Оқығанымыз неге есте қалмайды?
Оқығанымыз неге есте қалмайды?
7 сағаттан соң 51 islam.kz/
Әбдулкәрім Бәкер

Көптеген оқырмандар, әсіресе жастар жағы: «Кітапты оқып бітіргенім сол еді, мазмұны есімнен шығып кетті», — деп жиі шағымданады. Сағаттап уақыт жұмсап оқыған дүниесінен ештеңе қалмағанын сезгенде, адамның көңілі суып, «менің миым ештеңе қабылдамайды, іші тесік ыдыс сияқтымын» деген ойға келеді.

Шынтуайтында, мәселе жадыңыздың нашарлығында емес, оқу әдістемеңіздің қателігінде. Біз мәліметті «ізденуші» ретінде емес, жай ғана «тұтынушы» ретінде оқығандықтан ұмытамыз.

Оқығанымыздың мида қалмауына себеп болатын 5 кедергі:

1. Сұрақсыз оқу. Адам миы күнделікті тұрмыста қолданылмайтын, пайдасыз ақпаратты сыртқа теуіп тастауға бейім. Егер сіз кітапты ашпас бұрын өзіңізге «мұнан не іздеймін?» деген сұрақ қоймасаңыз, миыңыз ол мәліметті «тұрақтайтын қонақ» емес, «өтіп бара жатқан жолаушы» ретінде қабылдайды. Нәтижелі оқу әрқашан нақты сұрақтан басталуы керек.

2. Автормен «сөйлеспеу». Нағыз оқу — бұл екі ой иесінің арасындағы сұхбат. Парақтарды жай ғана көзбен шолып өту, ешқандай сын айтпау немесе басқа біліммен байланыстырмау білімді беткі қабатта қалдырады. Қолыңызға қалам алып, жиектерге ескертпе жазыңыз, автормен келісетін не келіспейтін тұстарыңызды белгілеңіз. Осы «интеллектуалды қақтығыс» қана ойды санаға бекітеді.

3. Сападан гөрі санға жүгіру. Қазіргі қоғамда «пәленбай кітап оқыдым» деп мақтану жарысқа айналды. Бірақ бір кітапты терең үңіліп, әр тарауын қорытып оқу — үстіртін оқылған он кітаптан әлдеқайда қайырлы. Миға мағынаны «қорыту» үшін және оны өз орнына орналастыру үшін уақыт қажет.

4. Іс-тәжірибемен ұштаспауы. Бір идеяны ұмытудың ең қысқа жолы — оны іске асырмау. Егер алған біліміңіз мінез-құлқыңызға әсер етпесе, ортада талқыланбаса немесе қағазға түспесе, ол — жоғалуға үкім кесілген білім. Әр тараудан соң: «Мен мұны өмірімде қалай қолданамын?» — деп сұраңыз.

5. Білімнің жинақталу заңдылығын ескермеу. Кейде біз ұмыттық деп ойлағанымызбен, ол ақпарат біздің дүниетанымымызға сіңіп, «ішкі компасымызға» айналады. Ұсақ-түйек деректер немесе сандар естен кетсе, мұңаймаңыз. Ең бастысы — кітаптың «рухын» сезіну және оның сіздің көзқарасыңызды қалай өзгерткені. Біз бәрін ұмытқан кезде қалған дүние — ол біздің парасат-болмысымыз.

Түйін: Кітапты жаттау үшін емес, өзгеру үшін оқыңыз. Егер кітап сіздің санаңызды кеңейтіп, әрекетіңізге қозғау салса, демек ол өз мақсатына жетті. Кітапты өміріңіздің серігіне айналдырсаңыз, пайдалы білім санаңызда мәңгіге орнығады.


Дереккөз: IslamOnline (араб тілінде, қазақшалаған islam.kz).

 

0 пікір