Ассаләмуғалейкум! Кредит алып, төлей алмай қарызданып жүрген танысыма зекетімді берсем бола ма?
Несиесін төлей алмай жүрген мұсылманға зекет беруге бола ма?
|
Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Кредит алудың күнә екенін түсініп, Құдайға тәубе етсе, яғни, енді кредит алмауға бел буған болса, қарыз қамытынан құтылуы үшін оған зекет беруге болады дейтін дін мамандары бар. Өйткені, Құранда қарызға батқандарға зекет берілетіндігі ашық айтылған. Білместіктен немесе басқа амалы қалмағаннан несиеге жүгінген мұсылманның күйі де "қарызға батқандар" қатарына жатады деуге болады.
Ендеше, алған кредитінің қарызын төлей алмай жүрген танысыңыз оның күнә екенін түсініп, Құдайға тәубе етсе, осылайша, енді кредитке жоламауға бел буса, қарызын жабу үшін зекетіңізді беруіңізге болады. Бірақ, айтылып өтілгендей, күнә екенін түсініп, ондай харам іске енді бармауға бекінген болуы тиіс. Ал, мәселен, бүгін кредитін жауып, ертеңгі күні қайта кредит алатындай болса, онда оған зекет ақшасын бермеген абзал.
Ең дұрысы - Аллаға мәлім!