Имам Матуридидің еңбектері
Имам Матуридидің еңбектері
8 жыл бұрын 5345
"Нұр-Мүбәрак" университеті Исламтану кафедрасының аға оқытушысы, исламтану PhD докторанты Әкімханов Асқар

Имам Матуриди «кәләм», «тәпсір», «фиқһ» және «фиқһ методологиясы» салалары бойынша бірқатар елеулі еңбектер жазып қалдырған. Дереккөздерде анық Матуридиге телінетін он төрт бірдей еңбек жайлы айтылады. Одан басқа оның қаламынан туып-тумағаны күмәнді тағы сегіз шақты еңбек бар.

Өкінішке орай, оның еңбектерінің дені шапқыншылық, көшіп-қону, табиғи апаттар және басқа да себептердің салдарынан бүгінгі күнге дейін жетпеген. Оның жоғалып кеткен еңбектеріне негізінен «муғтазилиттер», «харижиттер», шиіттік және «рафизиттер» мен «карматилер» сынды діни-пәлсапалық және діни-саяси ағымдардың сенімі мен тұжырымдарын сынға алып, терістеу мақсатында жазған, сондай-ақ «фиқһ» және «фиқһ методологиясы» саласы бойынша жазған туындылары жатады.

Матуридидің кейбір еңбектері Орта Азияның белді діни оқу орындарында негізгі оқулықтардың бірі ретінде бағаланып, ерекше ден қойылып оқытылған.[1] Үш еңбегіне ᾽Ала әд­Дин Әбу Бәкр Мухаммад ибн Ахмад ибн Әбу Ахмад әс­Самарқанди[2] (қ.ж.540/1145), Муфти әс­Сақалейн Нәжм әд­Дин Әбу Хафс ῾Умар ән­Нәсәфи (қ.ж.537/1142) және Тәж әд­Дин әс­Субки сынды ғалымдар тарапынан түсіндірме немесе қысқаша мазмұн жазылған. 

Матуридиге нақты тиесілі болған еңбектер:

Матуридиге нақты тиесілі болған он төрт еңбектің он үшін Әбу Му῾ин ән­-Нәсәфи өз еңбегінде атап өткен.[3] Нәсәфидің ол еңбектердің бәрін көріп, оқыған болуы әбден мүмкін. Өйткені ол матуриди мазхабының алғашқы буын ғалымдарынан саналады. Сондай-­ақ оның еңбектеріндегі ғылыми әдісі, теологиялық көзқарастары мен тұжырымдары имам Матуридидің әдісі мен көзқарастарына өте жақын екені белгілі. Ал он үшінші еңбектің аты «Шарх әл­-Жами῾ әс­-Сағийр». Бұл еңбек имам Мұхаммед әш­Шайбанидің қаламынан туған, ханафи мазхабының негізгі қайнар көздерінің бірі болған «әл­Жами῾ әс­-Сағийр» атты кітапқа жазылған түсіндірме.[4]

Атап айтсақ олар:

         1. Китәб әт­Тәуиләт/Тәуиләт әл­Құран (Құран тәпсірі)

         2. Китәб әт­Таухид (кәләм ілімі)

         3. Китәб әл­Мақаләт (кәләм ілімі)[5]

         4. Китәб Радду әуәйли әл­Әдиллә ли әл­Кә῾би[6] (кәләм ілімі)[7]

         5. Китәб Радду тәһзиб әл­Жәдәл ли әл­Кә῾би (кәләм ілімі)

         6. Китәб Бәйәну уәһми әл­Му῾тәзилә (кәләм ілімі)

         7. Радду Китәб уа῾ийд әл­Фуссақ ли әл­Кә῾би (кәләм ілімі)  

         8. Радду әл­Усул әл­Хамсә ли Әби ῾Умар әл­Бәһили[8] (кәләм ілімі)  

         9. Радду Китәб әл­Имәмә ли ба῾ди әр­рауафид (кәләм ілімі)

         10. әр­Радд ῾алә әл­Қарамита (фи әл­усул)/(кәләм ілімі)

         11. әр­Радд ῾алә әл­Қарамита (фи әл­фуру῾)/(фиқһ ілімі)

         12. Китәб Мә´хаз әш­Шарай῾и (фиқһ ілімінің методологиясы)[9]

         13. Китәб әл­Жәдәл (фиқһ ілімінің методологиясы)

         14. Шәрху әл­Жами῾ әс­Сағир (фиқһ ілімі)[10]

Өкінішке орай, аталмыш еңбектердің басым көпшілігі бізге жетпеген. Дегенмен, осынау еңбектерінің атауларына қарап­ақ оның бар ғұмырын Құран мен сүннетке негізделген сунниттік сенімді қорғауға және сол сенімнен ауытқыған топтарға жауап қатуға арнағанын аңғарамыз. Сондай­ақ бұл еңбектер оның кәләм, тәпсір, хадис, қирағат, фиқһ және фиқһ методологиясы сынды ең негізгі діни ілімдерді терең меңгерген өте білімді ғалым болғанын көрсетеді.

