Қара мұсылмандар
Қара мұсылмандар
9 жыл бұрын 4065
Елнұр Әскенұлы

Ислам әлемі әлемдік өркениетке өзіндік үлесін қосқан маңызды күш қатарынан саналады. Мұсылмандар Жер шарының әр бөлігінде өмір сүріп жатыр. Олардың әр елде өздеріне тән жеке дара ұлттық сипаттары, қасиеттері бар. Қандай да бір жеке мүдделеріне байланысты құрылған діни тұрғыдағы ұйымдар ислам әлемінде мүлдем жоқ деп айта алмаймыз. Сонау ерте кезеңде-ақ дәстүрлі жолдан ауытқыған, саяси мүдделерді көздеген харижиттер, шиалар тәрізді ұйымдар пайда болды. Осы мақалада біз қара мұсылмандар жайлы сөз етпекпіз. Қара мұсылмандар негізгі ұстанушылары қара нәсілділер болып табылатын исламдық ағымдардың ортақ атауы. Қара мұсылмандар (немесе Қара ислам) қозғалысы 1913 жылы АҚШ-та, афроамерикандық Тимоти Дрью Мавритандық ғылым храмының негізін қалаған сәтте өмірге келді. Нью-Джерси штатының Ньюарк қалашығында  Әли деген атты қабылдаған Тимоти Дрью «Мавритандық ғылым храмы» атты діни сектаның негізін қалады. Ол өзінің ағымының дүниетанымдық жүйесіне исламдық компонентті көптеп қосты. Дрью Али өзін мұсылман және «Марокко королінің елшісі» деп атады, бұдан бөлек ол ақ нәсілділерге деген тым жағымсыз қарым-қатынасымен ерекшеленді. Сондай-ақ ұлы пайғамбарлар қатарына Мұхаммед пен Исаны ғана емес, Будда мен Конфуцийді де қосты. Осыған қарай отырып Мавритандық ғылым храмының дүниетанымдық жүйесінің мұсылманшылықтан қаншалықты деңгейде ауытқығанын аңғаруға болады. Мавритандық ғылым храмынан соң басқа да қара мұсылмандық ағымдар өмірге келді.

1930 жылы Уоллес Фард Мұхаммед Детройт қаласында «Ислам ұлты» деп аталатын кішігірім діни қауымдастықтың негізін қалады. Шын мәнінде «Ислам ұлты» дәстүрлі мұсылман қауымдастығы болған жоқ. Оның қызметі бірінші кезекте қара нәсілді тұрғындардың мәселелерін шешуге бағытталды. Сонымен қатар қауымда Фард культінің өзіндік тұлғасы пайда болды. Ағым ішінде Фард «Махди» деп есептелді. «Ислам ұлтының» мүшелері бірінші кезекте афроамерикандық ұлтшылдар болды және содан кейінгі кезекте ғана өздерін мұсылмандық діни қауым өкілдері деп таныды. «Ислам ұлты» исламдық бес парыздың ішінен намазды, оразаны және қажылықты міндетті емес деп біледі. Олар бір Аллаға сенуді және зекет беруді ғана өздеріне парыз деп санайды. Қысқа уақыт ішінде ғана ұйым жетекшісі Уоллес Фард афроамерикандықтар қатарынан 25 мың жақтасты өз ұйымына кіргізді. Осылайша ұйым ерекше табынушылардың кішігірім қауымдастығынан «Ислам ұлты» атты тұрақты түрде дамып келе жатқан діни қауымдастыққа айналды. «Ислам ұлтының» мүшелерінің санының жылдам қарқынмен артуы 1934 жылы ұйым жетекшісі Уоллес Фардтың кенеттен жоғалып кетуіне де себеп болуы ықтимал. Афроамерикандық тұрғындарға исламды қабылдату арқылы ұйым лидерлері саяси мақсаттарына қол жеткізуге тырысты. «Ислам ұлты» ұйымы ең бірінші кезекте Солтүстік Америка аумағында «қара нәсілділердің» жеке мемлекетін құруды мақсат тұтты. «Ислам ұлты» насихаттаған «қара ұлтшылдық» афроамерикандық тұрғындардың ақ нәсілді американдықтардан толыққанды даралануына бағытталды. Бұл тұрғыдан алғанда олар таптық сегрегацияның (халықтың қандай да бір тобын мәжбүрлі түрде оқшаулау саясаты) жақтастары да болып шықты. Екіншіден, «Ислам ұлты» афроамерикандық халықты «мәдениеттендіруге» де көңіл бөлді. Нақтырақ айтсақ – негрлік ортадағы алькоголизм мен есірткіге тәуелділікке, отбасыдағы озбырлыққа қарсы күресуді мақсат қылды.

