Заманауи дін: «Еркін иман» немесе «Дінсіз сенім» теориясы
Заманауи дін: «Еркін иман» немесе «Дінсіз сенім» теориясы
1 сағат бұрын 71 islam.kz/
Фараж Кунди

Мұхаммед Иқбал (Алла оны рақымына бөлесін) былай деген:

«Кім дінсіз өмір сүруге разы болса, ол жоқ болуды өмірінің серігі етіп алған болады».

Соңғы ғасырларда, әсіресе неміс философы Иммануил Канттан кейін, Батыс философиясында «еркін иман» (Free Faith) деген ұғым қалыптаса бастады. Оның мақсаты – рухани өмірді белгілі бір діннен бөліп қарастыру, адам мен діннің арасындағы байланысты әлсірету, ақыр соңында дәстүрлі діндерден бас тартуға жол ашу.

Бұл – ресми дінге сүйенбейтін, әркімнің өз қалауымен қалыптастыратын жеке философиялық сенім. Онда құлшылық та, діни рәсімдер де міндетті саналмайды.

Осы ағымның өкілдері Канттың мына пікірін негізге алады:

«Қазіргі адамның өткен ұрпақтардан артықшылығы – оның өзін еркін жаратылыс деп тануында. Ол өз ақылымен ойлап, өз әрекетіне өзі моральдық баға бере алады. Сондықтан ешбір сыртқы билікке тәуелді болмауы керек».

Осыдан кейін олар «ғибадатсыз дін», «адам өзі жасаған сенім» идеясын ұсынады. Мұнда иләһи уахиға, Алланың әміріне орын жоқ. Шын мәнінде, бұл – діннен азат болуға шақыру, бірақ оны «жаңа дін» деп атайды.

Олардың пікірінше, көктен түскен діндердің өзі – адамзат проблемасының негізгі себебі.

«Аспандық діннен» «ақыл дініне» қарай

Бұл ағымның басты сұрағы:

  • Адамзатты құлшылыққа негізделген діннен «ақыл дініне» қалай көшіреміз?

  • Белгілі бір қауымға келген тарихи діндердің орнына бүкіл адамзатқа ортақ «әмбебап ақыл дінін» қалай құрамыз?

Алайда мұндай ұстанымның астарында дінді жаңарту емес, оның өзін жоққа шығару жатыр. Бұл – адам баласының табиғатына, ақылға әрі барлық пайғамбарлардың алып келген ақиқатына қайшы көзқарас.

«Еркін иман» деген не?

Осы идеяны жақтаушылардың бірі былай дейді:

«Еркін иман – ресми діндердің ешқайсысына тәуелді болмайтын жеке адамның сенімі. Бірақ еркін иман иесі атеист те емес, дінсіз де емес».

Ендеше ол кім?

Олардың түсіндіруінше, еркін иман – адамның Алла туралы түсінігін дәстүрлі діндердің ықпалынан босатып, оны тек адамның өз ақылына сүйендіру.

Сондықтан бұл сенімнің мәні адамзат шеңберінен аспайды. Мұндай адам үшін дәстүрлі діннің ақидасы, иман мен күпірдің өлшемдері маңызды болмай қалады.

Тіпті олар ашық түрде былай дейді:

«Қоғам діннен алыстағаннан соң атеизмнің қажеті жоқ. Тек иманды жүйелі діндерден азат ету керек болды», – дейді.

Яғни бұл – діннен кейінгі руханият. Өздері оны «этикалық», «рухани», «адамгершілік» сенім деп сипаттайды.

Бірақ ислам тұрғысынан қарағанда, дін мен иманнан кейін не қалады?

Ақыретті жоққа шығару

Бұл ағымның ең қауіпті тұстарының бірі – өлімнің ақыреттік маңызын жоққа шығару.

Олардың мақсаты – өлімді қайта тірілуге, есеп күніне, жұмақ пен тозаққа апаратын өткел емес, адамның өмірінің табиғи аяқталуы ретінде ғана қарастыруды қалыптастыру.

Бұл – Құранда айтылған ежелгі дәһрилердің (әлемді мәңгі дейтін философтардың бір тармағы) ұстанымының жаңаша көрінісі.