Аталмыш еңбектерден Матуридидің ең көп мұғтазилиттерге жауап жазып, олардың ең негізгі бес принцибіне қатысты пікірлерін сынағанын көреміз. Әсіресе, ол өзінің замандасытары, бірі мұғтазилиттер тарапынан «Имаму әһли әл­Ард» (жер беті тұрғындарының имамы) деп аталған әл­Ка῾би, енді бірі Әбу ῾Умар әл­Бәһили сынды мұғтазилиттік бағыттағы ғалымдардың көзқрастары мен еңбектерін қатаң сынап, оларға жауап жазған. Сондай­ақ, Қарматилер және Рафизиттер сынды экстримистік діни­саяси топтарға да жауап жазған.[11]

Имам Матуридидің фиқһ және фиқһ методологиясы саласы бойынша жазған еңбектері бізге жетпесе де, олардың таза ханафи мазхабы бойынша жазылғанында күмәніміз жоқ. Өйткені, оның Құран тәпсірі Тәуиләт әл-­Құранда үкім аяттарын талдағанда кейде ханафи мектебінің белді өкілдері Әбу Ханифаның және оның екі ізбасары имам Әбу Юусуф пен имам Мұхаммедтің көзқарастарына жүгінгені әрі имам Шафиғидің кейбір фиқһи көзқарастарын сынағаны белгілі.     

Ал бізге жеткен еңбектеріне келсек, олар – бір ғана қолжазба нұсқасы сақталған «Китәб әт-таухид» және қырық шақты қолжазба нұсқасы бар «Китәб әт­Тәуиләт»/«Тәуиләт әл-­Құран» атты екі еңбегі ғана.[12] Дегенмен, аталмыш қос еңбек оның ең негізгі, қомақты әрі тың туындылары болып табылады.

«Китәб әт-таухид»: Әбу әл­Йуср әл­Паздауи мен Әбу Муғин ән­Нәсәфи сынды классик ғалымдар өз еңбектерінде бұл еңбекті осылай атаған.[13] Аталмыш екі ғалым да кәләм саласы бойынша өз еңбектерін жазғанда осынау сүбелі еңбекті үлгі тұтқаны белгілі.[14] Ал «Кәшф әз­Зунун» және «Һәдият әл­῾арифин» атты дереккөздерде бұл кітап һәм «Китәб әт-таухид», һәм де «Исбәт әс­Сифат» деп аталған.[15] Дегенмен, Матуриди жайлы жазған калассик және кейінгі буын ғалымдардың барлығы дерлік бұл еңбекті «Китәб әт-таухид» деп атағанды жөн санаған.[16]

«Китәб әт-таухид» имам Матуридидің кәләм іліміне қатысты пікірлерінің жиынтығы болғандықтан «матуриди» сенім мектебінің негізгі кітабы саналады. Матуриди бұл еңбегінде сунниттік бағыттың басты қағидаттары мен сенімін тарқатып түсіндіріп, өзге бағыттар мен мазхабтардың сенімі мен пікірлерін ақыл мен нақылға негізделген бұлтартпас дәлелдермен теріске шығарған. Сондықтан бұл еңбек кәләм ілімімен қатар, мұғтазилиттерден бастап, түрлі діни­пәлсапалық және діни­саяси мазхабтар мен ағымдардың сенімі мен ұстанымы жайлы мәлімет беретін әрі олардың көзқарастарын қатаң сынап, терістейтін классикалық қайнаркөздердің бірі болып табылады.

Бұл еңбектің жалғыз қолжазба нұсқасы Кембридж университетінің кітапханасында сақтаулы. Тіркелген нөмірі: 3651. Қолжазба орташа көлемдегі 206 парақтан, әр парақ екі беттен тұрады, сондай­ақ әр беті 21 жолдан тұрады. Бұл еңбекті аталмыш түпнұсқа негізінде Фетхуллаһ Хулейф ең алғаш болып зерттеп, қомақты кіріспе жазып, 1970 жылы Бейрут қаласында жарыққа шығарды.

