Нағашы ата-әжеме зекет берсем бола ма?
Нағашы ата-әжеме зекет берсем бола ма?
4 жыл бұрын 5017

Ассаләмуғалейкум! Менің сұрағым төмендегідей: зекетімді анам тарапынан болған ата-әжеме берсем бола ма? Сәкен.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті сауал жолдаушы, Ислам шариғатында немересі өз ата-әжесіне де, нағашы ата-әжесіне де зекетін бере алмайды. Өйткені, оларға беру арқылы жанама түрде болса да кісі өзіне берген болып, зекеттің негізгі шарты саналатын «тәмлик» ісі толықтай жүзеге аспайды. (Тәмлик – зекет ақшасын мұқтаж кісінің иелігіне тапсыру).

Үш мәзһаб ғұламалары бойынша үкім осы (Ханафи, Шәфиғи және Хәнбәли мәзһабтары)[1]. Ханафи кітаптарының бірінде бұл былай сөз етіледі:

«Араларында ұрпақтық байланыс болғандарға зекетін бермейді»[2].

Яғни, ата-ана, ата-әже өз балаларына, немерелеріне зекеттерін бере алмайтыны сияқты, балалары да өз ата-аналарына, ата-әжелеріне де зекеттерін бере алмайды деген сөз.

Ендеше, зекет ақшаңызды тиісті орындарға беріп (мысалы, кедей, міскін, қарызға батқандар т.б.), ал нағашы ата-әжеңізге қосымша ақшалай көмек берсеңіз болады. Ол да садақаға саналып, қосымша садақа сауабын әрі туысқа қарайласқан сауабын аласыз.


[1] Әл-Мәусуъатуль Фиқһия. 15/116 бет. Мәлики мәзхабында: өз қарауындағы емес ата-әжелеріне зекетін бере алады, егер кедей болса.
[2] Ибн Ғабидин: «Раддуль Мұхтәр». 3/393 бет.

Абдусамат Қасым