«Дос қылатын адамда болуы керек бес сипат»
«Дос қылатын адамда болуы керек бес сипат»
1 жыл бұрын 7655
Имам Ғазали (рахимаһуллаһ)

Бисмилләһир рахманир рахим

Білім жолында серігің және дүние мен ақырет істеріңде жолдасың болар дос іздегенде, мына бес ерекшелікке мән бер:

1) Ақылдылық.

Ақымақпен жолдас болудың қайыры жоқ. Ақымақпен дос болудың арты - жалғыздық және айналаңның сенен күдер үзуіне алып келеді. Ақымақ дос саған пайда тигізгісі келсе де зиянын тигізеді. Ақылды дұшпан - ақымақ достан абзал деген...

2) Тәрбие. Көркем мінез.

Мінез-құлығы жаман адаммен де жолдастық құрма. Ондай адам - құмарлық пен ашу кезінде өз-өзіне ие бола алмайды... Әзіреті Әли (р.а.) көркем мінезді дос жайында мына бір өлең шұмағында былай деп жырлайды:

«Шынайы дос, ол - сенің қасында болған дос,
Саған пайда болсын деп, өзіне зиян келтірген дос,
Заманның қатері сені ренжіткенде,
Сені жинақтау үшін, өзін бөлшектеген дос».

3) Діндарлық.

Үлкен күнәларды табанды түрде істейтін пасық, күнәһармен жолдастық құрма. Алладан қорыққан адам үлкен күнәға бармайды. Алладан қорықпаған адамның кесепатынан аман қалу екіталай. Ондай дос жағдайға қарай өзгеріп отырады. Алла Тағала өзінің сүйікті пайғамбарына (с.а.у.) былай деп ескерткен:

«Жүрегі бізді еске алып зікір етуден ғапыл қылынған, әуесіне ерген және істері шектен шыққан адамға бойсұнба». («Кәһф», 28).

Пасықпен жолдастық құрудан сақтанғаның дұрыс. Шынында пасық адамды және оның істейтін күнә істерін көре-көре, жүрегіңдегі күнә істерге деген қарсы сезім жойылады, сосын күнә іс істеу жеңіл бола бастайды. Ғайбат айтуды әдетке айналдырған жүректерге «ғайбат айту» жеңіл іс сияқты көрінетіні сондықтан. Мәселен, бір дін ғалымының алтын сақина таққанын немесе үстіне жібек матадан тігілген киім кигенін көргенде, (ғайбаттап) оның ол ісін қатты сынға алып жатады. Шын мәнісінде ғайбат - одан да ауыр.

4) Дүниежанды емес.

Дүниеге берілген дүниеқормен достық құрма. Дүниежанды адаммен жолдас болу - өлтіруші умен тең. Өйткені адамның табиғаты - біреуге еліктеуге және ұқсауға бейім. Бір адамның табиғаты - екінші бір адамның табиғатынан байқатпай ұрлап отырады (яғни, біреудің мінез-құлығы мен іс-әрекеттері жұқпалы келеді). Сондықтан да, дүниқор адаммен отыру - сенің де дүниеге деген құштарлығыңды арттырады. Ал керісінше дүниеге қызықпайтын, қанағатшыл адаммен отыру - қанағатшылдығыңды арттырады.

5) Шыншылдық.

Өтірікшімен жолдас болма, әрдайым алданып жүресің. Өтірікші адам сағым іспетті, алысты жақын, жақынды алыс көрсетеді.

Бәлкім осы аталған ерекшеліктердің бәрін медресе мен мешітке келушілерден және адамдар жиналатын орындарға келушілерден таппауың мүмкін. Ондай кезде екеудің бірін істе:

  • Елден жырақ, өзің жалғыз өмір кеш, амандық тұрғысынан сен үшін ең пайдалысы осы.
  • Немесе жолдас болғың келген жолдастарыңмен аралас-құраластығың - олардағы жақсы ерекшеліктердің мөлшерінше болуы керек.

Екіншісін таңдаған жағдайда мына мәселені білгенің жөн. Достық пен бауырмалдық үш түрлі:

1) Ақыреттік дос. Бұндай достық түрінде діндарлығына мән бер.

2) Дүниелік дос. Бұндай достық түрінде көркем мінезділігіне мән бер.

3) Араласып тұратын дос. Мұндай дос түрінде зияны тимейтіндігіне мән бер1. 


1  Имам Ғазалидің «Бидәятуль Һидая» атты кітабынан. Араб тілінде.

Абдусамат Қасым

0 пікір