83-бөлім: Күнәнің соңы
Ұлы Ислам ғұламасы, орта ғасырда өмір сүрген шоқтығы биік мұсылман тұлғалардың бірі Абдуррахман ибн әл-Жәузидің «Сайдуль-Хатир» (Көңіл түкпіріндегі ойлар) атты атақты еңбегінен алынып отыр. Мұнда Ислами ілімдердің ішіндегі фиқһ саласының (шариғат заңдары мен үкімдерінің жиынтығы және үкім шығары әдістемесі) қадір-қасиеті сөз болады.
425. Ақылы мен парасаты бар әрбір саналы жан күнә жасаудың соңы неге апарып соғатынынан қатты сақтанғуы тиіс. Өйткені Алла Тағала мен адам баласының арасында ешқандай туыстық немесе жақындық жоқ. Ол – әділдікпен үкім шығаратын, туралықпен таразылайтын Хакім. Расында, Оның мейірім-кешірімі күнәлардың бәрін кешіргенімен, қаласа – кешіреді де, қаншама ауыр күнәларды біржола кешіп жібереді, ал қаласа – тіпті кішкентай міні үшін де қатаң жауапқа тартады. Сондықтан, барынша абай болыңыздар, сақ болыңыздар!
426. Мен кезінде дүние-мүлікке малданған, жасырын да, жария түрде де әділетсіздік пен күнәға батып, шалқып өмір сүрген талай тәкаппар пенделерді көрдім. Олар өздері де ойламаған жерден таршылық пен бейнетке ұшырады. Түп-тамырымен қопарылып, ұрпақтары үшін қаз-қаз тігіп, берік орнатқан дүниелері де күл-талқан болды. Бұның бәрі олардың Ұлы Жаратушының алдындағы міндетін ұмытып, салғырт қарағанынан еді. Олар «жасаған жақсылықтарымыз істеген жамандықтарымызды жуып кетеді» деп қате ойлады. Нәтижесінде, қиял қайықтары қисайып, ішіне айла-шарғы мен күнәнің суы толып, түбінде батып кетті.
427. Ілім жолында жүрмін деп жүрген кейбір пенделердің де оңаша қалғанда Алла Тағаланың өздерін көріп тұрғанын ескермей, шектен шыққанын көрдім. Соның кесірінен Жаратушы ел алдындағы олардың жақсы атағын өшіріп тастады. Олар көз тірі болса да, жоқпен тең болып қалды; оларды көргенде жүрек қуанбайды, ешкімнің жүздесуге аңсары аумайды.
Ендеше, Алла Тағаланың бақылауында екенімізді ұмытып, әрдайым Оның назарында жүргеліктен қорқыңыздар! Өйткені Оның әділдік таразысы ең кішкентай тозаңдай нәрсені де анық өлшейді, ал беретін жазасы адасқандарды қашанда аңдып тұрады, тіпті бұл ұзаққа созылса да. Кейде адам өзін «кешірілдім» деп ойлайды, бірақ бұл – тек мұрсат беру ғана. Расында, күнәлардың арты жаман аяқталады.
Алла үшін, абай болыңыздар! Оңаша қалған сәттеріңізде де оңашалықты күнәдан сақтаңыздар! Жан дүниелеріңіз бен ішкі сырларыңызды түзеңіздер! Ниеттеріңізді түпкілікті дұрыстаңыздар! Өйткені Алланың назары сізде. Оның жұмсақтығы мен жомарттығына алданып қалудан сақ болыңыздар! Алланың жазадан кешіктіріп, ақырындап жұтуы (истидрадж) қаншама адамды тығырыққа тіреді десеңізші! Қателіктеріңізді үнемі бақылап, оны өшіруге жан салыңызшы! Жаратушыға жалынып-жалбарыну мен күнәдан тыйылудан артық пайдалы ештеңе жоқ.
Кімде-кім Алла жолында жүріп, бұл мақаланы зер салып ой елегінен өткізсе, оның пайдасын сөзсіз көреді.
428. Алланы әрдайым жадында ұстайтын бір тақуа кісі былай депті:
«Бір күні аса үлкен емес, шағын ғана бір ләззатқа қол жеткізуге мүмкіндігім болды. Нәпсім сол нәрсенің маңызы аздығына және Алланың мейірімі мен жомарттығының шексіздігіне сеніп, мені соған итермелей бастады. Сонда мен нәпсімді тоқтатып, өзіме былай дедім: – Егер осы нәпсінің қалауын жеңе алсаң, онда сен – нағыз ерсің! Ал егер осыған бой алдырсаң, онда сен ешкім де емессің! Сонан соң еркіне ерік беріп, кейін есімі ұмытылып, Алладан бет бұрудың кесірінен ауыр жазаға ұшыраған адамдардың халін нәпсімнің есіне салдым».
Нәпсім райынан қайтып, қате істен бас тартты. Барлық істе тауфиқ беруші – бір Алла!
Ибн Жәузи (рахимаһуллаһ), "Сайдул Хатыйр", араб тілінде. қазақшалаған islam.kz