Арақтан түскен табысты шығынға жұмсасам да күнә ма?
Арақтан түскен табысты шығынға жұмсасам да күнә ма?
11 жыл бұрын 4452

Сәлеметсіздер ме! Сіздермен ақылдасатын бір мәселем бар еді. Мен бес уақыт намаз оқимын, әрі Исламның бұйрықтарын орындауға тырысып жүрген жанмын. Жолдас қызым екеуміз бір дүкен ашсақ деп ойлап отырмыз. Бірақ, дос қызым «арақ пен темегі сатпасақ банкрот боламыз» деп отыр. Мені күпті еткен осы мәселе. Досымның айтуына қарағанда арақ-шарап, темекіден түскен табысты тек шығын үшін жұмсайтын боламыз, өзіміз алмаймыз дейді. Осыған сіздер не дейсіздер? Гүлфарида. 

Сәлеметсіз бе! Гүлфарида ханым, Пайғамбарымыз (с.а.у) бірнеше хадисінде арақ-шарапты сатудан тыйған. Ол (с.а.у):

  •  «Шынында Алла Тағала және Оның Елшісі сендерді арақ-шарапты, өлексені, доңызды және пұттарды сатудан тыйды (харам етті)!...»[1] .

Тағы бір хадисінде:

  •  «Алла тағала арақ-шарапқа қатысты он кісіні лағынеттеді. (Олар):  арақты өндіруші, өндіруге тапсырыс беруші, ішуші, араққа тапсырыс беруші, тасушы, құюшы, сатушы, одан түскен пайданы көруші, оны сатып алушы және араққа жұмсаушы», – деген[2].

Демек мұсылман кісі Алланың харам еткен дүниелерін сатудан бойын аулақ ұстауы тиіс. Ал, одан түскен табысты өзіңіз жемей, өзге нәрсеге жаратуыңыз үкімді (сатудың харамдығын) өзгертпейді.

Сондықтан, сіздерге айтар кеңесіміз, ашқалы жатқан дүкендеріңізде адал тауарлар сатып, арам дүниелерді арластырмаңыздар. Ырзықты кеңейтетін де, тарылтатын да Алла Тағала[3]. Ал, кедейлік немесе банкротқа түсіп қалу қауіпі шайтаннан екендігін ұмытпағанымыз жөн. Ол бізді кедейлікпен қорқытып, Алланың бұйрықтарын аттап өтуге шақырады. Алланың мына сөзін үнемі естен шығармау керек:

  •  «Шайтан сендерді кедейлікпен қорқытып, арсыздыққа, жаман істерге итермелейді. Ал Алла Тағала сендерге жарылқауды, кеңшілікті уәде етеді. Алла кеңшілік иесі, бәрін толық біледі»[4]

[1] Сахих Муслим, «Китабуль Мүсақа», №1551-хадис.
[2] Тирмизи, «ән-Нәһи ән Юттәхәзә әл-хамру халлән», №1295-хадис.
[3] Рум сүресі – 37 аят.
[4] Бақара сүресі – 268 аят.

Абдусамат Қасым