«Ислам ұлтының» идеологиясы 13 шарттан құралған:

  1. Бір Аллаға сену;
  2. Құран мен Інжілдегі барлық пайғамбарларға сену;
  3. Құранның ақиқаттығына сену;
  4. Алланың елшілеріне және олардың адамдарға әкелген жазбаларына сену;
  5. Саналық қайта тірілуге сенім, ол бойынша қара нәсілділер алғашқы болып тіріледі және де бір кездері Алла таңдаған ұлт (еврейлер) терістеледі; жаңа таңдаулы ұлт афроамерикандықтар болады; сонымен қатар барлық мүминдер қайта тіріледі;
  6. Ақырет сотына сенім, ол АҚШ-та басталады;
  7. Қара нәсілділердің ақ американдықтардың билігінен толық азат болуына сену; ақ адамдар берген есімдерден арылу; бұл есімдер ақ қожайынның қара құлға деген қатынасын еске түсіреді; Барлық қара нәсілділердің европалықтармен еш байланысы жоқ өз есімдері болуы тиіс;
  8. Жер бетіндегі барлық адамдардың әділдігіне, ұлттық теңдікке сенім; азат болған құлдың бұрынғы қожайыны алдындағы дәрежесі теңдік бола алмайды;
  9. Интеграция саясаты екіжүзділік және қара нәсілділердің дара болмыстарын жою әрекеті екеніне сенім; егер ақ нәсілді адам қара нәсілдімен достық қатынаста болса, өзінің шынайы пейілін АҚШ-тағы ақ пен қараның толыққанды теңдігін мойындау арқылы білдіре алады;
  10.  Мұсылман бауырлар тура жолдағы исламды ұстанатынына және адамдардың өмірін қиятын соғыстарға қатыспайтынына сенім;
  11.  Әйелдерді өзге ұлт өкілдері тәрізді құрметтеуге және қорғай білуге сенім;
  12.  Алла Тағала 1930 жылы шілде айында Фард Мұхаммед бейнесінде көрінгеніне және Ф. Мұхаммед христиандар күткен мессия және мұсылмандар үшін Махди екеніне сенім;
  13.  Алладан басқа тәңір жоқ екендігіне және ол күндердің бір күнінде барлық ұлттар бейбіт өмір сүретін мультимәдени мемлекет жарататынына сенім.

Бастапқыда дәстүрлі ислам жолынан ауытқыған ағымдар да болып, кейіннен өз қателіктерін түсініп, тура жолға келген жандар ислам тарихында көп болған. Малькольм Икс «Ислам ұлты» ұйымының 1950-1960 жылдардағы танымал тұлғаларының бірі. Ол түрмеден босап шыққан соң Ислам ұлтының Гарлемдегі бөлімшесінің негізін қалады және біраз уақыт өте келе нью-йорктік қара мұсылмандар арасында барынша танымал тұлғаға айналды. Ол өзінің христиандық есімін мұсылмандық Әл Хаджи Малик әл-Шабаз деп өзгерткен дарынды оратор және тамаша ұйымдастырушы болды. Оның сөйлеген сөздері қалың көпшілікті өзіне қарататын және жауынгерлік риторикасымен ерекшеленетін. Ол қара таптың абыройын қайтаруды және қара нәсілділерді ғасырлар бойы қуғындаған ақтарды жазалауды талап етті. 1960 жылдары Малкольм Икстің беделінің зор болғаны соншалық, Нью-Йоркке келген кубалық революцияның көсемі Ф.Кастро оны екі сағаттық жеке әңгімеге шақырған. Малкольм Икстің беделі сәт сайын өсіп, Ислам ұлтының сол кездегі көсемі Элайдж Пулды да артқа қалдырды. Екі тұлға арасындағы араздық 1964 жылы Малкольмның аталған ұйымнан кетуімен аяқталды. Дәл осы уақытта Малкольм сунниттік исламға қызығушылық білдірді және Меккеге қажылық парызын өтеуге барды. Алғашқыда Сауд Арабиясында оның исламдық сенімде екеніне күдік келтіріп, тұтқынға алған еді. Бірақ кейіннен Малкольмның кім екені анықталған соң, афроамерикандық көсем «мемлекеттің қонағы» деп жарияланды. Меккеге жасалған қажылық Малкольмның таптық ерекшеліктерге қатысты саяси ұстанымдарының өзгеруіне әсер етті. Малкольм дәстүрлі исламның жақтасына айналды және «қара расизмдік» ұстанымынан бас тартты. Және де исламды таптық бөлінушіліктерді жоққа шығаратын дін деп мойындады. Малкольмның жасаған әрекеттері «Ислам ұлтының» лидерлеріне ұнай қойған жоқ. 1965 жылы 21 ақпанда Малкольм Иксты (әл-Қажы Малик әл-Шабаз) Афроамерикандық бірлік ұйымының конференциясында «Ислам ұлтының» белсендісі атып өлтірді. Осылайша «қара мұсылмандар» идеологиялық тұрғыдан ауытқыған және тарихи лидер, «пайғамбар» Элайдж Мұхаммедтің беделіне дақ түсірген өздерінің бұрынғы мүшесін о дүниеге аттандырды.

