Боқ мүңкіген шыбын емес, гүл аңқыған ара болғым келеді...
Боқ мүңкіген шыбын емес, гүл аңқыған ара болғым келеді...
9 жыл бұрын 8245
Салтан САЙРАНҰЛЫ
"Раббың, араға: "Таулардан, ағаштардан және лапастардан ұялар жасап ал!", - деп нұсқады. (69) "Сонсоң әр түрлі өсімдіктен же де Раббыңның қолайластырған жолына түс!". Араның қарындарынан түрлі-түсте бал шығады. Онда адам баласы үшін шипа бар. Шынында мұнда да ойлайтын қаумы үшін ғибрат бар". Нахл сүресі, 69,70 -аяттар.

Бал арасы... Таңнан кешке дейін бір тынығуды білмейтін, еш дамыл таппайтын еңбекқор бір мақұлық. Балынан уына дейін пайдалы бұл жәндіктен Алланың талай хикметі мен насихатын көре аласың. Адамзат үшін жаратылып, адамзаттың игілігі үшін өмірін сарп еткен осынау бір тіршілік иесі ұққан жанға үлгі боларлықтай-ақ. Тырнақтай ғана жаратылыстың игілігін айтып тауыса алмассың. Десек те, тізбектеп көрейікші... Мәселен:

Ара балы. Ара дегенде кез-келген адамның ойына әуелі балы келеді. Ең басты өнімі де дәмі тіл үйіретін, денсаулыққа пайдасы артып жығылатын балы. Емдік қасиетке бай балдың құрамынан адамзат ағзасына пайдасы мол көптеген дәрумендер бар. Сондай-ақ, бал адамзатқа қажетті химиялық элементтерге бай. Жоғары калориялық диеталық тағам. Антибактериялық, бактерицидтік, қабынуға, аллергияға қарсы заттарды қамтыған бал көптеген ауруға дауа. Бойындағы минералды заттар, микроэлементтер, дәрумендер, ферменттер, биологиялық белсенді заттар т.б. балдың денсаулыққа пайдасының шаш етектен екенін көрсетеді. Оның бәрін тізіп, санап жеткізе алмаймыз. Мүмкін де емес. Себебі, жаратылғанның сыры тек Жаратушысына ғана мәлім. Сондықтан да, Жаратушысының сөзімен ғана шектелгеніміз жөн болар. Жаратушымыз Алла Тағала Қасиетті Құранда: «Оның қарынынан адамдарға шипа болатын түрлі-түсті қоректік бал шығады», – дейді. Пайғамбарымыз да: «Мына екі шипалы дүниеден қол үзбеңіздер: бал мен Құраннан», – дейді.

Балауыз – араның балауыз безінен бөлінетін зат. Бұл балауыздан ара ұяларын (кәрез) салады. Ал адамзат балауызды көбіне шам жасау үшін пайдаланады. Ал шамның пайдасын әркім біледі. Электр жарығы болмай тұрған заманда талай еңбектің, талай шығарманың, талай ғылымның тууына «үлес қосқан» осы балауыз шамы болатын. Өз табанына жарығын түсірмесе де, өзгеге жарық түсіріп, өзгенің пайдасы үшін таусылған бұл шамға әлі де ықтияжымыз бар.

Прополис (Ара желімі) – бал арасы ағзасында түзілетін жабысқақ шайырлы зат. Прополисте адамзатқа қажетті барлық микроэлемент бар десек те болады. Магний, калий, натрий, темір, мырыш, марганец, мыс, кобальт, фосфор, күкірт, сүрме, алюминий, хром, селен, кремний, стронций, титан, ванадий, қалайы және фтор. Бұған қоса В тобындағы барлық дәрумендер мен А, С, Е, Н, Р дәрумендері бар. Амин және майлы қышқылдарға да бай. Сондықтан да, медициналық мақсатта прополисті кең ауқымда қолданады.

Ара сүті ­­­– жұмысшы бал арасының безінен шығатын биогендік қасиеті бар зат. Ара сүті жұмысшы ара болатын балаңқұрттар мен аналық араны ғана қоректендіріп қоймай, адамзат үшін де пайдасы шашетектен. Фармацевтика саласында ара сүті кеңінен қолданылады. Небір ауруға шипа болатын дәрі-дәрмектер жасалады. Косметологтар да пайдасын көруде. Мәселен, ара сүті адам денесіне түскен микробтардың одан әрі өрбімеуіне, қанға түсіп таралып кетпеуіне сеп болады. Себебі, құрамында гермицидин бар. Сондай-ақ, қан қысымы үнемі жоғары болатындарға таптырмайтын ем. Қандағы холестеринді азайтады. Демікпе дертінен жапа шегетіндерге, кейбір тері ауруларына, қан азайғанда, буындағы ревматизм ауруларына да шипалы.

