«Хабашит» деген кімдер?
«Хабашит» деген кімдер?
8 жыл бұрын 12118
  1. Әссәләмуғалейкум! Украинада хабаши ұстаздар өте көп. Мысалы, Коба Батуми, Аллаһтың сипаттарын керемет түсіндіріп, айтып береді. Бірақ «тәкфірі» өте көп. Сол ғұламалар туралы пікір айтсаңыздар! Көп адамдар тыңдайды оларды. Лейлә
  2. «Хабашит» деген кімдер?  Қуаныш

Уағалейкум әссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Қадірменді сауал жолдаушы, Хабашит ("хабашия" немесе "ахбаш") – қазіргі таңда бой көрсетіп отырған Ислами ұйымдардың бірі. Орталығы Ливан елінде орналасқан. Көсемдері Эфиопиялық Абдулла әл-Һарари әл-Хабаши болып табылады (1910-2008 ж.).

Ұйымның атауы көсемінің шыққан тегіне орай «Хабашия» деп аталған. Аталмыш ұйым «әл-Жәмъиятуль Мәшәриъил Хайриятиль Исламия» деген атпен де белгілі.

Олар өздерін Әһли сүннет жолындамыз деп көрсеткенімен басты сенімдері сунниттік, шиіттік және сопылық негіздерден құралған деседі мамандар[1].

Бүгінгі жолданған сұраққа арқау болып отырған тақырыпқа байланысты жазылған қолымыз жеткен деректерге сүйенер болсақ, ол жамағаттың әһли сүннетке қайшы келетін жақтары аз емес.  Мысалы, хабашия ағымындағылардың өздерінің пікірлеріне қарсы келгендерді бірден кәпірге шығару әдеттері бар. Ал, Әһли сүннет ғалымдары ешкімді жөнсіз кәпірге шығармаған. Тіпті, ертеректегі бой көрсеткен адасушы Ислами ағымдардың көбін «әһлу қибля», яғни қыбла иесі деп атап, кәпір ретінде есептемеген.

Сондай-ақ, Хабашиттер Әзіреті Әли заманында орын алған «бүлік» кезінде Әзіреті Әлиге қарсы тұрған сахаба Мұғауия мен жанындағыларды «бағи» (бүлікші) ретінде есептейді. Осыған қарағанда, Жәмәл соғысындағы Әзіреті Айша анамыз, Талха, Зубейр сынды сахабалар да «бағи» яғни, «бүлікшілер» қатарына кіреді деген сөз.

Бұл Әһли сүнна ұстанымына қайшы. Әһли Сүннет сенімінде cахабалардың бәрін жақсылықпен тілге алу шарт. Әзіреті Мұғауия да ардақты сахабалардың бірі. Пайғамбарымыздың заманында Әзіреті Мұғауия түскен уахиларды жазып отырушы «Құран Кәтибтерінен» етін. Оған Пайғамбарымыз өзінің көйлегін сыйға тартқан. Әзіреті Мұғауи сахаба ретінде құрметке лайық жан. Тіпті, ертеректе өмір сүрген кейбір ғалымдар сахаба Мұғауияға тіл тигізгендерді өлім жазасына тарту керек деген тұжырым алға тартады. Әһли сүннет сенімінде ешкімнің сахабаларға тіл тигізуге хақысы жоқ. 

Сондай-ақ, Хабашиттердің ойынша, кедей мұсылманға лоторея ойынын ойнауға болады. Бай мұсылманға болмайды екен. Жəне олардың пайымдауынша, бүлік шықпайтын болса, өзге діндегілердің дүние-мүлкін ұрлауға болады. Және доллармен жиналған ақшаның зекеті жоқ. Зекет тек алтын не күмістен беріледі деген.

Осы жамағаттың кесірінен, Америка мен Канада еліндегі мұсылмандар екіге бөлініп намаз оқиды деген мәлімет те бар. Бір бөлігі намазды Оңтүстік шығысқа қарап оқыса, тағы бір бөлігі солтүстік батысқа қарап оқиды.

Қазіргі таңда, аталмыш жамағаттың орталықтары дүниенің түкпір-түкпірінде орналасқан. Айталық: Австралия, Швеция, Франция, Белгия, Англия, Германия, Ресей, Тайван, Индонезия, Малазия, Үндістан, Пакистан, Тәжікістан, Мысыр, Нигерия, Гана т.б. әлем елдерінде Хабашиттер өздерінің үгіт-насихаттарын  белсенді түрде жаюда[2].

Хабашит жамағаты жайында беделді ғұламалардың айтқан пікірлері

Хабашит жамағаты жайында қазіргі таңдағы беделді Ислам ғалымдары қандай пікірде екен, соған назар аударалық:

"Хабашит ұйымының сыртқы және ішкі (жасырын) екі түрлі тұсы бар  - дейді Мысыр елінің бұрынғы бас мүфтиі Али Жұма. -  Жария тұсын айтар болсақ, өздерін сырт көзге амалда Шафиғи мәзхабын, сенімде Ашғари ақида мектебін ұстанады етіп көрсетеді. Ал, ішкі жасырын тұсына келер болсақ, кей мұсылмандарды жөнсіз кәпірге шығарып, кейбірін  пасық дейді. Олар үмбеттің арасына бүлік жайды. Астыртын Ислам дұшпандарымен ақыға ынтымақтасып іс істегендері де белгілі..."[3].  

Мархұм Рамазан әл-Бути (р.а) хабашиттер жайында былай деген:

"Хабашиттердің Бейрутта Абдулла әл-Һарари есімді басшылары бар. Олар өздерінің мешіттерінде: «уахабистердіңартында тұрып намаз оқуға болмайды. Олардың көсемі Ибн Тәймия – кәпір», - деп айтады. (Мен айтайын) Уахабидің артында ұйып намаз оқу харам емес. Ұюшының намазы дұрыс. Сондай-ақ, кәпір болған күйі өлгендігін нақты білмей тұрып, ешқандай мұсылманды кәпірге шығаруға болмайды. Ендігі жерде, адамдардың арасында кім Ибн Тәймия өлер алдында Ислам жолынан ауытқып (мүртәд болып), кәпір болған күйі өлді деп айта алады?! Сіз сұрап отырған жамағат көптеген мұсылмандарды кәпірге шығарған.Олар, Мүтәуәлли әш-Шәърауиді, Қардауиді және мені де кәпірге шығарған...".

Фиқһ ғалымы проф.доктор Уаһбату Зухайли да (р.а.) хабашиттерге байланысты ойын былай білдірген:

"Хабашиттер – адасушы және адастырушы ұйым. Олардан ұзақ жүру керек. Және өзгелерге де ескерту керек: олардан алыс жүрсін. Олар – бүлік шығарушылар. Адамдарға өздерінің нәпсілеріне сай пәтуа береді. Халалды – харам, харамды – халал деп жүр. Оның үстіне, олардың сыртқы мемлекеттермен ынтымақтасып (астыртын) байланыс құрады деген күмән да жоқ емес. Сондықтан да, олардан өте сақ болу қажет. Мен  олардың (өзге мұсылман жастардың) сақ болуларын өтінемін"[4].


[1] Н.Кәмәл Карабибер: «Ахбаш жамағаты». Түрік тілінде.
[2] Н.Кәмәл Карабибер: «Ахбаш жамағаты». Түрік тілінде.
[3] http://www.ye1.org/
[4] Уаһбату Зухайлидің Хабашиттер жайында қойылған сұраққа жауабы бейнелген Ютубтағы бейнетаспадан. 

Абдусамат Қасым