Ақида. «Алла Тағаланың қалауы барлық нәрсені қамтиды»
Ақида. «Алла Тағаланың қалауы барлық нәрсені қамтиды»
2 сағат бұрын 120 islam.kz/

Ислам ақидасындағы Жаратушының «Ирада» (қалау) сипаты туралы теологиялық баян. Мәліметтер Мәтуриди ғалымы Имам Сабунидің ақида кітабынан алынып отыр.


 АЛЛА ТАҒАЛАНЫҢ ҚАЛАУ ЕРКІ БАРЛЫҚ НӘРСЕНІ ҚАМТИДЫ

Әһлу сүнна (Ахли сүннет), соның ішінде Имам Матуриди мектебі: Бұл дүниеде кейіннен пайда болған, яғни жаратылған барлық нәрсе — мейлі ол зат, сипат, құбылыс, қайырлы немесе жаман іс болсын — Алла Тағаланың әзелгі қалауы және тағдыры мен үкіміне сай жүзеге асады.

Мұғтазилалар: Олар: «Алла Тағала разы болмаған нәрсе Оның қалауымен болмайды», — деп есептеген. Мұғтазилалар «Жаратушы жамандыққа разы емес, демек, жамандықты да қаламайды» деген қисынға сүйеніп, әлемде Алланың қалауынан тыс та істер болуы мүмкін деген қате тұжырымға келген. Ал шариғатта рұқсат етілген, яғни мүбах амалдарға қатысты олардың арасында әртүрлі пікірлер болған.

Әһлу сүнна ғалымдары бұған былай дейді:

Алла Тағала әзәлдан болашақта не болатынын білген болса, демек сол нәрсенің жүзеге асуы Оның қалауымен болады. Бұл жерде әлгі іске шариғатта бұйрық берілген-берілмегенінің айырмашылығы жоқ.

Бірде тағдырды теріске шығарушылардың бірінен Имам Әбу Ханифа (Алла оны рақымына алсын) былай деп сұрайды:

— Алла Тағала әзелден жер бетінде қандай сұмдықтар, күнәлар мен жамандықтар болатынын білді ме, жоқ па? — деп сұрайды.

Қарсыласы амалсыздан:

— Иә, білді, — деп жауап береді.

Сонда Әзіреті Әбу Ханифа одан:

— Ендеше, Алла Тағала Өзі білген нәрселердің жүзеге асуын қалады ма, әлде олардың Өзінің білуіне қайшы болуын қалады ма? Егер екінші нұсқаны айтсаң, онда Алланың білуі білместікке айналғаны ма? — деп сұрайды. Бұған жауап таба алмаған мұғтәзилит өз қателігін мойындап, тәубесіне келген екен.

2. Алланың қалауы мен білуінің арақатынасы

Кейбір ғалымдарымыз Алланың қалауы - Оның білуімен тығыз байланысты екенін айтқан. Алайда бұл мәселеде дұрысы: Алланың қалауы – істелетін іспен тығыз байланысты деу. Яғни жаратылыста орын алған әрбір іс Алла Тағаланың қалауымен жүзеге асады деген сөз.

Сондықтан да, Имам Әбу Мансұр әл-Матуриди (Алла оны рақымына алсын) былай деген:

«Бұл мәселе адамдардың іс-әрекеттерін жарату тақырыбымен байланысты. Біз құлдардың барлық амалдары жаратылатынын және Алланың қалауымен жүзеге асатынын дәлелдедік. Егер Алла Тағала бір істің орындалуын қаламаған болса, онда Оны сол істі жаратуға мәжбүр болды деген түсінік туындайды (өйткені, қаламаған ісін тек мәжбүр адам ғана істейді). Ал бұл Алла Тағалаға мүлде жат әрі мүмкін емес нәрсе».

Бұған Құран аяттары дәлел:

  • «Алла қаламайынша, сендер қаламайсыңдар» (Тәкуир сүресі, 29-аят; Инсан сүресі, 30-аят).

  • «Егер Алла қаласа, олар серік қоспас еді» (Әнғам сүресі, 107-аят).