Ара уы. Жұмысшы аралардың инесі арқылы улы бездерінен шығады. Медицинада араның уымен емдеуді «апитерапия» деп атайды. Көптеген елдерде араның уымен емдейтін емханалар мен арнайы орталықтары бар. Соңғы жылдары апитерапия елімізге де келіп жатыр. Елімізде апитерапия маманы ретінде танылып жүрген Айсұлтан Құрманбаев былай дейді: «Адам ағзасында кездеспейтін кейбір  бейорганикалық қышқылдарды ара уынан алуға болады. У ағзаның ауруға қарсы иммунитетін күшейтеді. Жалпы, ара уы көптеген ауруға, оның ішінде ревматикалық полиартрит, артрит, ревматизм, жүйке аурулары, остеохондроз, остеопороз, псориаз, ішкі құрылыс, буын аурулары, колит, асқазан жарасы, холецистит секілді ауруларға бірден бір ем. Бұдан өзге гинекологиялық, тыныс жолдары және осы секілді өзге де  сырқат түрлерін емдеуге болады». 

Міне, араның біз білетін пайдалары осыншама, ал білмейтініміз Аллаға мәлім. Араның осыншама пайдалы, осыншама мүбәрәк болуы да Алланың әміріне бойұсынғандықтан. Арада Алланың жүктеген әмірі бар. Алла Тағала бал арасына: «Тауларға, ағаштарға және адамдар жасаған омарталарға ұяла, мекен ет. Онан соң әртүрлі өсімдік жемістерін тартып, бағыныштылықпен Раббыңның жолына түс», – деп уахи етті. Оның қарынынан адамдарға шипа болатын түрлі-түсті қоректік бал шығады. Шынында ой жүгірте білетін қауым үшін мұнда да дәлелдер бар» (Нахл сүресі, 68-69-аяттар). Міне, Алла Тағаланың араға жүктеген жауапкершілігі, әмірі осындай. Ара да бұл әмірге бас иді, Алла белгілеп берген жолмен жүрді, әлі де жүріп келеді, жолынан жаңылыспады. Сондықтан да оның ісі – тек игілік.

Ал енді шыбынды мысалға алайықшы. Шыбын мен араның арасы жер мен көктей. Шыбында мұндай әмір жоқ, демек белгіленген бір жол жоқ. Сондықтан да, оның жолы араның жолынан алыс. Араның жүретін жері гүл болса, шыбын күл-қоқысты, нәжіс-боқты жағалайды. Араның тасығаны дауа болса, шыбынның тасығаны – дерт. Ара тазалықты сүйсе, шыбын керісінше. Ара бал өндірсе, шыбын құрт өрбітеді. Араның шаққаны ем болса, шыбынның шаққаны зәр. Шыбын микробты жаюшы, ал ара – тыюшы. Шыбынның соқтықпайтын дүниесі, кірмейтін жері жоқ, ал арада өзі соқтыққанға қарсы тұратын намыс бар, басқасымен шаруасы жоқ. Қысқасы, адамзатқа арадан пайда келсе, шыбыннан зиян келеді. Екі түрлі жол, екі түрлі тағдыр. «Шынында ой жүгірте білетін қауым үшін мұнда да дәлелдер бар».

P.S. Кейде адамдарды осы екі мақұлыққа ұқсатамын. Адам Алланың әміріне бойұсынып, оның белгілеп берген жолымен жүрсе, арадай адамзатқа игілігі мен пайдасы тиер еді. Себебі, Ислам игілікке шақырады. Ислам діні отбасыңа жауапкершілікті болуға, ата-анаға игілік жасауға, көршіге зиян шектірмеуге, туған-туыспен қарым-қатынасты үзбеуге, жұртқа тіліңмен де, қолыңмен де зардап тигізбеуге, адамзатқа зұлымдық қылмауға, нақақтан нақақ қан төкпеуге, Отаныңды қорғауға насихаттайды. Сондай-ақ, дін құлшылық-ғибадат қылуға, жоқ-жітікке қарайласуға, адамзатты жамандықтан тыйып, жақсылыққа шақыруға, жақсы сөз сөйлеуге, әрдайым күлімдеп жүруге, адамзатқа сүйіспеншілікпен қарауға үгіттейді. Қысқасы, дін гүлзарда жүріп, гүл аңқыған арадай болуды әмір етеді.

Ал бұл әмірге көнбегендер, шақыруға келмегендер, насихатқа ермегендер, жақсылыққа жүрмегендер, боқ дүниеден басқаны көрмегендер...

Мұндайларымыз арадан үлгі алуымыз керек шығар...

1 пікір