емессіңдер, сендердің діндерің басқа. Ата-бабаларың тәңір дінін (тәңіршілдікті) ұстанған» деп түсіндіру қажет, бұл ұғым толық орныққан жағдайда оларды христиан дініне кіргізу оңай болады»,  

– деген сөзі де дәлел.

Міне, сондықтан да Шоқан Уәлиханов халықты ескі тәңіршілдік сенімде қалуына, мұсылманшылықтан аластатуға еңбектенген. Оны өзінің «Сахарадағы мұсылмандық туралы» мақаласында айқын көруге болады.

Шоқан мақаласында:

«Ислам орыс және қандай да болсын басқа бір христиан үкіметіне көмектесе алмайды, татардың сатқын дінбасыларының адалдығына үміт артуға болмайды»,

*(Дәйексөздің орысша нұсқасы: "Ислам не может помогать русскому и всякому другому христианскому правительству, на преданность татарского продажного духовенства рассчитывать нельзя. Факт этот становится соблазнительно ясным, если принять во внимание отложение крымских татар во время кампании 1854 года [Речь идет о попытке верхушки крымско-татарской знати восстановить Крымское ханство под эгидой Османской империи во время русско-турецкой войны 1853—1856 гг.]" (О мусульманстве в Степи // Валиханов Ч. Ч. Собрание сочинений в пяти томах. Том 4. — Алма-Ата, 1985).). 

– деп Ислам дінінің орыс пен христиандыққа жау екендігін ескертіп, халықты бұл діннен аластату керектігін жазады.

Шоқан Исламның күшеюі Ресей үкіметіне тиімсіз екенін де ескертіп былай дейді:

«Татарлар бұрынғы ескі уақытта, Ислам Еділ жағаларында қазіргідей күшті емес кезінде, Россияға ұрыс даласында да және земство жұмысында да қызмет етті. ...Әсіресе мұсылмандық бағыттың таралуына қарай татарлардың орыс патшалығының мемлекеттік ісіне қатынасуы көрінеу бәсеңси бастайды».

*(Орысша нұсқасы: "Татары в старое время, когда ислам на берегах Волги не был в такой силе, как теперь, служили России и на ратном поле, и в земском деле... (О мусульманстве в Степи // Валиханов Ч. Ч. Собрание сочинений в пяти томах. Том 4. — Алма-Ата, 1985).). 

Осылайша Шоқан орыс үкіметі мен түрік халықтарының арасындағы байланыстың ажырауына себеп – Ислам діні екенін түрлі фактілермен дәлелдей келе:

«Татарлардың орыстардан шеттеу себебі және барлық қынжыларлық оқиғалардың салдарына мұсылмандық пуританизм екенінде күмән жоқ, басқадай себептің болуы мүмкін емес»,

*(Нет никакого сомнения, что причиною отчуждения татар от русских и причиною всех плачевных явлений был магометанский пуританизм, другой причины не могло быть. (О мусульманстве в Степи // Валиханов Ч. Ч. Собрание сочинений в пяти томах. Том 4. — Алма-Ата, 1985).).

– деп нүктесін қояды.

Сондықтан да, Шоқан Уәлиханов қазақ даласында Ресейдің отаршылдық саясатының жеміс беруі үшін Ислам дінінің жайылуына қарсы болды. Сол үшін де қазақ даласындағы татар молдалары мен Орта Азия ишандарының ықпалын азайту керектігін алға тартып:

«Татар молдаларының, Орта Азиялық ишандар мен өздерінің жаңа діни ілімін уағыздаушылардың ықпалымен біздің халық барған сайын жалпы мұсылмандық кейпіне түсіп келеді», – дейді де: «Біз қайткен күнде де татар дәуірін айналып өтуіміз керек, ал үкімет бұл жағынан бізге көмектесуі қажет»,-  

*(Орысша нұсқасы: "Как ни гадка византийщина, но она все-таки ввела христианство, элемент бесспорно просветительный. Что же может ожидать свежая и восприимчивая киргизская народность от татарского просвещения, кроме мертвой схоластики, способной только тормозить развитие мысли и чувств. Мы должны во что бы то ни стало обойти татарский период, и правительство должно нам в этом помочь. (О мусульманстве в Степи // Валиханов Ч. Ч. Собрание сочинений в пяти томах. Том 4. — Алма-Ата, 1985).).

– деп Ресей үкіметіне Ислам идеясы мен молдаларына деген қамқорлықты тоқтатып, татар мектептерінің орнына орыс мектептерін ашу керектігін ұсынады.

Сондай-ақ ол Ресей үкіметінің мүддесі үшін:

«...Қазақ халқының пайдасы мен үкіметтің өз мүддесі хақында, біздің ойымызша, Исламның өз облысымыздың қазақтары арасында әрі қарай дамуын тежеу үшін және татар молдалары мен Орта Азиялық сопылардың ықпалын әлсірету, ал егер мүмкіндік болса мүлдем аластату үшін қазірдің өзінде Орынбор басшыларының үлгісімен жүйелі шаралар қабылдау керек, оның үстіне, қазақ халқының өз қалауына сәйкес, біздің облысымызда мұсылман заңдарының әрекетін жою үшін үкіметке осы жолда маңызды қадам жасаудың тамаша мүмкіндігі беріліп отыр», – дейді.

