Имам Ғазали: «Хәкім» деп кімді айтамыз?
Имам Ғазали: «Хәкім» деп кімді айтамыз?
15 сағат бұрын 220
islam.kz

ӘЛ-ХАКИМ (Дана, Толық хикмет иесі)

Бұл — Имам әл-Ғазалидің «Әл-Мақсад әл-асна» еңбегінен алынған «Әл-Хаким» (Дана, Хикмет иесі) көркем есімінің терең мағынасын түсіндіретін үзінді.

«Хаким» — хикметке ие дегенді білдіреді. Ал хикмет дегеніміз — ең абзал ғылым арқылы ең ұлы нәрсені танып-білу.

Ең ұлы зат Ол - Жаратушы Алла Тағаланың Өзі. Оның Шын мәнін (күнһін) Өзінен басқа ешкім толық тани алмайтыны бұған дейін де айтылды.

Шынайы Хаким — Алланың Өзі. Өйткені, Ол ең Ұлы Нәрсені ең Ұлы Біліммен біледі. Ал ең Ұлы білім — әзәли және үздіксіз білу, яғни, ешқашан жоғалмайтын, өзгермейтін, күмән мен көмескілік атымен жоқ, ақиқатпен толық сай келетін Алланың азалдан бар әрі мәңгілік білімі. Бұндай қасиет тек Алла Тағаланың біліміне ғана тән.

Кейде белгілі бір шеберліктің ең нәзік сырларына қанық, оны өте шебер әрі меңгеріп істейтін адамды да «хаким» (істің шебері, хакім) дейді. Бірақ мұндай шеберліктің де кәмілдігі — тек Аллаға тән. Сондықтан Ақиқат Сұлтаны, Шынайы Дана (Хаким) — тек Алла Тағала.

Алланы танымаған — дана емес:

Әлемдегі барлық нәрсені білсе де, Күллі Әлемнің Иесі — Алланы танымаған адам «хаким» (дана) деп аталуға лайық емес. Өйткені ол нәрселердің ең абзалы, ең ұлы Затты (Алланы) танымады. Хикмет – білімнің ең ұлысы десек, ал білімнің деңгейі — білінген заттың ұлықтығымен (таным объектісімен) өлшенеді. Алладан ұлы ештеңе жоқ.

Алланы таныған — шынайы дана:

Керісінше, кім Алла Тағаланы таныса — ол дана. Тіпті ол адам өзге де оқу-сызу, ғылым-білімде зерек болмай, сөзге шорқақ, шешендігі кемшін болса да.

Алайда, құлдың хикметі мен Алланың Хикметінің арақатынасы — құлдың Алланы тануы мен Алланың Өзін-Өзі тануы сияқты арасы жер мен көктей. Ол екі танымның арасы қаншалықты алшақ болса, екі хикметтің арасы да сондай. Осы алшақтыққа қарамастан, Алланы тану — білімдердің ішіндегі ең бағалысы әрі ең қайырлысы. «Ал кімге хикмет берілсе, оған мол қайыр (жақсылық) берілгені». (аят).

Даналық сөздің сипаты:

Иә, Алланы таныған адамның сөзі де өзгелердің сөзіне ұқсамайды. Ол майда-шүйде ұсақ-түйекке ұрынбай, мәселелерді жалпылай, ауқымды қарастырады. Адамның тек осы өткінші дүниедегі пайдасын емес, оның Ақыреттегі (мәңгіліктегі) пайдасын көздейді.

Халық арасында «даналық» түсінігі осы сөздердің тереңдігінен көрінетіндіктен, адамдар мұндай кең мағыналы, астарлы сөздерді де «хикмет», ал оны айтушыны «хаким» (дана) деп атап кеткен. Мәселен, адамзаттың ардақтысы Пайғамбарымыздың (с.а.у.) асыл сөздері осы хикмет танымына мысал бола алады:

  • «Даналықтың басы — Алладан қорқу.»

  • «Ақылды (дана) адам — өз нәпсісіне есеп беріп, өлімнен кейінгі өмірге амал еткен адам. Ал әлсіз (шарасыз) адам — нәпсісінің қалауына еріп, Алладан үміт етіп қойып отырған адам.»

  • «Аз да болса жеткілікті болған нәрсе — аздырып, еліктіретін көп нәрседен артық.»

  • «Кімде-кім таңертең денесі сау, отбасы аман, бір күндік асы бар күйде оянса — оған бүкіл дүние сыйға тартылғандай.»

  • «Тақуа (күнәдан аулақ) бол — адамдардың ең құлшылықшылы боласың. Қанағатшыл бол — адамдардың ең шүкіршілі боласың.»

  • «Сынақ пен бәле — адамның тіліне байланған.» (Не айтсаң, соны тартасың).

  • «Адамның мұсылмандығының көркемдігі — өзіне қатысы жоқ (пайдасыз) нәрселерді тәрк етуінде.»

  • «Бақытты адам — өзгеден ғибрат алған адам.»

  • «Үндемеу (үнсіздік) — данышпандық (хикмет), бірақ оны ұстанатындар аз.»

  • «Қанағат — таусылмайтын байлық.»

  • «Сабыр — иманның жартысы, ал яқин (кәміл сенім) — бүкіл иман.»

Міне, осы сияқты терең сөздер мен нақылдар «хикмет» деп, ал оны айтқан тұлға «хаким» (дана) деп аталады.1

1Имам әл-Ғазали, «Әл-Мақсад әл-асна» еңбегінен алынған, Алланың «Әл-Хаким» (Дана, Хикмет иесі) көркем есімінің түсіндірмесі. Араб тілінде. 

0 пікір