Ассаламу’алейкум! Құмар ойнынан ұтқан ақшаға алынған тағамнан жеуге бола ма? Ғалым.
Құмардан тапқан ақшаға алынған тағамды жеуге бола ма?
|
Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Құмар ойындарын ойнау – үлкен күнә. Харам іс. Құран Кәрімде Алла Тағала құмар ойынын «лас нәрсе» санап, оны: «Шайтанның істерінен» деген[1]. Құмардың өзі ғана емес, одан түскен табыстың да харамдығында ешбір Ислам ғұламасы шүбә келтірмейді. Өйткені, харам табыспен күн көруді Пайғамбарымыз (с.а.у.) қатаң түрде тыйған. Ол (с.а.у.) бір сөзінде былай дейді: «Хараммен қоректенген дене – пейішке кірмейді»[2]. Алла елшісінің (с.а.у.) «пейішке кірмейді» деген сөзі «харам» үкімді білдіреді.
Сондықтан да, құмар ойыннан тапқан ақшаға тағам алынған болса, оны мұсылман адамның жеуіне болмайды. Ханафи кітаптарында Әзіреті Әлидің немересі Әбу Жағфар Мұхаммед Бақирдің: «пара ақшасымен сатып алынған тағамды жеуге болмайды» деген сөзі келтірілген. Құмар ойынынан түскен ақшаның да үкімі параға ұқсас.
Бірақ қолына қарап отырған жеке табысы жоқ әйелі мен балаларының қажеттілік шеңберінде отағасының харам табысынан алынған азықты қорек етулеріне рұқсат. Күнә оларға емес, харам табыс әкелген отағасына болады[3].
Ислам діні адал асқа қатты мән берген. Сондықтан да, отағасының отбасын, бала-шағасын адал нәпақамен қамтамасыз етуге ынта көрсеткені маңызды. Ең дұрысы – Аллаға мәлім!
[1] Құран Кәрім: «Мәида» сүресі, 90 аят.
[2] Имам Бәйһақи келтірген. Сахих. لا يَدْخُلُ الْجَنَّةَ جَسَدٌ غُذِّيَ بِالْحَرَامِ
[3] Ибн Ғабидин: «Роддуль Мұхтәр». 9/553-554 беттер.