Бір күні сахаба Әбу Дәрда біреулердің күнә істеген бір адамды ұрып жатқанын көреді...
Бір күні сахаба Әбу Дәрда біреулердің күнә істеген бір адамды ұрып жатқанын көреді...
2 жыл бұрын 5318

Сахаба Әбу Дәрда (радияллаһу анһ) Дамаск қаласының көшелерінің бірінде кетіп бара жатқанда бір топ жамағаттың бір адамның айналасына жиналып алып, оны ұрып, боқтап жатқандарын көреді.

Қастарына барып:

- Не болып қалды? – деп сұрайды.

- Мына оңбаған үлкен күнә істеді, - деп жауап береді жиналғандар.

Әбу Дәрда оларға:

-  Егер ол адам бір құдыққа түсіп кетсе, оны ол құдықтан шығарып алмайтын ба едіңдер? – деп айтады.

Олар:

- Әрине, - деп жауап береді.  

Әбу Дәрда (р.а.):

- Олай болса, оны боқтап, ұрып-соққанша, оған насихат айтып, оған дұрысын көрсетпейсіңдер ме?! Қайта Алла Тағала сендерді мұндай күнәға жібермегеніне шүкір деңдер, - дейді.

Олар:

- Сонда сіз оны жек көрмейсіз бе? – дейді.

Әбу Дәрда (р.а.):

- Мен оның өзін емес, істеген ісін жек көремін, ал қашан ол істі тастаса, ол менің бауырым, - деп жауап береді.

Сахаба Әбу Дәрда мен жиналған жұрттың әңгімесін естіп тұрған күнәһар адам, сол жерде етегі жасқа толып, тәубеге келгендігін айтып, ондай күнәға енді бармайтындығын айналаға жар салыпты.

****

Бір күні Дамаск қаласының көшелерінің бірінде бір топ жас жігіттер көшенің жиегінде отырып алып, өткен-кеткенге қарап, әңгіме-дүкен құрып отыр екен. Сахаба Әбу Дәрда (р.а.) қастарына барып:   

- Балам! Мұсылман ер адамның нәпсісін тыйып, көзін харамға қараудан сақтайтын жері – үйі. Көшеде былай отырмаңдар. Өйткені бұл нәрсе кісінің уақытын құр өлтіріп, маңыз беруі керек істерін ұмыттырады, - деген екен[1].


[1] Абдуррахман Рафат әл-Бәшә: «Суар мин хаятис сахабати».

Абдусамат Қасым

 

0 пікір