Қазақтың ұлттық зергерлік өнері
Қазақтың ұлттық зергерлік өнері
9 жыл бұрын 24684 baq.kz
Салтанат Мәуленқызы

Ұлттық мәдениетіміздің қолданбалы дәстүрлі өнері халқымыздың тарихымен, дүниетанымымен үндесе дамып келеді. Тамырын тереңнен алатын қолданбалы өнердің көрікті де көрнекті саласы ұлттық зергерлік өнері - атадан-балаға, ұстаздан шәкіртке ауысып отыратын өнер.

Оттың жалынында, көріктің көмейінде металды балқытып, зергерлер еліне, батырларына арнап алмас жүзді айбалта, жебе, сауыт, дулыға жалаулы найза жасаса, ағаштан бесік, домбыра, кебеже, жүкаяқ, сыбызғы, асатаяқ, т.б. тұрмыстық заттар мен аспаптарды халқының игілігіне жаратқан. Зергерлердің арқасында білезік, жүзік, шашына сыңғырлатып шолпы-шашпау тақпайтын қыз-келіншектер некен-саяқ кездескен.

Бағалы металдардың ішінде зергерлер күмісті ең қолайлы әрі денсаулыққа пайдалы деп жиі қолданған. Күмістің жалтыраған түсін, әртүрлі техникалық тәсілдерге икемделуін, жұмсақтығын және тазалығын жоғары бағалаған. Сонымен қатар әртүрлі күміс әшекей бұйымдарын әсемдеу үшін ақық, маржан, т.б. асыл тастарды пайдаланған.

Зергерлер аса қажетті қасиет - суретшілік, дәлдік, икемділік, ептілік. Әсемділігіне, салтанаттылығына ерекше мән берілетін әйел әшекейінің ең қымбаты - ұзатылатын қыз киетін сәукеле. Оның негізін ақ киізден биік конус тәрізді етіп тігіп, сыртын қызыл барқыт немесе мақпалмен тыстаған. Бетін жарқыраған асыл тастармен, алтын-күміс әшекейлермен безендіріліп, құндызбен жиектелген. Сонымен қатар сәукелеге немесе самайға ілінетін шекелік ілінген. Кей жерлерде оны самайсырға деп атайды. Шекелік тізбектеле орналасқан тербелмелі, сыңғырлаған салпыншақтардан, кішкене шынжыр тәрізді бөліктерден тұрады.

Қазақ әйелдерінің ежелден қасиет тұтар күнделікті тағып жүретін әшекейінің бірі - сырға. Олар: ашық сырға, тұмарша сырға, салпыншақты сырға, көзді сырға, қоңырау сырға, күмбезді және сабақты сырғалар.

Шашбау мен шолпы - әйел әшекейлерінің ішіндегі сәнді әрі күрделілерінің бірі. Шашбау салпыншақтары бір-біріне тиіп, сыңғырлап, сүйкімді дыбыстар шығарады. "Сыңғырлаған күлкісіне солдырлаған шолпысы үн қосар" деген әдемі тіркес осыдан қалған. Шашбаудың пішіндері мен көлемі әйелдің жасына қарай өзгеріп отырады.

Көлемді де көрнекті зергерлік бұйымның бірі - өңіржиек. Ол - қалыңдыққа арналып жасалады, мереке тойларда тағылатын негізгі әшекей бұйымдардың бірі. Өзара бір-біріне үзбелеп бекітілген бірнеше үлкенді-кішілі өрнекті таспалардан тұратын салмақты да салтанатты өңіржиектер өзінің сәнділігімен, үйлесімділігімен ерекшеленеді. Таспалар - төртбұрышты, ал ең төменгісі бес бұршыты болып аяқталады. Өңіржиекте ромб өрнекті толықтырып отырады. Ромб - өсімталдықтың белгісі. Өңіржиектің мағынасы ұрпақтың өсіп-өркендеуі, оның жалғастырушы әйел адамның рөлі, қауіп-қатерден сақтану сияқты жайларды білдіреді. Ертедегі сенім бойынша, өңіржиек әйел адамның құрсағын және кеудесін тіл-сөзден сақтайды деп сенген. Өңіржиектің қыз балаға арналған түрі. "Өңіртал" деп аталады. Өңіртал көбінесе қызыл түсті шыныдан, не ақық тастан көз салынып, шынжырмен мойынға тағылады.

Мойынға тағып жүретін әсем шынжыр бауы бар әшекейдің бірі - бойтұмар мен тұмарша. Күмістің зиянды микробтарды өлтіретін қасиеті күшті. Сондықтан әрбір қазақ әйелінің қолындағы жүзік не сақина ол пісірген астың адалдығының куәсіндей болған. Жүзіктердің қалыбы да әртүрлі, құдағи жүзік, құсұмсық жүзік, отау жүзік т.б. түрлері бар. Құдағи жүзік екі саусаққа қатар тағылады. Мұндай жүзік түрі құдаласқан екі жақтың бір-біріне сыйластығы, ынтымағы үшін сыйға тартылған.

Құстұмсық жүзік - бақыттылықтың, тәуелсіздіктің, еркіндіктің белгісін білдіретін, бойжеткен қыздар тағатын жүзік. Жүзіктің қалыбы құс тұмсығы тәрізді.

Отау жүзік - атынан білініп тұрғандай отауды бейнелейді. Бұл жүзікті күйеу қалыңдығына таққан. Жүзіктің үсті конус тәрізді.

Әйелдерге арналған әшекей бұйымдардың ең көп тараған түрі - білезік. Білезікті қыз-келіншектерде, орта жастағы әйелдер мен үлкен әжелер салған. Білезіктердің сыңар білезік, қос білезік, бес білезік, жұмыр білезік, көзді білезік, топсалы білезік т.б. түрлері болады.

Қос білезік - екі қолға тағылатын жалпақ бауырлы білезік. Бес білезік - білезікпен бірнеше сақиналардан тұратын тойлармен салтанатты жиындарға тағылатын әшекей түрі. Осындай қазақ мәдениетіне қайталанбас қолтаңбалар қалдырған зергерлік еңбегі үлкен құрметке лайық. Халқымыздың қанына сіңген зергерлік өнер мен ұлттық болмысымыздың жақұтындай болған зергерлік бұйымдар - ұлтымыздың баға жетпес байлығы, мол мәдени мұрасы.

0 пікір