Мешіттің қажеттіліктеріне зекет ақшасын жұмсауға бола ма?
Мешіттің қажеттіліктеріне зекет ақшасын жұмсауға бола ма?
1 жыл бұрын 1737 Суреттегі мешіттің сұраққа қатысы жоқ

Ассалаумағалейкум уа рахматуллаһи уа баракатуһ. Ұстаз, зекетті мешітке беруге болады ма?

Әлхәмдулилләһ. Уәссәләту уәссәләму аля Расулилләһ.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһ уә бәракәтуһ!

Қағида бойынша, зекет малы - кедей-кепшіктерге, тұрмысы нашар мұсылмандарға берілу керек. Зекеттің ең басты шарты «тәмлик», яғни, Құранда тізіп өтілген зекет берілетін орындардың біріне тапсыру деген сөз. Сондықтан да, төрт мәзхаб бойынша, жылда бір рет берілетін зекет ақшасын мешіт құрылысына немесе өзге де әлеуметтік нысандарға зекет жұмсауға болмайды, жұмсалған жағдайда берілген зекет - зекет ретінде есептелмейді, садақа орнына саналады. Зекет саналу үшін Құранда айтылған орындардың біріне тапсырылуы ләзім, оның басында - кедей мен міскін тұрады. Бұған байланысты мәліметтерде мынадай хадис риуаят етіледі. Бұл хадис сахаба Зияд ибн Харис ас-Садаи деген кісіден жеткен. Ол былай әңгімелейді:

عن زياد بن الحارث الصدائي قال: أَتَيْتُ رَسُولَ اللَّهِ صلى الله عليه وسلم فَبَايَعْتُهُ - فَذَكَرَ حَدِيثًا طَوِيلاً - ثم قال: فَأَتَاهُ رَجُلٌ فَقَالَ: أَعْطِنِي مِنَ الصَّدَقَةِ. فَقَالَ لَهُ رَسُولُ اللَّهِ صلى الله عليه وسلم: (إِنَّ اللَّهَ تَعَالَى لَمْ يَرْضَ بِحُكْمِ نَبي وَلاَ غَيْرِهِ في الصَّدَقَاتِ حَتَّى حَكَمَ فِيهَا هُوَ، فَجَزَّأَهَا ثَمَانِيَةَ أَجْزَاءٍ، فَإِنْ كُنْتَ مِنْ تِلْكَ الأَجْزَاءِ أَعْطَيْتُكَ حَقَّكَ).

«Мен Пайғамбарға келіп, оған бият еттім. (Кейін сахаба ұзын хадис айтады да, одан соң былай дейді:). Бір кісі Алла елшісіне (с.а.у.) келіп: «Маған зекет ақшасынан беріңіз» деді. Сонда Алла елшісі (с.а.у.) оған: «Алла Тағала өзі үкімін айтпайынша пайғамбардың немесе одан өзгесінің үкім баян еткенін ұнатпайды. Алла Тағала зекет берілетін орындарды сегіз орынға бөлген. Егер, сіз сол сегіздің біріне жатсаңыз, үлесіңізді берейін» - деп айтты»1 - дейді сахаба (радияллаһу анһ). 

Ендеше, зекет ақшасын мешіттің қажеттіліктеріне жұмсауға болмайды екен. Бірақ, мысалы, ауыл-аймақтардағы мешіттің басқа кірісі болмай, мешіт қараң қалатындай жағдай болып тұрса, мұндай зәру жағдайда мешіттің қажетті жеріне ғана қолдану шартымен, зекет ақшасын жұмсауға болады дейтін ғалымдар бар. Ал ондай зәрулік тумаса, зекет - кедей-кепшіктердің, жолда қалған және қарызға батқандардың ақысы. Ең дұрысы - Аллаға мәлім! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!


1Әбу Дәуід: «Сүнән».

Абдусамат Қасым