Ақшаның зекетін есептейтін кезде алтынның нисап мөлшерін негізге ала ма, әлде күмістің ба?
Ақшаның зекетін есептейтін кезде алтынның нисап мөлшерін негізге ала ма, әлде күмістің ба?
7 жыл бұрын 8442

Ассаляму алейкум уа рахматуллахи уа баракатух! Сіздерден сұрайтыным бар еді. Зекет беретін адамның қаражатының нисап мөлшері 85гр алтынға жеткенде ғана зекет берілуі керек пе? Немесе күмістің 595 граммына тең келер қаражаты болса да беріле ме? Берілген жағдайда жиналған қаражаттан 2,5% беріле ме?  Әлде күмістің 595 гр қаражатынан 2,5% cомада беріле ме? Мейрамгүл

Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Жиырма динарға жетпейінше алтыннан зекет жоқ. Қашан жиырма динарға жетіп, арадан бір жыл өткен болса, жарты мисқал зекет беріледі», - деген[1]. Ал, күмістің нисап мөлшерін Пайғамбарымыз «Бес уқия» деп бекіткен. Бес уқия – 200 дирһам күміс ақшаға тең (1 уқия 40 дирһам)[2].  

Бүгінде, алтын мен күміс ақшалардың орнын қағаз ақшалар басып отыр. Олардың  да зекеті Пайғамбарымыз айтқандай «жиырма динар алтын ақша (85 грамм)» немесе «екі жүз дирһам күміс ақша (595 гр)» негізінде есептелуі тиіс.  

Алайда, қазіргі таңда күмістің құны мен алтынның құны арасындағы айырмашылық Пайғамбарымыздың заманындағыдай емес, жер мен көктей. Мысалы, пайғамбарымыздың заманында 20 динар алтын ақшаға шамамен жиырма қой сатып алуға болатын болса, сонша қойды 200 дирхам күміс ақшаға да алуға болатын. Және ол дәуірде 200 дирхам күміс ақшасы бар адам қалталы саналатын. Қазір олай емес. Сондықтан, қазіргі кездегі алтын құнының тұрақтылығын назарға ала отырып, осы күнгі Ислам ғұламалары ақшаның (және сауда тауарларының) зекетін есептейтін кезде күмісті емес, алтынды негізге алу керек деген тоқтамға келген.

Ендеше, қолда бар артық ақшаңыздың зекетін есептегенде күмістің емес, алтынның нисап мөлшерін негізге алғаныңыз жөн. Сондықтан да, егер, жиналған артық ақшаңыздың құны ең аз 85 грамм алтынның құнына жетсе ғана (арадан бір жыл уақыт  өтісімен) оның қырықтан бірін, яғни, 2,5% зекет ретінде мұқтаж жанға беруіңіз керек. Ал, ақша 85 граммға жетпесе, зекет бермеуге құқылысыз.  


[1] Бір динар – 4,25 граммға сай келеді. Сонда жиырма динарыңыз 85 грамм алтыңға тең (4.25 ×20 = 85).  Осыдан келіп шығады, алтынның нисаб мөлшері - 85 грамм. 
[2] Екі жүз дирһамның граммға шаққандағы мөлшері - 595 грамм күміске тең келеді (1 дирһам – 2,975 грамм).  Бұл дегеніміз, ең аз 595 грамм күмісі бар адам, 14,875 грамм күміс зекет шығарып беруі керек (5 дирһам).  

Абдусамат Қасым