Элайдж Пул Мұхаммед

 

1975 жылы «Ислам ұлтының» дамуына атсалысқан және оны отыз жыл бойы басқарған Элайдж Пул Мұхаммед өмірден өтті. Әкесінің орнына басшылыққа келген Уоллес Мұхаммед дәстүрлі суннизм жолына жақын болды және осыған байланысты афроамерикандық ортада біртіндеп беделін әлсіретті. Сондай-ақ ол өз әкесінің радикалды «қара расизмінен» бас тартты. Ол ақ пен қара ұғымдарының символдық мағынаға ие екенін және негрдің «ақ» яғни зұлым, ал еуропалық «қара» яғни мейірімді бола алатынын алға тартты. Осылайша «Ислам ұлтының» классикалық тезисі - қара нәсілділердің еуропалықтардан артық екенін көрсететін ұстаным жоққа шығарылды. Сәйкесінше, Уоллес Мұхаммед өз ұйымы қатарына барлық расса өкілдеріне кіруге рұқсат берді. Ол сондай-ақ «қара исламнан» дәстүрлі исламға кететінін және де өз әкесі Элайдж Пулдың пайғамбар немесе Құдайдың хабаршысы болмағанын, қарапайым ғана дін және қоғам қайраткері екенін мәлімдеді. «Ислам ұлтының» жаңа жетекшісінің мұндай саясатымен «қара расизмнің» жақтастары келіспеді. 1977 жылы Луис Фаррахан (мұсылмандық аты – Абдул Хаким Фаррахан) өз жақтастарымен бірге Уоллес Мұхаммедтен бөлініп шықты және өздерінің «Ислам ұлты» ұйымын құрды.

