Шіркеуде жұмыс істеуге бола ма?
Шіркеуде жұмыс істеуге бола ма?
3 жыл бұрын 4675

Ассаламуғалейкум! Мұсылман адамның шіркеуде жұмыс істеуіне бола ма? Мүсілім.

Уағалейкумуссәләм!

Мұсылман адамның шіркеуде жұмыс істеу мәселесі Ислам ғұламалары арасында таласты мәселе. Шіркеуде жұмыс істеуді харам дейтіндер болғаны сияқты, мәкруһ санайтындар да, тіпті мубах ретінде есептейтін де ғұламаларымыз бар. Дегенмен, ғұламалардың басым көпшілігі (соның ішінде Имам Әбу Юусуф пен Имам Мұхаммед те бар) шіркеуде жұмыс істеуді құп санамаған.

Алайда, Имам Ағзам Әбу Ханифа бойынша, шіркеуде жалданып жұмыс істеудің ағаттығы жоқ. Мысалы, Әбу Ханифа (р.а.), әлдебір «әһли кітаптың» (христиан немесе яһуди) шарабын бір жерге апарып беруге жалданудың әбес емес екендігін айтқан. Сондай-ақ, синагоганың құрылысына жалданудың да күнә еместігі Ханафи кітаптарында ашық білдірілген. Ханафи ғалымдары былай деген:

«Бір мұсылманның шіркеуде жұмыс істеуінің және оны жөндеу жұмыстарына жалдануының ағаттығы жоқ. Өйткені, жұмыстың өзінде күнә жоқ»[1].

«әл-Әшбәһ уән-Назаир» атты кітапта Ханафи ғалымы Ибн Нүжәйм мынадай тұжырым айтады:

«Бір христиан мұсылманды қызметшілікке жалдайтын болса, оған рұқсат жоқ. Одан өзге істерге жалдануға рұқсат. Мысалы, жазу-сызуға жалданса, шіркеу құрылысына немесе синагога құрылысына жалданса т.б»[2]. 

Қазіргі таңдағы дін ғалымдарының да біразы шіркеуде жұмыс істеудің, атап айтқанда, шіркеу құрылысына жалданудың харам екендігін көлденең тартады. Әйтсе де, оны халал дейтін ғалымдар жоқ емес.

Қорытындылай келе, өзге орындарда жұмыс таппаған мұсылман адамға шіркеуде электрші, ағаш ұстасы, компьютер маманы, есепші, құрылысшы т.б. осы сияқты Исламда халал саналаған істерге жалданып жұмыс атқаруына болады.


[1] Ибн Ғабидин: «Роддуль Мұхтәр». 9/562 бет.
[2] «Ғомзу ъюнуль Басаир» - 3/120 бет.  

Абдусамат Қасым