Діни тұрғыда музыкалық аспаптарды сатудың үкімі
Діни тұрғыда музыкалық аспаптарды сатудың үкімі
1 жыл бұрын 2095

Ассалямуалейкум! Ұстаз, өз гитараңды сатып жіберуге бола ма? Тастай салу керек пе? Сындыру керек пе жоқ? Ақерке.

Әлхамдулилләһ. Уассаләту уәссәләму аля Расулилләһ!

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті сауал жолдаушы, Имам Ағзам Әбу Ханифа (рахимаһуллаһ) музыкалық аспаптарды сатуға болады деген, себебі, музыкалық аспаптар да өз алдына дүние саналады, ал музыкалық аспаптарды шариғат талаптарына сай келмейтін әндерге де қолданылуы мүмкін болуы - оның сатылуын харам етпейді, өйткені иесі оны пайдалы нәрсеге де қолдануы бек мүмкін, құдды ән айтатын күңдер іспетті, ән айтатын күңдерді ескі заманда ән айтқаны себепті сатуды харам демейтін еді, бұл да осы сияқты. Сондықтан егер, кімде-кім біреудің музыкалық аспабын сындырса, Әбу Ханифа бойынша құнын төлеуі тиіс1. Бірақ оның қос шәкірті және үш мәзхаб имамдары музыкалық аспаптарды сатуды дұрыс көрмеген.

Музыкалық аспаптарды сатуға болады дейтіндердің арасында Заһири мәзхабының ғалымдары бар, ал сондай пікірдегі бүгінгі дін ғалымдардың арасынан Юсуф әл-Қардауиді атасақ болады.

Қорыта айтқанда, музыкалық аспаптарды сату мәселесі Ислам ғалымдары арасында таласты тақырып. Имам Ағзам Әбу Ханифаның тоқтамына сүйене отырып айтқанда, гитараңызды сатып, оның ақшасын пайдалана аласыз, табысы адал. Осы орайда, мына бір сахих хадис ойға оралып отыр. Имам Бұхаридің «Сахих Бұхари» атты хадистер жинағындағы «Ер адамдар мен әйел адамдарға кию мәкруһ болып табылатын киімдерді сату тарауы» атты бабында мынадай риуаят келтіріледі:

«Омарға (радияллаһу анһу) Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) таза жібек матадан тігілген киіс (немесе жібек мата араласып тігілген киім) беріп жібереді. Артынан Омардың киіп жүргенін көрген Алла елшісі оған: «Мен оны саған кисін деп бермедім. Шынында бұл киімді бұзылған адамдар киеді (немесе ақыреттен үміті жоқ адамдар киеді). Мен оны сен одан пайдалансын деп беріп жібердім», - дейді2. Тағы бір нұсқасында «сатып, қажетіңді көрерсің деп беріп жібердім» делінеді3.

Ең дұрысы - Аллаға мәлім! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!


1Имам Кәсәни (р.а.): «Бәдәиъус-Санаиъу». Сауда бөлімі.
2Имам Бұхари: «Сахих Бұхари» - Бәбут Тижәрати фимә юкрәһу лүбсуһу лир рижәли уән нисә-и»».
3Ибн Хажар әл-Асқалани: «Фәтхуль Бәри». №5527 хадис түсіндірмесі. تَبِيعَهَا وَتُصِيبَ بِهَا حَاجَتَكَ/ (Кей мәліметте Әзіреті Омар ол киісті өзінің әлі мұсылмандыққа өтпеген мүшрік туысына бергендігі айтылады).

Абдусамат Қасым