«Кaspi gold» картасы арқылы төлем жүргізгені үшін банк тарапынан берілетін сыйақы (бонус) өсімге (риба) жата ма?
«Кaspi gold» картасы арқылы төлем жүргізгені үшін банк тарапынан берілетін сыйақы (бонус) өсімге (риба) жата ма?
7 жыл бұрын 19603

Әссалямуалейкум уа рахматуллахи уа баракатух! Осы сайттан карточкадағы ақшаға қосылатын үстеме жайлы оқыған едім. Менің сұрайын дегенім де осыған ұқсас, нақтылап алғым келіп тұр. Мен «kaspi gold» карточкасын қолданамын. Айлық ақшам сонда түсіп тұрады. Егер сол карточка арқылы супермаркеттерде немесе интернетте төлесем, төлеген сомамның 1 пайызы маған түсіп отырады бонус ретінде. Ол бонустар харам ба? Күмәнданып оларды пайдаланбай жүрмін. Алдын ала рахмет! Жансая

Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті сұрақ сұраушы, аталмыш қызмет түрін қолданып, төлем жүргізгеніңіз үшін берілетін сыйақы өсім емес. Ол - банк тарапынан пайдаланушылардың қатарын арттыру мақсатында жасалып жатқан дүние. Сондықтан да, берілген бонустар харам емес. Өйткені, карта беруші орын (яғни, банк) - карта иесінің кепілі іспетті (кәфиль). Ереже бойынша, кепіл болған тұлға (кәфиль), кепілгерге (мәкфулун ләһ) сыйлық беруіне болады. Екеуінің арасындағы байланысты "хәуәлә" мәмілесіне жатқызатын ғұламаларымыз да бар, олай болған күннің өзінде, берілген бонус өсімге жатпайды.

Осы тұрғыда, кейбір дін мамандары карта шотына салынған ақшаны «банкке берілген қарыз іспетті» деп есептеп, банк тарапынан берілген сыйақыларды өсім ретінде санаған. Неге десеңіз, қарыз берген кісі қарыз алған адамнан сыйлық алуы харам. Бұл жағдайда берілген сыйлық - өсіммен пара-пар. Себебі, берген қарызынан пайда көріп отыр. Ал, қағида бойынша: қарыз беруші берген қарызынан пайда көретін болса, онысы өсім болмақ. Сондықтан да, олардың тұжырымынша, қарыз беруші үкіміндегі карта иесінің банктен берілетін бонус түріндегі сыйлықтарды пайдалануы харам. 

Дегенмен, Ханафи жəне Шəфиғи мəзхабтары бойынша, қарыз алушыдан сыйлық берілсе, қарыз берген кісінің ол сыйлықты қабыл алуына рұқсат. Бастысы, əлдебір сыйлық берілетіндігіне о баста келісім жасаспаған болуы керек. Ендеше, картаға салған ақшаңызды банкке берілген қарыз деп есептеген күннің өзінде, аталмыш карта бойынша банк пен сіздің араңызда сыйақы берілу жөнінде ешқандай келісім шарт жасалмағандықтан "ондағы қызықтыру мақсатында беріліп жатқан бонустар өсімге жатпайды" деуге негіз бар. Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


[1] Осы орайда, мына нәрсені де ескерте кетелік: Кейбір дін мамандары арасында әлгіндей сыйақылардың халал болуы үшін, төлем картасы - өсіммен айналыспайтын банктердің картасы болуы керек дейтіндер де бар. 

Абдусамат Қасым