Себебі, қазақтардың мұсылманшылыққа жақындасуы орыспен бауырласуына кедергі болады. Оны да Шоқан Уәлиханов жақсы біліп:

«Біздің сахарада да үкіметтің (Ресей) барлық игілікті шаралары, жаңа іс-әрекеттің бар пайдасы тап осы ұлғайып келе жатқан діни жауыздықтың белең алуы салдарынан күткен нәтиже бермей отыр. Енді біздің қазақтар бұрынғыға қарағанда орыс ағартушылары мен орыс бауырластығын көбірек тосырқайтын болды», – дейді.

(Орысшасы: "И у нас в Степи все благодетельные меры правительства, все выгоды новых учреждений не приносят ожидаемых результатов именно вследствие того, что они парализуются возрастающим религиозным изуверством. Киргизы наши теперь более чуждаются русского просвещения и русского братства, чем прежде". (О мусульманстве в Степи // Валиханов Ч. Ч. Собрание сочинений в пяти томах. Том 4. — Алма-Ата, 1985).).

Қазақтардың мұсылманшылыққа өтпей, ескі тәңіршілдікте, бақсылықта, шамандықта қалуы не үшін тиімді екені түсінікті болған шығар. Халық тәңіршілдікте қалатын болса, оларды шоқындырып, христиандыққа өткізу оңай болады. Ал христиан болған соң, ол Ресейдің бодандығынан шыға алмайтын болады. Бүгінгі Буриятия, Якутия, Хакасия және Сібірдегі түрік халықтары бұған айқын мысал.

Мұны Шоқан да айқын білген. Ол былай дейді:

«Кейбір қазақ-орыс станцияларындағы халықтың жартысына жуығы шоқынған қазақтардан тұрады, мысалы: Ямышевская, Чистая және тағы басқа кейбіреулерінде, 1861 жылы ма, әлде 62 жылы ма, оншама есімде жоқ, облыстың басшылары бірінші рет шоқынған қазақтардың кейбіріне қырда өзінің бұрынғы бұратана еркінде қала беруіне рұқсат берді. Бұл шара, біздің ойымызша, келешекте қазақ халқына маңызды пайда келтіруге тиіс. Қазақтар осы уақытқа дейін христиан дініне өту – казак-орыс немесе мещан болумен бірдей деп ойлап келді. Өмір сүру мен аралас некелердің нәтижесінде діни алауыздық бәсеңси беру керек және шоқындыру бұрынғыдай туысқандық байланысты үзбейтін болады. Христиандық мүддесі үшін мұндай маңызды шараны қабылдай отырып, облыстық басқарма сонымен бірге Ислам жөніндегі жазалау шараларын да қабылдауы керек еді, өйткені мұнсыз христиандықтың табысты болуы мүмкін емес».

*(Орысша нұсқасы: «В некоторых казачьих станицах почти половина населения состоит из крещеных киргиз, например, в Ямышевской, Чистой и в некоторых других. В 1861 году или в 62 году, хорошо не помним, областное начальство в первый раз дозволило некоторым крещеным киргизам оставаться в Степи на прежних инородческих правах. Мера эта, по нашему мнению, должна в будущем принести немаловажную пользу киргизскому народу. Киргизы до сих пор думали, что сделаться христианином — значит сделаться казаком или мещанином. Теперь же вследствие совместного житья и смешанных браков религиозная вражда будет смягчаться и крещение не будет, как прежде, разрывать родственных связей. Приняв такую важную меру в интересах христианства, областное правление должно было принять вместе с тем и репрессивные меры в отношении ислама, ибо без этого невозможен успех христианства.(О мусульманстве в Степи // Валиханов Ч. Ч. Собрание сочинений в пяти томах. Том 4. — Алма-Ата, 1985).).».

Міне, бүгінгі біздегі «тәңіршілдік жобасының» желі қайдан және не үшін есіп тұрғаны енді түсінікті болған шығар. Бұл жобаның қарқынды түрде жүріп, әлеуметтік желілерде тым белсенді боп бара жатқандарының себебі де соқырға таяқ ұстатқандай айқын.

Сондықтан да, мен «тәңіршілдік жобасының» жалауын көтеріп жүргендерді ұлттық қауіпсіздігіміз бен тәуелсіздігімізге қауіпті дер едім. Отанымызға опасыздық қылып жүргендерін өздері сезе ме екен? Әлде олар біздің қайтадан отар ел болуымызды көксеп жүр ме? 

(Мақаланы дәйексөздердің орысша нұсқасымен толықтырған islam.kz)

0 пікір