Дала заңы бойынша кісі өліміне құн төлеу қалай болмақ?
Дала заңы бойынша кісі өліміне құн төлеу қалай болмақ?
8 жыл бұрын 4079 namys.kz
Бейсен Сұлтан

Кісі өлтіріп немесе әлдебір айыпқа жығылғандар дала заңы бойынша құн төлейтіні жайлы қазақтың төл тарихы талай хикаяны айтып берген-ді. Біразын тарихи кітаптардан оқығанбыз. Шариғат үкімдерін негізге алған «Жеті жарғы» жайлы білмейтін қазақ жоқ. Айтайын деп отырғанымыз әйгілі дала данышпаны, ақын, ағартушы Ақыт Үлімжіұлының қазы болуымен шыққан бір үкім жайлы. Оқиға қазірде көзі тірі қарт ұстаз Кәрменхан ақсақалдың қолжазбасы негізінде баяндалады.

«Өз әкем Байдолсын Көдекұлының аузынан естігенмін. Кейін бұл оқиғаның басы-қасында болған кәрі жездеміз Имат ақсақалдан мән-жайын анықтап айтқызып жазып алған едім. Имат жездеміз көпті көрген адам. 90-шы жылдардың соңына қарай қайтыс болды. Енді мен сол оқиғаны тікелей басынан өткерген Имат ақсақалдың қосымша дерегі бойынша жазып алдым” деп бастапты Кәрманхан Байдолсынұлы қолжазбасын.

Бұл Қытайдың Алтай аймағы Көктоғай және Шіңгіл ауданындарында қоныстанған қазақтардың ішінде, өткен ғасырдың басында болған. Оқиғаның жалпы мән-жайы былай болған екен:

1920-сыншы жылдың соңында Шіңгілдегі Шағанғол мен Бұлғын өзендерінің бойын қыстап, жайлап жүрген Керейдің Жәдік руының Құдабай деген ауқатты адамы болған екен. Өздері Жәдіктің ішінде Итемген атасынан тараған ел болатын. Сол уақытта көрші Көктоғай ауданының Шалғыр атты ауылындағы Жәдіктің тағы бір руынан тараған Аңсаған  деген азамат іргелі ауыл болып отырады екен. Біреуді біреу білмейтін, аумалы төкпелі заманда осы Аңсаған байдың көрші ел Монғолияға жортуылға жіберген бірнеше адамы, жол бойындағы Құдабай ауылының 6 өгізін айдаған малдарына қосып алып кетеді. Осы ахуалды елден естіп, анығына жетіп, өгіздерін Аңсағанның жортуылшылары алып кеткендігін естіген Құдабай, Имат бастаған екі кісіні Аңсағанға аттандырып: “Білмей алған шығар, жақында отырған туыс, жақын адамдармыз, малымызды өзімізге қайтарып берсін”, – деп сұратып жібереді. Бұл сәлемді естіген Аңсаған: “Құдабай кәрі иттің айтып жүрген өгізі не? Біздің адамдар алған болса қолына қойып, қанды мойын ұры етіп жықсын, дәлелін айтсын. Әйтпесе, моңғолдың малына ара түспей аулақ жүрсін” деп жауап қайтарады. Аралыққа жүрген адамдар Аңсағанның сөзін айтып келеді. Рулас туыстарынан бұндай жауап күтпеген Құдабай ашуға мініп, “Ол іздеген болса, мен сұраған, бұндай есе бермейтін ағайынды менде қойдым, ата көріңді!” деп әбден ширығады. Сөйтіп күзде Құдабай қасына құдасы Қасай, Ескендір, Имат және екі адамды қосып ертіп алып, Шалғырға барып, сондағы елден ұғыса келіп, Аңсағанның малдарын табады. Аңсаған болса өз жеріндегі дәулеті шалқыған, мықты. Құдабай бір күні талтүсте Аңсағанның жылқысына тиіп, екі айғыр үйірді айдап шығады, Аңсағанның қой жайып жүрген қойшысын тауып: “Сен ауылыңа Аңсағанға барып: “Құдабай жылқыңды түп қотара айдап кетті” деп хабарла деп қоя береді. Қолына сойылын алған Аңсаған, кермеде байлаулы тұрған жарау атқа міне салып, басқаларға, «сендер ат құрап, адам жинап менің артымнан келе беріңдер», деп Құдабайдың соңынан кетеді. Аңсағанның келетінін білетін Құдабай Үзеңгілес жолдасы Қасайдың “кетейік” деген сөзіне құлақ аспайды, ауылдан көп алыстамай, оңашаланып, оқтаулы “Кайпаң” мылтығын қолына алып күтіп тұрады. Бір уақытта қолына сойыл алған Аңсаған да жетеді. Ол алыстан: “Ей кәрі ит өлім іздеп келген екенсің, енді езуіңді тілмесем бе бәлем!” деп айқайлайды. Құдабай: “Езуді кәрі ит тілеме, жас ит тілеме, көрерсің” деп тұрыстық береді. Аңсаған келген бойда Иматты сойылмен салып өтеді. Осы кезде мылтығын  оқтап тұрған Құдабай ат үстінде Аңсағанды қос өкпенің тұсынан атып жібереді…

Аңсаған омақаса жығылғанын көрген соң, шауып келіп, аттан секіріп түскен Құдабай, белбеуіндегі қынға салған пышағын суырып алып, құлап жатқан Аңсағанның екі езуін тіліп тастап, атына мініп “Болды енді, жылқыны айдамай-ақ қойыңдар!” деп серіктерін ертіп ауылына қайтып кетеді.

