Дінімізде «Questra Holdings inc.» компаниясына ақша салуға бола ма?
Дінімізде «Questra Holdings inc.» компаниясына ақша салуға бола ма?
7 жыл бұрын 6585

Əссəлəму алəйкум!  «Questra Holdings inc.» компаниясы жайлы білесіздер ме? Сетевой маркетинг па, бірнəрсе? Бөлем кіріп, бəрін шақырып жатыр: «Батып қаламыз» - деп. Істеуге бола ма, болмай ма? Хабарларыңыз бар ма? Қанат.  

Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті Қанат, жақында ғана еліміздің құқық органдары тарапынан, дәлірек айтқанда, Қызылорда облысының прокуратурасы тарапынан аталмыш компания (Questra Holdings inc.) «қаржы пирамидасы» деп танылып, оған қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде. Себебі, компанияның сипаты мен әдісінде қаржылық пирамиданың барлық белгілері бар екен. Осыған орай, облыстық прокуратура тұрғындардан сақ болуға, күдікті келісімдерге өз ақшаларын салмауға, сондай-ақ, компанияның қызметін жарнамалаудан бас тартуға шақырады[1].     

Шариғаттағы үкіміне келер болсақ, жалпы алғанда қаржылық пирамидасы дінде тыйым салынған. Өйткені, мұнда біріншіден «өсім жеу бар». Өйткені, қаржы пирамидасына ақша салған кісі «кейіннен өсіммен қайтарып алам» деген мақсатта салады. Бұл біреуге өсімге қарыз берумен тең. Ал, шариғатта өсім жеу – харам. Өйткені «Қарыз беруші берген қарызынан пайда көретін болса, бұл – өсім» [2] делінген.

Екіншіден, «ықтималдық» басым. Арты - бұлыңғыр. Салым салушы болашақта жоғарғы сатыға көтерілуі үшін керекті адам санын толтыра ала ма, жоқ па? – белгісіз. Әдетте мұндай жүйеде пирамиданың негізін салушылар ғана байып, ал, тіркелген көпшілік шығынға ұшырап жатады. «Арты бұлыңғыр» деуімнің себебі сол. Пайда табары екі талай. Мұны шариғатта «ғарар» дейді. Ал «ғарарды» Пайғамбарымыз (с.а.у.)  харам еткен[3]

Үшіншіден, алаяқтық бар. Кезінде осындай жүйелерге ақша салған мыңдаған адам ақыр соңында жер сыйпап қалғаны мәлім. Дінімізде біреудің ақысын жеу – харам. Құран Кәрімде, Бақара сүресі, 188 аятта:  «Біріңнің малыңды, бірің нақақ (зұлымдықпен) жемеңдер...» деп бұйырады. Әрі Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің бір хадисінде: ««Зарар тигізуге де, зарарға зарармен жауап беруге де жол жоқ», – дейді[4]. 

Тоқ етерін айтқанда, сіз сұрап отырған жүйе "қаржылық пирамидасы" болып табылатындықтан, оған ақша салу шариғи тұрғыда дұрыс емес деуге негіз бар. Ең дұрысы - Аллаға мəлім! 


[1] Қызылорда облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі. http://kzl.prokuror.kz 
[2] У.Зухайли, Фәтәуа Муғасыра – 147 бет.
[3] Дәрими сүнәні, Китабуль Буюғ – 2554 хадис.
[4]Муатта Имам Мәлик, Бабуль ақзия - №1461-хадис.

Абдусамат Қасым