Қазақ халқының Құдай Тағала туралы танымы
Қазақ халқының Құдай Тағала туралы танымы
2 ай бұрын 2521 Фото: old.aqmeshit-zhastary.kz

Құдай Тағала туралы таным

Қазақ халқының ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан діні – Ислам, шариғаттағы іс-амал мазһабы – ұлы имам Әбу Ханифаның мазһабы. Ал діни дүниетанымдық ұстанымы Исламның негізгі қайнар бұлақтары – Құран мен Пайғамбардың (с.а.с) сүннетіне негізделген Сүннет және жамағат жұрты, оның ішінде Әбу Мансұр әл-Матуридидің мектебі болып табылады.

Қазақ халқының да ұлттық бет-бейнесі, ділі мен тілі осы идеологиялық мектептің негізінде қалыптасты. Оған айғақ боларлық айшықты дәлелдер жетіп-артылады. Бұхар жыраудан бастап Абай, Шәкәрімге дейінгі ойшылдар мен ақындардың мұраларынан нағыз мұсылмандықтың үлгісін көреміз. Мысалы, Абылай ханның ақылшы абызы Бұхар жырау (1668-1781):

Алла деген ар болмас,

Ақтың жолы тар болмас! – деп Құдай деген құлдың медетсіз қалмасына нық сенімді екендігін білдірсе, ал кейінгі ғасырларда ғұмыр кешкен Мәшһүр Жүсіп таухид іліміндегі иләһи сипаттарды жалпақ жұрттың құлағына үйреншікті өлең жолдарымен былайша өрнектеген:

Ол – Алла жисм, жауһар, ғариз емес,

Боларға басқа басқа бөлектенбес.

Алланы еш нәрсеге ұқсатуға,

Еш нәрсе Оған ұқсап жөні келмес.

Бар Құдай көкте де емес, жерде де емес,

Мекенін бір Алланың ешкім білмес.

Сипаты сегіз болған, бірі – кәләм,

Сөйлейді құдіретімен Алла Тағалам

Сөйлеуі біздей тілмен, жақпен емес,

Тіл, жаққа мұқтаж емес секілді адам

Алды-арты, асты-үсті, оң-солы жоқ,

Ауыз, мұрын, аяқ, бас, көз, қолы жоқ.

Еш нәрсеге ұқсамайды Ол, еш нәрсеге,

Кітаптың айтқанынан ойлама көп.

Бұл жерде Мәшһүр Жүсіп «Мекенін бір Алланың ешкім білмес» деп Жаратқанның кеңістіктен орын алмайтындығын, жаратылыс сияқты мекені болмайтындығын меңзеп тұр. Бұл Құдай Тағаланың Құран Кәрімде айтылған сипатымен дөп келеді.

Алла Тағала былай дейді:

«Оған (Аллаға) ұқсас ештеңе жоқ! Әрі Ол – Естуші һәм Көруші!» (Шура, 11).

Жаратқан Ие былай дейді:

«Ақиқатында, Алла әлемдерге мұқтаж емес» (Әл Имран, 97).

Сондай-ақ, қазақтың данасы Абай Құнанбайұлы да қазақтың Тәңір туралы танымдық тұжырымын қара өлеңмен өрнектейді:

Мекен берген, халық қылған Ол – лә мәкән,

Түп Иесін көксемей бола ма екен?

Және Оған қайтпақсың, оны ойламай,

Өзге мақсат ақылға тола ма екен?

Ақындар мен оқымыстылары анықтап берген Құдай Тағала туралы қазақтың ұстанымы Сүннет пен жамағат жұртының ұстанымымен бір. Оның ішінде әл-Матуриди мектебінің ізбасарлары екендігін білдіреді.

Мысалы, ғұлама ат-Тахауидің мұсылманның наным қағидаларын тұжырымдап берген еңбегінде былай делінеді.

«Алла шекаралардан, шектерден, тіректерден, мүшелерден, құралдардан асқақ, Оны жаратылған нәрселер сияқты алты жақ қамтымайды».

Түсіндірмесі: «Алла Тағала уақыт, кеңістік, өлшемдерге мұқтаж емес. Өйткені ол материя емес. Ол ұғымдарды, құбылыстар мен заттарды, заңдылықтарды жаратқан. Ал Өзі ол жаратылыстарға, заңдылықтарға бағынбайды. Алла Тағала ондай жаратылыстық қасиеттерден пәк. Дүниедегі нәрселердің барлығы белгілі бір кеңістікте мекен, орын алып орналасқан. Олардың асты мен үсті, алды мен арты, оңы мен солы бар. Жаны барлардың жүретін тіректері, яғни аяқтары, сезетін мүшелері, ұстайтын қолдары болады. Бұл жаратылғандардың сипаты. Ал Алла Тағала ондай сипаттардан ада. Жаратқанға жаратылыстың қасиетін таңған адам күпірлік келтіреді»1.


 1 Бас Мүфти Ержан қажы Малғажыұлының «Таным тұғыры» кітабы, 39-бет.

ҚМДБ: "Дін мен дәстүр", 1 кітап. 

0 пікір