Аңсаған сол оқиға орнында қаза табады. Осыдан кейін ел арасында үлкен дау туындайды. Аңсағанның елі Шіңгілдегі Жәнткей елінің тәйжісі (лауазым атауы) Нәзір Жапарұлына  келеді. Нәзір тәйжі даудың жайын егжей-тегжейлі ұққан соң, бұл дауды сол уақытта Шәкүрті деген жерде Алтайдың Көктоғай, Бурылтоғай, Шіңгіл аудандарына қазылық міндет атқарып отырған, Ақыт қажы Үлімжіұлына жібереді. Сонымен ерегескен екі жақ, шариғат жолы негізінде дала заңымен шешпекке Ақытқа барады. Қажы бұл ахуалдың бүге-шігесіне дейін қаныққан соң: “Құдабай жақ табандап тұрып тап жыққан құныкер, келер жылы шілде айында ердің құны 200 жылқы есебі бойынша құн төлейді” деп үкім жасап, құныкер өлім иесі жаққа алдымен “Он екі” белгі береді. Яғни: 1. Кекілін кескен кертөбел ат, 2. Қарашолақ, 3. Сүйек артатын қара нар, 4. Мәйттің үстіне жабатын қара кілем, 5. Бір адамдық ақырет, 6. Иманкигіз, 7. Кетпен, 8. Күрек, 9. Қазан, 10. Ошақ, 11. Құман, 12. Қаражамбы. Қазы Ақыт осы он екі белгіні қолма-қол құныкер жақтан алып беріп, толық құнды келер жылдың шілде айына тоқтатып, екі жақтан қол қойғызады. Одан бұрын әр екі жақтан бір-брінен кісі өлтірмеуге, жанжал шығармауға, мал барымталамауға уәде алып, серт жасатады. Сол кездегі дала заңын негіз етіп, төбе бидің басшылығында қазылар алқасы құрылып, соңғы жұмыстарын орналастырып тарқайды.

Қыс бойы Шіңгіл өзені бойын қыстаған Құдабай ауылы көктем бастала бере шекарадан сыртқы Монғолды асып кетпек болып, Қытай мен Монғолия шекарасындағы асуды бетке алып, үдере көшеді. Бұдан хабар тапқан ел билері адам жіберіп, қуғыншы салып, шекарадағы қар-мұзы кетпеген асуға барып қамалып қалған Құдабай ауылын қайта көшіріп келеді. Сөйтіп шекара асып, құн төлеуден жалтармақ болып, қашып көшкен Құдабай ауылының мақсаттары іске аспай қалады. Құныкер Құдабайдың құн төлейтін уақыты да жақындайды. Құдабай ауылы құдандалы, ілік-жілік, тамыр-таныс, алмандас ағайын туыстарына жан-жақтан хабар салып, құн төлеудің дайындығына әзірленеді. Көптің көмегі арқасында алыс жақындар құнға төленетін малды әкеле бастайды. Сол кездегі дала заңы бойынша құныкер ауыл құн алуға келетін адамдарға үй тігіп, құн алып қайтқанша, тұрмысына жауапты болу керек екен. Оның бәрін дайындайды. Қазылардың билік жүргізу ақысына “Үш тоғыз” кеседі (түйе бастаған бір тоғыз, ат бастатқан бір тоғыз, жамбы бастатқан бір тоғыз). Бұның негізгі билік орнындағы Жапар тәйжінің шаңырағына түйені қалдырып, қазылық еткен Ақытқа атын, қалған бір тоғызбен үш тоғыз қосылғандарын қазылар алқасындағы, қағушылармен шабармандарына және басқада ел билеріне үлесіп беріледі.

Межелі күнде жетіп келеді. Құн төлеуге әзірленіп тігілген үйлердің маңындағы төбешіктерге құн алуға келген адамдар бірнеше бөлекке жиналып, алты жерге ту тігіп күтіп тұрады.

Ел ішінен беделді бірнеше адам шығып, топтың алдына келіп, ашуға басу айтып, әрбір ту тігілген төбеге бірден ат байлап, ауылдағы түселханаға әкеледі. Қазылар алқасы мен төбе бидің орналастыруы бойынша ертесінде құн төленеді. Сөйтіп, бүкіл Өр Алтайды шулатқан, бір рудың ішіндегі, ағайын адамдардың арасындағы дау құныкердің 200 жылқы, “Он екі белгі”, “Үш тоғыз” төлеумен аяқталған екен.

0 пікір