Ассаләмуғалейкум! Бірнеше пәтері бар адам, оларды жалға беріп отырған болса, пәтерлерін де зекетке есептей ме, әлде тек түскен ақшаларын ба? Рақмет. Қасым.
Жалға берілетін пәтерлердің өзінен зекет беріле ме?
|
Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Жалға берілетін пәтерлерді о баста «сату» үшін алмағандықтан, олар «сауда тауарлары» ретінде есептелмейді. Сол себепті, жалға берілетін пәтерлерінің өзінен зекет берілмейді. Зекет олардан түскен ақшадан беріледі. Бұл – қазіргі Ислам ғұламаларының көпшілігінің тоқтамы және мұндай байлам Ханафи, Мәлики, Шәфиғи және Хәнбәли мәзхабтарындағы ғалымдардың көбінің үкімдерімен үйлеседі[1].
Сөзіміз дәлелді болуы үшін Ислам фиқһ кеңесінің 1985 жылы шығарған қаулысын бере кетелік. Онда былай делінген:
«Жалдамалы жылжымайтын мүліктердің және жалдамалы жерлердің әсілінен (негізінен, өздерінен) зекет беру уәжіп емес (міндет емес). Зекетті – олардан түскен табыстан беру уәжіп....»[2].
Ендеше, жалға берілетін пәтерлерден түскен ақшадан шығындар шегеріліп және сонымен күн көріп отырған иесінің негізгі қажеттілігі қамтамасыз етілгеннен кейін артылған сома ең азы - 85 грамм алтынға жетіп тұрса, арадан бір жыл өтісімен 2,5 пайызы зекет ретінде берілуі керек. Немесе зекеті берілетін басқа ақша немесе алтындары яки сауда тауарлары бар болса, пәтерден түскен артық кірісті де қосып, ортақ сомадан 2,5 пайызын зекет ретінде беруі тиіс.
Осыған байланысты мынаны да мәлімет ретінде айта кетелік: Жалға берілетін жылжымайтын мүліктерден түскен ақшаны «үшір» зекетіне қиястап (салыстырып), үшір зекетіндегідей таза табыстың "ондан бірін", яғни, 10 пайызын зекет ретінде беріп отыруы тиіс деген қазіргі заманның ғұламаларымыз да жоқ емес[3]. Деректерге қарағанда, Имам Ахмедтің жалға беретін сауда орыны болған екен. Имам Ахмедтің одан басқа табысы болмаған, сөйте тұра ол одан зекетін беріп отырған деседі[4].
Абдусамат Қасым
[1] Абдулла ибн Мәнсур: «Нәуәзилуз Зәкәт». 126 бет.
[2] Проф. Доктор Али Ахмед әс-Сәлус: «Мәусуъату әл-Қодояль Фиқһиятиль Муъасыйра, уәл Иқтисадиль Исләми». 557 бет. «Дарус Сақафа». Духа-Қатар. 2002 ж. 6-баспа.
[3] Шейх Мұхаммед Әбу Зәһра: «әл-Фәтәуә». 285 бет; Доктор Шейх Юсуф әл-Қардауи: «Фиқһуз Зәкәт». 1/454 бет.
[4] Доктор Шейх Юсуф әл-Қардауи: «Фиқһуз Зәкәт». 1/453 бет.