  • «Егер Раббың қаласа, жер бетіндегі адамдардың барлығы түгелдей иман келтірер еді» (Юнус сүресі, 99-аят).

  • «Алла кімді тура жолдан тайдырғысы келсе...» (Әнғам сүресі, 125-аяттың мағынасына қатысты).

  • «Кімді адастырғысы келсе, оның көкірегін тар әрі қысыңқы етеді» (Әнғам сүресі, 125-аяттың мағынасына қатысты).

3. «Мәшия» сөзі мен «Ирада» сөзінің ұқсастығы

Әһлу сүнна ғалымдарының түсіндіруінше, Ислам ақида кітаптарындағы арабша «Машиа» (қалау) мен «Ирада» (қалау) ұғымдары арасында парқ жоқ, екеуі де жақын мағыналы сөздер. Мұны үмбет арасында кеңінен қабылданған мына тұжырым да аңғартады:

«Алла қалаған нәрсе болады, ал қаламаған нәрсе болмайды» (осы жерде «Шә’” сөзі қолданылып тұр).

Бұған қарсы тарап:

«Егер Алла Тағала кәпірдің кәпір болуын қалаған болса, онда ол Алланың қалауынан тыс әрекет ете алмайды  ғой. Демек, ол мәжбүр болғаны. Олай болса, оған бұйрық пен тыйым салудың, сауап пен жаза берудің, уәде мен ескертудің қандай мәні бар?» — деп сұраса, біз былай жауап береміз:

«Алла Тағала оның кәпір болатынын әзелде білді ме? Ол Алланың осы білуіне тыс шыға ала ма?»

Білу мәселесіне қатысты не деп жауап берсеңіздер (яғни, әзәлден білді, ол Алланың білуінен тыс шыға алмайды деп жауап берсеңіздер), қалау мәселесіне де біз солай жауап береміз.

Және де айта кету керек:

Алла Тағала адамның қандай жолды таңдап, қандай амал жасайтынын әзәлден білетіні рас. Оның қалауына сай кейбір адамдар күпірлік жолын таңдап, кәпір болғаны да өтірік емес. Алайда Алла оларға иман келтіруге де мүмкіндік пен күш-қуат берген және таңдау еркін ұсынған. Сондықтан адамның белгілі бір жолды таңдауы мен сол үшін жауап беруі бір-біріне қайшы келмейді.

4. Қалау мәселесіне қатысты аяттар 

Осылайша, шариғаттағы бұйрықтар мен тыйымдар, сауап пен жаза өз мәнін жоғалтпайды. Алла Тағала:

«Кім қаласа, иман келтірсін, ал кім қаласа, қарсы келсін» (Кәһф сүресі, 29-аят);

«Қалағандарыңды істей беріңдер» (Фуссилат сүресі, 40-аят), — деп, адамның таңдауына қатысты жауапкершілігін ескертеді.

Басты түйін

Алла Тағала — бүкіл әлемнің және ондағы барлық болмыстың Жаратушысы. Оның қалауынан тыс ешбір нәрсе жүзеге аспайды. Жақсылық та, жамандық та Оның жаратуымен болады.

Алайда адам баласы өз еркінен тыс әрекет ететін робот емес. Алла Тағала оған ақыл, таңдау еркін (ихтияр), дене мүшелері мен күш-қуат берген. Адам сол мүмкіндіктерін пайдаланып, белгілі бір жолды таңдайды және таңдауына сай жасаған іс-әрекеттері үшін Алланың алдында жауап береді.

Демек, Алла Тағаланың барлық нәрсені жаратуы мен қалауы адамның таңдау еркіне және діни жауапкершілігіне қайшы келмейді. Әһлу сүннаның ақидасындағы бұл мәселені түсінуде Алланың жаратушы екенін де, адамның өз амалдары үшін жауапты екенін де қатар ескеру қажет.1

1Имам Нұруддин ас-Сабуни әл-Мәтуриди: «әл-Бидая минәл Кифая филь Һидая Фи усулиддин».

Абдусамат Қасым

 

0 пікір