Пайғамбардан зина жасау үшін рұқсат сұраған жігіт
Пайғамбардан зина жасау үшін рұқсат сұраған жігіт
4 жыл бұрын 8705

Исламның алғашқы жылдарында мұсылмандықты қабылдағанымен, қараңғылық дәуірінде бойына сіңіп қалған жиіркенішті (зинақорлық) әдетінен арыла алмаған бір жас жігіт Алла елшісіне (с.а.у.) келіп:

- Уа, Алланың елшісі, маған зина жасау үшін рұқсат берсеңіз? – дейді. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) жанында отырғандар жігіттің әбес өтінішін естіген сәтте оған бірден өре түрегеліп дүрсе қоя берді. Сонда Алла елшісі сабырлы қалпын бұзбай, оны жанына отырғызып, одан былай деп сұрады:

- Осындай нәрсенің сенің анаңа жасалғанын қалар ма едің?

- Әке-шешем сенің жолыңа құрбан болсын, уа, Алланың елшісі, әрине, қаламаймын!

- Ешқандай адам анасына мұндай жиіркенішті қылықты қаламайды. Егер сенің қызың болса, оған осындай әрекет жасағанын қалар ма едің?

- Жаным саған құрбн болсын, ей, Алланың елшісі, еш қаламас едім!

- Ешбір жан қызына мұны тілемеседі. Ал әпкелеріңе осындай нәрсе жасалғанын қалар ма едің?

- Жоқ, пайғамбарым, мұны да қаламаймын!

- Ешкім де әпкелеріне мұндай сорды қаламайды. Қарындастарыңа ше, оларға осындай жамандық жасалғанын қалар ма едің?

- Жо-жоқ, қаламаймын!

- Ешкім де қарындастарын қасіретке душар еткісі келмейді, - деген Алла Расулі (с.а.у.) қолын әлгі жігіттің жүрек тұсына қойып: «Раббым, мұның күнәсін кешір, жүрегін жамандықтардан тазарт, намысын сақтауға жәрдемші бол!», - деп дұға етеді.

Міне, осылайша, жігітке ашуланбай, оның өрекпіген көңілін басып, зинақорлықтың жиіркенішті екенін осындай мысалдармен түсіндіріп, әкелік мейірім танытып, жанын жегі құрттай жеген әлгі күнәдан құтылуы үшін дұға етеді. Жас жігіт сол сәттен бастап өмірінің соңына дейін иманына дақ түсірмепті.

"Жұма мінбері" атты кітаптан. 

0 пікір