«Адамға пышақ кеземе» деген ырымның мәні
«Адамға пышақ кеземе» деген ырымның мәні
4 жыл бұрын 16578
Абдусамат Қасым

Бала күндеріңізде ата-әжелеріңізден «адамға пышақ кеземе» деген ырымды көп естіген боларсыз. Ал, ондай ырымның пайғамбарымыздың хадистерінен бастау алатындығын білетін бе едіңіз? Алла елшісі (с.а.у.) бірнеше хадистерінде пышақ, қылыш т.б. сол сияқты өткір немесе үшкір заттарды, мейлі қалжыңдап болсын, мейлі шындап болсын адамға қарай кезеудің шариғатта құпталмайтын - харамға жақын мәкрүһ екендігін білдіріп өткен. Мәселен, сахаба Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен бір хадисте Алла елшісі (саллалаһу алейһи уә сәлләм) былай дейді:

«Ешкім өзінің бауырына қару кеземесін. Ол білмейді ғой, мүмкін шайтан қолындағысын сермеп жіберіп, осылайша ол (адам өлтіргені үшін) тозақ шұңқырына түсушілерден болып қалуы мүмкін»[1].  

«Сахих Мүслімдегі» риуаятта:

«Әбуль Қасым айтты (яғни, Пайғамбарымыз): «Кімде-кім бауырына темір (пышақ т.б. жарақаттайтын затты) кезесе, ол оны тастағанға дейін періштелер лағынет айтып тұрады, мейлі бір ата, бір анадан туған бауыры болса да», - делінеді[2].

Осы хадистегі «періштелер лағынет айтып тұрады» деген Пайғамбарымыздың қатаң ескертуінен: әлдекімге пышақ, мылтық т.б. жарақаттайтын нәрселерді кезеудің күнә екендігін ұғынамыз, яғни, үкімі харам, не болмаса, харамға жақын мәкрүһ болмақ.

Ендеше, қазақ халқының ертеден бері «адамға пышақ кеземе» деген ырымының төркіні Алла елшісінің хадистерінде жатыр десек қателеспеспіз. Өйткені, пышақ кезеген адамға періштелер лағынет айтып тұрады екен, содан сақтандыру мақсатында ата-әжелеріміз: «адамға пышақ кеземе» деген болса керек. Оның үстіне, "ойыннан өрт шығады" демекші, әзілдеп болса да біреуге пышақ кезеу – оның өміріне қауіп төндіретіндігі мәлім.  

Жоғарыда айтылған хадистерден түйетініміз:

  1. Ислам діні адамдарды әртүрлі қорқыныш пен қайғыдан, қауіп-қатерден қорғауды көздейді.
  2. Қалжыңдап болса да бір мұсылманға қару кезенуге тыйым салынады.
  3. Қалжыңдап болса да пышақ т.б. жарақаттайтын заттарды адамға кезеуге тыйым салынады. Күнә.
  4. Қоғамда қалай болса, солай қару алып жүруге тыйым салынады.
  5. Пайғамбарымыздың өсиет сөздеріне құлақ асу, оның хадистеріне еру – бізді тыныш өмір кешуімізге қол жеткізеді.

[1] Сахих Бұхари мен Сахих Мүслімнің хадистер жинағынан.
[2] Сахих Мүслим. 125 баб.

0 пікір