Алла Тағала былай дейді:

«Біз қайта тірілтілеміз бе екен (Исра, 49)

«Бізді уақыт қана құртады!» (Жәсия, 24)

«Шіріп кеткен сүйектерді кім тірілтеді екен (Ясин, 78)

Осындай сөздерді кезінде Құрайыш мүшріктері де айтқан еді. Алла Тағала оларға былай жауап берген болатын:

«Айт: Оларды алғаш жаратқан Алла қайта тірілтеді. Ол барлық жаратылысты толық білуші» (Ясин, 79).

Сондай-ақ:

«Көктер мен жердегі барлық нәрсе Аллаға тән. Ол жамандық жасағандарды ісіне қарай жазалайды, ал жақсылық жасағандарды ең көркем сыймен марапаттайды» (Нәжм, 31).

Ақыретке сенім – Алланың бүкіл әлемнің иесі екендігін мойындаудың табиғи нәтижесі. Әлемнің Иесі ғана әділ есеп алып, толық жаза немесе сый бере алады.

Тағы бір аятта:

«Сендер бұрынғы және кейінгі барлық адамдар белгілі бір күнде міндетті түрде жиналасыңдар» (Уақиға, 47–50).

Шын мәнінде, «еркін иман» Канттың «Дін – ақылдың шегіндегі құбылыс» деген тұжырымын жалғастырады.

Бұл көзқарас бойынша дін – тек моральдық қағидалар жиынтығы ғана. Ал парыз, харам, сауап, күнә, уахи, ақырет секілді ұғымдар адамның еркіндігін шектейтін түсініктер ретінде қарастырылады.

Алла Тағала былай дейді:

«Өлімді араларыңа Біз белгіледік. Біз бұған дәрменсіз емеспіз. Сендерді басқа бейнеге ауыстыруға және өздерің білмейтін түрде қайта жаратуға құдіретіміз жетеді. Алғашқы жаратылысты білдіңдер ғой. Ендеше неге ойланбайсыңдар?» (Уақиға, 60–62).

Иман мен ақыретке сену – адамның ең негізгі рухани қажеттілігі. Ол тамақтан, судан, киімнен де маңызды.

Өйткені адамды адам ететін – Аллаға және ақырет күніне деген сенім.

Бұл ағымның жақтаушылары Батыстағы постсекулярлық көзқарасқа сүйеніп:

«Иман – әр адамның жеке мәселесі», – дейді.

Сондықтан қоғам жеке тұлғаның ғана еркіндігін қорғауы тиіс деп есептейді.

Осының нәтижесінде олар:

  • мұсылман міндетті түрде діндар болуы шарт емес;

  • діни амалдар – тек мәдени дәстүр ғана;

  • құлшылық – жеке таңдауға байланысты,

деген тұжырымға келеді.

Тіпті олар адамның ішкі сезімін ғана сенімнің қайнары деп қабылдап, Жаратушының басшылығы мен уахидың қажеттілігін жоққа шығарады.

«Дінсіз сенім» немесе «еркін иман» идеясы сырттай руханиятты дәріптегенімен, оның түпкі мақсаты – иләһи дінді қоғамдық өмірден алыстату, уахиды адамның ақылымен алмастыру және құлшылықсыз, діни ақидасыз «жаңа сенім» қалыптастыру.

Ислам тұрғысынан мұндай көзқарас – дінді теріске шығаратын, Алланың әмірінен қашуға үндейтін және ақыр соңында адамды иманнан алыстататын қауіпті ағымдардың бірі1.

Ескертпе: 

Мақалада сөз болып отырған «الإيمان الحر» (еркін иман) немесе «ما بعد الملة» (діннен кейінгі сенім) – қазіргі постсекулярлық және постмодернистік философтардың тұжырымдамасы. Олар Канттың:

  • дінді ақыл арқылы түсіндіруі;
  • моральды діннен жоғары қоюы;
  • «рационалды сенім» идеясын одан әрі дамытып, кейде дәстүрлі діннің өзін қажет емес деп есептейтін деңгейге жеткізген. Сондықтан мақала авторы бұл ағымды Канттан бастау алады деп көрсетеді. Бірақ бұл Канттың өз теориясы емес, оның идеяларының кейінгі интерпретациясы).

1 Фараж Кунди, "әл-Кинди" зерттеу орталығының төрағасы. Ливия. Автордың: الإيمان الحر وما بعد الملة .. إيمان بلا دين" ولا عقيدة!» атты мақаласының ықшамдалған түрі. Дереккөз: islamonline.net

0 пікір