Қабірдің адам баласына айтар сөзі
Қабірдің адам баласына айтар сөзі
3 ай бұрын 9688

Әбу Сағид әл-Худриден (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте былай делінеді:

«Бірде Пайғамбар (с.а.с.) мешітке кірген кезде ақсия күліп отырған адамдарды көріп:

«Ләззат пен дүниеге құштарлықты жоюшыны (өлімді) жиі еске алыңдар! Себебі қабір адам баласына әр уақыт: «Мен бейтаныстар мекенімін, мен жалғыздар мекенімін, топырақ мекенімін, құрт-құмырсқалар мекенімін», – дейді. Мүмін пенде жерленген кезде көр оған:

«Менің үстімде өмір сүргендердің ішінде өзіме қатты ұнаған жандардың қатарынан едің, хош келдің, бүгін маған келдің және қойныма ендің, саған енді не істейтінімді көресің» дейді. Сөйтіп көзі жеткен жерге дейін қабірі кеңейтіліп, оған жаннатқа қарай есік ашылады… Ал егер күнәкар жаман адам немесе кәпір жерленсе, оған қабір:

«Саған «хош келдің» деп айтпаймын, менің үстімде өмір сүретін пенделердің арасындағы ең жек көретіндерімнің бірі едің, енді бүгін маған келдің және қойныма ендің, енді саған менің не істейтінімді көресің» дейді. Cөйтіп қабірдің екі жағы сығылып, дене мүшелері бір-біріне жабысып, қабырғалары айқасады», – дейді, сосын Пайғамбар (с.а.с.) саусақтарын бір-біріне айқастырып: «Оны Алла жетпіс улы жыланмен байлайды. Егер сол жыландардың біреуі жерге қарай демін жіберсе, ештеңе өспес еді әрі дүниеде ештеңе қалмас еді, онымен әбден есеп айырысқанша олар оны шағып азаптайды...», – деді», – деген. Содан Әбу Сағид әл-Худри сөзін жалғастырып:

«Пайғамбар (с.а.с.): «Расында, қабір жаннаттың бау бақшаларынан бір бақша немесе тозақ шұңқырларынан бір шұңқыр», – деді», – деді. (Тирмизи).

Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын):

«Пайғамбармен (с.а.с.) бірге жаназаға қатыстық, бейіттердің жанында отырып Пайғамбар (с.а.с.): «Осы көрге кірісімен, көр: «Ей, адам баласы! Мені қалай ұмыттың?! Менің жалғыздықтың, тылсым сыр мен қорқыныштың мекені екенімді білмедің бе? Құрт-құмырсқалар мен суық топырақтың мекенімін, тек қана Алла кеңіткендерге ғана кеңмін әрі жақсымын» деп, сөйлейді», – деп, содан кейін Пайғамбар (с.а.с.) сөзін ары қарай жалғастырып: «Қабір жаннаттың бау-бақшаларынан бір бақша немесе тозақ шұңқырларынан бір шұңқыр», – деді», – деген. (Табарани).  


  Мәжди Мұхаммед әш-Шиһәуи: "Қабір азабы" кітабынан. Қазақ тілінде. Аударған: А. Зулай.

0 пікір