Матуриди бұл еңбегін таным теориясын тарқатып түсіндірумен бастаған. Осылайша ол өзінің теологиялық тұжырымдарын эпистемологияға негіздеу арқылы өз ілімінің іргетасын мықтап қалай білді. Әсілі, бізге жеткен ең көне теологиялық еңбектер арасында Матуридидің осы «Китәб әт­Таухид» атты еңбегі ғана таным теориясымен басталған. Яғни, имам Матуридиді өзінің теологиялық көзқарастарын эпистемологияға негіздеп жазған алғашқы кәләм ғалымы десек болады. Өйткені, Матуридиден бұрын бірде-бір кәләм ғалымы «таным» теориясын өз алдына бөлек тақырып ретінде қолға алмаған. Мысалға, әшғарилік кәләм мектебінің негізін қалған имам Әшғаридің (қ.ж.324/935) бізге жеткен «Китәб әл-лума῾» және «әл-Ибәнә» атты еңбектерінде таным мәселесіне қатысты арнайы бөлім жоқ.

Ал Матуридиден кейінгі ғалымдарға келсек, олардың басым көпшілігінің өз еңбектерінің кіріспесінде «таным» теориясы жайлы жазғанын көреміз. Бұл олардың Матуридиден үлгі алғандығының айғағы. Мысалға Матуриди мектебінің белді өкілі Әбу Му῾ин Мәймун ән-Нәсәфи (қ.ж.508/1114) өзінің кәләм іліміне қатысты «Табсират әл-әдиллә» атты еңбегінің басында «таным» теориясы жайлы сөз қозғап, адам баласы ғылым-білімге және сол арқылы ақиқатқа қандай жолдармен жететіні жайлы жазған.[17] Әбу әл­Йуср әл­Паздауи де «Усул әд­дин» атты еңбегін таным теориясын баяндаумен бастайды.[18] Нур әд-Дин әс-Сабуни де «әл-Бидәйа» атты еңбегін білім алу жолдарын, яғни, «таным» қайнаркөздерін түсіндірумен бастаған.[19] Сондай-ақ аталмыш ғалымдардан басқа да көптеген матуриди ғалымдары осы дәстүрді берік ұстанған.

Тіпті, Матуридидің ізбасарларын былай қойғанда, Бақилләни (қ.ж.403/1013), Абдуқаһир әл-Бағдади (қ.ж.429/1037), имам әл­Харамейн әл­Жуейни (қ.ж.478/1085), имам әл­Ғазали (қ.ж.505/1111), Фахруддин әр-Рази (543/1148-604/1209) және Адудуддин әл­Ижи (қ.ж.756/1355) сынды әшғари мектебінің белді өкілдері де «таным» мәселесіне ерекше көңіл бөліп, өз ілімдерін эпистемологояға негіздеуге ерекше мән берген.[20] Міне, осыған қарап, аталмыш ғалымдар өздерінің ғылыми тұжырымдарын эпистемалогиялық тұрғыдан негіздеу мәселесінде Матуридидің осы еңбегінен үлгі алған деуге толық негіз бар.

«Китәб әт­таухид» атты еңбектің қысқаша мазмұны: Кіріспе (таным қайнаркөздері және оларды жоққа шығаратындарға дәйекті жауаптар), иләһият мәселелері (Алланың «әзәли» (әуелден бар) болуы, ғаламның жаратылысы, материялдық әлем арқылы ғайып әлемін дәлелдеу мәселесі, Алланың «зати», «сәлби» және «хабари» атрибуттары, муташабиһ мәселелер, таухид, дуалистік сенім мен дахриттік, гностикалық және софистік көзқарастарды теріске шығару үшін алға тартылған дәйекті тезистер және т.б.), «нубууәт»/пайғамбарлық мәселесі (адамзаттың пайғамбарларға мұқтаждығы, Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) пайғамбарлығын дәлелдеу және т.б.), «қада» және «қадар»/тағдыр мәселесі (адамның іс­әрекеті, еркі мен қалауы, ажал және ризық мәселесі, қадариттердің/мұғтазилиттердің тағдырға қатысты көзқарастарын терістейтін жауаптар), үлкен күнә мәселесі, иман мен ислам терминдерінің арақатынасы сынды тақырыптарды қамтиды.

