Жаңа жыл тойлауға бола ма? Үйдегілер жаңа жыл дастарханын жаяр болса, оған отырмай кетіп қалуым керек пе?
Жаңа жыл тойлауға бола ма? Үйдегілер жаңа жыл дастарханын жаяр болса, оған отырмай кетіп қалуым керек пе?
18 күн бұрын 5710

1. Сұрақ: Сәлеметсіз бе! Жаңа жыл мерекесін тойлау күнә ма? 

2. Сұрақ: Ассәләмуғалейкум уа рахматуллаһи уа бәракәтуһ! Үй-іші мына жаңа жыл мейрамын дастархан жайып күтеді. Намаз оқитын болсам кетіп қалуым керек пе? Бірақ дастарханда бәрі халал, ішімдік жоқ. 

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті мұсылман, жаңа жыл мейрамын атап өту және тойлау дінімізде де, біздің қазақ дәстүрінде де болмаған үрдіс екендігі мәлім. Жаңа жыл тойлау үрдісі батыс мәдениетінен кіріптар етілгендігі де баршаға белгілі. Сол себепті, мүмін-мұсылман адамның жаңа жыл мейрамын атап өтуін бүгінде көпшілік дін мамандары құп көрмейді. Өйткені, жаңа жыл тойлау Алла елшісінің (ғалейһис сәләм): «Кім бір қауымға ұқсаса, ол солардан» деген[1] ұлағатты сөзіне қайшы.  

Аталмыш хадистің астарына үңілер болсақ, Пайғамбарымыз (ғалейһис сәләм) аталмыш хадис шәрифінде біздерге: «мұсылман еместердің мәдениеті мен салт-дәстүрін алар болсаңдар, бара-бара соларға ұқсап, мұсылманшылықты ұмытып кетесіңдер» деген ескертуі жатыр. Солай да болғаны өтірік емес. Қазір біз Европа мәдениетінің көпшілігін бойымызға сіңірдік. Олардың жақсы жағын ғана емес, жаман жақтарын да алдық. Арақ ішуден бастап, жыныс ауыстыруға шейін жеткеніміз жасырын емес. Ал мұсылманшылық құндылықтарымен санасып жатқан «мұсылмандар» кем де кем. Бұл – жоғарыда Алла елшісінің (ғалейһис сәләм) «Кім бір қауымға ұқсаса, ол солардан» деген ескертпесінің анық көрінісі деуге болады. 

Бірақ, мына нәрсені де ұмытпау керек: біздің қоғамда көпшілігі мұсылман болғанымен, біразы діннен ұзақ, әрі олардың діни мәліметтері аз. Сондықтан да, туған-туыс пен жора-жолдастардың арасында жаңа жылды тойлап, оны атап өтіп жататындары кездесуі мүмкін. Енді оларға «жаңа жыл тойлау харам» деп төтесінен айтсақ, «бәрін харам дейсіңдер, бәрін болмайды дейсіңдер, сонда не болады?» деп дінді бейнебір мешітте ғана өмір сүру керек сияқты көруі ғажап емес. Сондықтан да, Пайғамбарымыз (ғалейһис саләту уә сәлләм) Исламның алғашқы кезеңінде көп нәрсені бірден тыймады. Халыққа Ислам құндылықтарын жәй-жәй, кезең-кезеңімен үйретіп отырды. Жаңа жыл тойлауды да әсте-әсте, даналықпен, әрі әдеппен тыйып отырған абзал.

Енді, екінші сауалыңызға келер болсақ: үй ішіңіз жаңа жылға орай дастархан жайып, ас қойып жатса, одан ішпей безіп кету керек дей алмаймыз. Дастарханға қойылған ас адал болса, әрі шарап қойылмаса, ол дастарханнан ас ішудің ағаттығы жоқ. Риуаяттарға қарағанда сахабалар діні бөтендердің мейрамдарына орай ұсынған дінімізде адал саналатын асты жейтін болған. Оған қатысты Ислами әдебиеттерде бірнеше риуаятты кездестіруге болады. Мысалы «Сиәру Аъләмун Нүбәлә» атты кітапта, Имам Ағзамның немересі Исмаъил ибн Хаммадтың риуаяты кездеседі. Ол риуаятта  Әбу Ханифаның атасы Нұъаман ибн Мәрзүмәнның  Әзіреті Әлиге дәл Наурыз күні «Фәлузәж» делінген тағам тарту еткенін Исмаъил ибн Хаммад айтып өтеді. Сол асты жегеннен кейін Әзіреті Әли «نورزونا كل يوم », яғни, «Әр күні бізге наурыз жасап тұр» деп айтқандығы сол риуаятта келтіріледі.

Сондай-ақ, Ибн Әбу Шәйбәның «әл-Мусаннаф» атты риуаяттар кітабында да Айша анамыздан (р.а) бір әйел келіп: «Біздің қол астымызда мәжуси дініндегілер бар. Олардың өз мейрамдары болып тұрады. Сол мейрамдарында бізге сыйлықтар беріп жатады» - деп сұрайды. Сонда Айша анамыз: «Сол күнге арнап сойылған еттен жемеңдер. Бірақ ағаштарынан жеңдер», - деп ескерткен екен.

Айша анамыздың «сол күнге арнап сойылған еттен жемеңдер» деуінің мәні – Мәжуси дініндегілер малды өздерінің құдайларына арнап сояды, әрі мәжуси діні «Әһли китаптан» саналмағандықтан, олардың сойған малдарының еті мұсылмандар үшін адал емес. Ал «ағаштарынан жеңдер» деуінің мағынасы – әкелген жеміс-жидектерін жей беріңдер дегенді білдірмек.

Сондай-ақ, аталмыш хадис кітабында (әл-Мусаннаф) орын алған басқа бір мәліметте Сахаба Әбу Барза әл-Әсләми (р.а.) қол астындағы мәжуси дініндегілер наурыз мейрамына орай тағам тарту ететін. Сонда сахаба Әбу Барза өз жанұясына: «Жеміс-жидектен болғанын алыңдар. Одан өзгелерін алмаңдар», – дейді екен.

Міне осы риуаяттарға қарай отырып, жаңа жыл мейрамы мұсылмандардың мейрамы ретінде саналмағанымен, сол мейрамға арнап жайылған дастарханнан ас ішудің күнәсі жоқ деген қорытындыға келуге болады.

Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


[1] Әбу Дәуід: «Сүнән». 

Абдусамат Қасым