Қара мұсылмандарға жататын барлық ағымның ілімдері Құранға негізделеді. Десе де мұсылмандардың қасиетті кітабы бұлардың ілімдерінде өзгеріске де ұшырап жатты. Тіпті кейде Құранды өздеріне бұрмалап, қайта жазған сәттері де болған. Сүннет жолы жекелеген ағымдарда ғана мойындалады. Сонымен қатар секта идеологтарының шығармалары да мойындалады. Ал синкретті сипат тән қара мұсылмандық секталарда өзге діндердің қасиетті мәтіндері де мойындалады. Қара мұсылмандардың барлық топтарына тән ортақ қасиет ретінде ислам мен христиан тарихына өзгеше интерпретация жасау(соның ішінде, Иса пайғамбар мен Мұхаммед пайғамбар өз ізбасарларымен бірге негр деп жарияланады) және исламды қара нәсілділердің діні деп есептеу тән. Ал христиандық – ақ нәсілділердің діні.  Қара мұсылмандарға өзіндік «кері расизм» де тән. Нақтырақ айтар болсақ, олардың есептеуінше африкандықтар құдайдың таңдаулы халқы деп есептеледі. Ал ақ нәсілділер кей ағымдарда кәпірлер, ал өзгелерінде жын іспеттілер деп қабылдайды. Қара мұсылмандардың барлық бағыттары монотеизм позициясында. Әйткенмен, көптеген мұсылмандық догматтар олар тарапынан қабылданбайды немесе көп бұрмаланады. Тек жекелеген ағымдар ғана, мәселен қара ханафилер мұсылмандық догматтарды өзгеріссіз күйде қабылдайды. Бірқатар секталардың сенім жүйесіне индуизмнің, буддизмнің және өзге де шығыстық діндердің қағидаттары қосылған. Барлық секталардың ілімдерінде сол ұйымның негізін қалаушы тұлғалар маңызды рөл ойнайды. Олар пайғамбар ретінде немесе жоғарыдан уахи алған Алланың ұлдары ретінде құрметтеледі. Қара мұсылмандардың тағамдық тыйымдары ортодоксалды мұсылмандықпен сәйкес келеді. Бірақ кейбір топтарда тағамдық тыйымдардың тізімі кеңейтілген. Қара мұсылмандардың сенім жүйесінде шиизм мен сопылықтың ықпалы байқалмайды. Қара мұсылмандардың культтік тәжірибелерінің ортодоксалды мұсылмандықтан біраз айырмашылықтары бар. Жиындар мешіттерде немесе арнайы орындарда (дәстүрлі мұсылмандар тәрізді бұлар да жұма күні) өткізіледі. Олар өз жиындарында бірлескен құлшылықтар жасайды және Құран немесе оның «түзетілген» нұсқасын, секта идеологтарының шығармаларын оқиды. Өзге конфессия өкілдеріне қара мұсылмандардың өкілдері өшпенділікпен қарайды, тіпті оларды физикалық тұрғыдан жойып жіберуді де қолдайды. Қазіргі уақытта 10-ға жуық әртүрлі қара мұсылмандық секталар бар. Олардың ішіндегі ірілері Ислам ұлты, Мавр-американдық ғылыми храм және Қара ханафилер.

Қара мұсылмандар қатарына жататын ілімдерде діни мотивтерден гөрі, саяси амбициялар көп. Олардың ілімдері ислам жолынан ауытқыған. Сондай-ақ кейбір ілімдерге өзге діндердің элементтері де еніп, синкреттілік (өзге діндердің ілімдерімен бірігу) сипатқа ие болған. Тіпті мұсылмандар үшін міндетті болып табылатын 5 парыздың үшеуінің (намаз, ораза, қажылық) «Ислам ұлты» ұйымы тарапынан міндетті деп мойындалмауы да біраз жайды аңғартады. Әрине рас, қара нәсілділер сан ғасыр бойы ақ нәсілді еуропалықтардан шексіз көп азап шекті. Мұны жоққа шығара алмаймыз. АҚШ-та нәсілшілдік мәселесі әлі де бар. Соңғы уақыттарда аталған мемлекеттің Фергюсон қаласында қара нәсілділердің үздіксіз митингтерге шығуы және оның өзге штаттарда да жалғасын табуы кездейсоқ емес. Қара нәсілділердің наразылықтарына тек нәсілшілдік мәселесі ғана емес, олардың әлеуметтік тұрғыдағы мәселелерінің мемлекет тарапынан шешілмеуі де себепкер болуда. Мәселен негрлердің есірткі бизнесімен, ұрлықпен айналысуы және түрмелерде отырғандардың арасында да солардың орталарынан шыққан жандардың көп болуы осыған дәлел болса керек. Дегенмен тақырыпқа қатысты айтарымыз, өзге қауымдарға төзімсіздікпен және өшпенділікпен қарау нағыз мұсылманның жолы емес. Мұсылмандар өздерінің төзімділігімен, сабырлығымен, мейірбандылығымен өзге дін иелеріне үлгі бола білді. Ал қара мұсылмандардың өздерінің құдайдың «таңдаулы ұлт» екендігі жөніндегі ұстанымдары таза расистік тұрғыдағы пікір. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Арабтың араб еместен, ал ақ тәндінің қара тәндіден тақуалықтан басқа айырмашылығы жоқ» деген хадисі қара мұсылмандардың жасап жүрген әрекеттерінің бұрыстығын дәлелдесе керек. Тек саяси мақсат-мүдделеріне қол жеткізу үшін исламды құрал ретінде пайдалану шынайы мұсылманның жолы емес. Қара мұсылмандар деп аталып кеткен топтың идеологиясы жөнінде қысқаша осылай ой қорытуға болады.

0 пікір