«Китәб әт-тәуилат»: Матуридидің ең елеулі де, қомақты еңбегі ислам дінінің ең басты қайнаркөзі ‒ Құран Кәрімге жасаған тәпсірі болып табылады. Тәуиләт әл-Құран және Тәуиләт әһл әс­­суннә[21] деп аталып жүрген бұл еңбектің негізгі атауы – Китәб әт­­Тәуиләт. Өйткені бұл еңбекке түсіндірме (шарх) жазған Әбу Бәкр Мұхаммед ибн Ахмад ᾽Ала әд­Дин әс­­Самарқанди (538/1144 ж.қ.) түсіндірменің кіріспесінде оны Китәб әт­Тәуиләт деп атаған.[22] Сондай­­ақ, Әбу әл­­Йуср әл­­Паздауи (493/1099 ж.қ.) да Усул әд­­дин атты еңбегінің кіріспесінде аталмыш еңбекті Китәб әт­­Тәуиләт деп атаған.[23] Ал еңбектің Тәуиләт әл-Құран деп аталуы бәлкім Әбу Му῾ин ән­Нәсәфидің Табсират әл­­әдиллә атты еңбегінде имам Матуридидің еңбектерін атағанда: «Әбу Мансұр әл­­Матуридидің Құранның тәуиліне қатысты еңбегі – теңдессіз кітап»,[24] ‒ деген сөзінен туындаса керек. Сонымен қатар, «табақат» кітаптарының көбінде бұл еңбектің атауы Тәуиләт әл-Құран деп келген. Ал Тәуиләт әһл әс­­суннә деген атауға келсек, атынан да көрініп тұрғандай, бұл еңбектің сунниттік сенім негізінде жазылғандығын және имам Матуридидің сунниттердің көшбасшы имамдарының бірі ретінде қабылданғандығын көрсетеді.

Ал енді бұл еңбектің Китәб әт­Тәфсир немесе Тәфсир әл­Құран емес Китәб әт­Тәуиләт немесе Тәуиләт әл­Құран деп аталуының себебі, Матуриди бұл еңбектің кіріспесінде Құран іліміндегі тәпсір мен тәуил ұғымдарының ара-жігін ажыратып былай түсіндірген: «Тәпсір сахабаларға, ал тәуил ғалымдарға тиесілі. Мұның мәні ‒ сахабалар бәріне куә болғандықтан Құран аяттарының не үшін әрі қандай мәселеге қатысты түскенін нақты білген. Құран аятының тәпсірі тәуилге қарағанда маңызды, өйткені тәпсір ‒ Алланың нені меңзегенін (яғни аяттың нақты мән­мағынасын, ақиқатын) білдіреді. Ол (Алланың атынан) куәлік ету секілді, сондықтан оны тәпсірлеу (аяттың қандай мәселеге қатысты және не себепті түскенін) нақты білетін кісіге ғана рұқсат етіледі. Осыған байланысты, (бір хадисте): «Кімде­кім Құранды өз ойымен, өз бетінше тәпсірлейтін болса, тозақтағы орнына дайындалсын», – делінген. Өйткені ол Құран аятын тәпсірлеу арқылы Алланың атынан куәлік еткен (яғни Алланың атынан сөйлеп, үкім айтқан) болады».[25] Міне осылайша Матуриди тәпсір ұғымын Алла меңзеген мағынаны нақты білу деп түсіндірсе, тәуил ұғымын Алла меңзеген мағынаның не екеніне қатысты кесімді пікір білдірмей, «бұл аятта Алла меңзеген мағына мынау болуы мүмкін», дегендей, дұрыс болуы ықтимал бірнеше мағынаның бірін таңдау деп түсіндірген. Міне сондықтан да, ол бұл еңбегін Китәб әт­Тәфсир емес, Китәб әт­Тәуиләт деп атаған.

Көптеген ғалымдар Китәб әт­Тәуиләттың бағажетпес теңдессіз еңбек екенін айтқан. Солардың бірі Әбу Му῾ин ән­Нәсәфи Табсират әл­әдиллә атты еңбегінде: «Әбу Мансур әл­Матуридидің Құранның тәуиліне қатысты еңбегі – теңдессіз кітап»,[26] ‒ деген. Сондай­ақ оның шәкірті шейх, имам ᾽Ала әд­Дин әс­Самарқанди Китәб әт­Тәуиләтқа жазған түсіндірмесінің кіріспесінде былай деген: «Шейх, имам, ᾽аламу әл­­Һуда Әбу Мансур Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Махмуд әл­Матуридиге (р.а.) тиесілі Китәб әт­Тәуиләт ‒ сунниттік бағыттың таухид/сенім негіздерін, сондай­ақ Әбу Ханифа және оның ізбасарларының (а.р.) мәзһабының фиқһ негіздері мен тармақтарын Құранға сай баяндайтын аса қадірлі әрі өте пайдалы еңбек».[27] Ал имам ᾽Абд әл­Қадир әл­Қураши (қ.ж.х.775) бұл еңбекке: «Ол – теңдессіз кітап, тіпті, Матуридиден бұрын сол сала бойынша қалам тартқандардың еңбектерінің ешбірі оған мүлде жуықтай алмайды», ‒ деп жоғары баға берген.[28]

Әсілі бұл еңбекке қарап, имам Матуридидің діни ілімдердің бәрін жоғары деңгейде меңгерген біртуар ғұлама болғанын анық көруге болады. Ол бұл еңбегінде өз дәуірінде болған, бүгінге дейін жалғасын тапқан, мұсылмандардың бірлігі мен татулығына сызат түсіретін сенімге және діннің өзге де тармақ мәселелеріне қатысты түйіткілді мәселелерді Құран аяттарын талдай отырып шешуге тырысқан. Бұл еңбек оның тек қана кәләм ілімі бойынша емес, фиқһ ілімі, фиқһ методологиясы, қирағат ілімі, хадис ілімі, мазхабтар тарихы және жалпы Құран ілімі бойынша асқан білгірлігі мен терең ілімінің жемісі болып табылады.

Негізінде Әбу Мансур Матуриди Құранға біртұтастық принцібі шеңберінде қарау бағытын ұстанған. Оның методологиялық әдісі бойынша Құран сүрелері мен аятары арасында тығыз байланыс пен толыққанды үйлесімділік бар.  Осыған орай ол Құранды «әл­Китәб әл­Мутлақ» яғни, бір жақты қарауға келмейтін бәрін қамтушы «абсолютті кітап» деп атаған. Өйткені оның түсінігінше Құран – адамның рухы мен жандүниесіне, ақыл­ойы мен сана­сезіміне яғни, бүкіл болмыс­бітіміне тіл қататын иләһи кітап. Сондықтан Матуриди Құранды дұрыс түсініп, дұрыс пайымдау әрі өзгелерге түсіндіру мақсатында бар қабілеті мен білімін, күш­жігері мен қажыр­қайратын қолданып, талмай еңбек еткен. Нәтижеде оның Китәб әт­Тәуиләт атты еңбегі өзінен кейінгі дираят тәпсірлеріне соны үлгі болып, ғасырлар өтсе де құндылығын жоғалтпайтын ислам дінінің ой­сана тарихындағы ең қомақты да, елеулі еңбектердің біріне айналды.

Аталмыш еңбектерден бөлек имам Матуридиге телінген, алайда оған тиесілі емес басқа да еңбектер бар, атап айтсақ олар: «Шәрх әл­Фиқһ әл­Әкбар», «Китаб әл­῾ақида» (Рисәлә фи әл­῾ақидә), «әр­Рисәлә фи әл­Иман», «Шарх китаб әл­Ибәнә ли Әш῾ари», «Уәсая уә мунәжат», «әр­Рисалә фи мә лә иәжузу әл­уақф ῾алейһи фи әл­Қуран». Кейінгі матуридитанушы ғалымдар аталмыш еңбектердің Матуридиге қателікпен телінгендігін анықтаған. Сондай-ақ аталмыш еңбектердің Матуриди және оның еңбектері жайлы мәлімет берген ең көне қайнаркөз саналатын Әбу Му῾ин ән­Нәсәфидің «Табсират әл­Әдиллә» атты еңбегінде мүлде аталмауы олардың Матуридиге тиесілі еместігін нақтылай түседі.

[1] ᾽Ала әд­Дин әс­Самарқанди, «Шәрх әт­Тәуиләт», I, 1-3. (қар. Мұхаммед Мустафиз ар­Рахман, «Тәуиләтқа кіріспе», Бағдат, 1983, 23 б.)
[2] ᾽Ала әд­Дин әс­Самарқанди Әбу Му῾ин ән­Нәсәфи және Садр әл­Ислам Әбу әл­Йуср әл­Паздауидің шәкірті. Имам Матуридидің «К. әт­Тәуиләт» атты еңбегіне сегіз томнан тұратын түсіндірме жазған. Бұл еңбек әлі күнге дейін қолжазба күйінде сақталулы. Бекир Топалоғлуның басшылығындағы зерттеушілер тобының «К. әт­Тәуиләтқа» жасаған зерттеуінде осы түсіндірмеге жүгінілген. Бұл «К. әт­Тәуиләтқа» жасалған соңғы зерттеу болып, он жеті томнан тұрады.
[3] Нәсәфи, I 359 б.
[4] Бекир Т. «Ебу Мансур ел­Матуриди Тевилат ел­Куран», кіріспе, Ыстамбұл, 2005, I XXIV-XXV бб.
[5] Брокелманның Көпрүлү және Сулеймания кітапханаларында осы еңбектің қолжазба нұсқасы деп көрсеткен нұсқалардың кейіннен имам Матуридиге тиесілі емес екені анықталған. Дегенмен бұл еңбекті атап өткен немесе одан пайдаланған қайнаркөздер бар олар: Әбу әл­Йуср әл­Паздауи, 241 б. Нәсәфи, а.қ.к. I, 52, 162, 405 бб. II 829, 834 бб.
[6] Мұғтазилиттік бағытты ұстанған Матуридидің замандасы толық аты­жөні Әбу әл­Қасим Абдуллаһ ибн Ахмад әл­Бәлхи әл­Кә῾би (қ.ж.317-19/)
[7] Бұл еңбектен пайдаланған қайнаркөз: Нәсәфи, II, 567 б.
[8] Әбу ῾Умар Мұхаммед ибн ῾Умар ибн Са῾ид әл­Бәһили әл­Басри (300/913) (қар. Ибн ән­Нәдим, 219 б.) Бұл ғалым кейбір әдебиеттерде Әбу Мұхаммед әл­Бәһили деп аталған. (қар. Әйюуб Али, «῾ақидәт әл­Ислам уә әл­Имам әл­Матуриди», Бангладеш, 1983 273 б. Хулейф Ф. Китәб әт­Таухид кіріспесі, 6م)
[9] Бұл еңбектен пайдаланған қайнаркөздер: Әбу Му᾽ин ән-Нәсәфи, I, 146 б.II, 784 б. ᾽Ала әд­Дин әс­Самарқанди, «Мизән әл­Усул», 70, 659-660, 699, 746 бб.
[10] Бұл еңбектен пайдаланған қайнаркөздер қар. Әбу әл­Йуср әл­Паздауи, v. 113b.
[11] Хулейф Ф. «К. әт­Таухид кіріспесі», Ыстамбұл 1979. 6م б.
[12] Сөнмез К. 26 б.
[13] ән-Нәсәфи, I, 359 б. Паздауи,14 б.
[14] Әсіресе, аталмыш екі ғалымның кәләм саласы бойынша жазған еңбектері таным теориясын баяндаумен басталады. Қар. Матуриди, «Китәб әт­Таухид», ред. Б. Топалоғлу, М. Аручи, Анкара, 2003, 3-21 бб. Нәсәфи, I, 3-24 бб. Паздауи, 17-23 бб.)    
[15] Хажи Халифа, II 1406 б.
[16] Бекир Топалоғлу, «Китәб әт­Таухид кіріспесі», Анкара, 2003, XIX б.
[17] ән-Нәсәфи, «Табсира». ред. Мухаммад әл-Әнуар Хамид ῾Иса. Каир, 2011. I, 141-150 бб.
[18] Паздауи, 17-23 бб.
[19] Нур әд-Дин әс-Сабуни, «Китәб әл-Бидая мин әл-Кифәйә фи әл-Һидая мин Усул әд-Дин», ред. Фетхуллаһ Хулейф,  ‒ Каир: 1969, 29-33 бб.
[20] Мұхаммед Мустафиз ар­Рахман, «Тәуиләтқа кіріспе», Бағдат, 1983, 28 б. Ханифи Өзжан, «Матуридиде билги проблеми». Ыстамбұл, 2012, 30 б.
[21] Хажи Халифа, I 336 б.
[22] ᾽Ала әд­Дин әс­Самарқанди, v.1a.
[23] әл­Паздауи, 14 б.
[24] ән­Нәсәфи, I 359 б.
[25] Матуриди, Тәуилат әһл әс­Суннә, 349 б.
[26] ән­Нәсәфи, I 359 б.
[27] ᾽Ала әд­Дин әс­Самарқанди, v.1a.
[28] әл­Қураши, 130-131 бб.

0 пікір