Тірі малды таразыға тартып, сатуға бола ма?
Тірі малды таразыға тартып, сатуға бола ма?
2 сағат бұрын 129

Әссәләму алейкум! Құрбандыққа шалынатын малды тірідей салмағымен сатып алуға бола ма? Мысалы, 1 кг бағасы белгіленіп, ірі қараның салмағы қанша тартса, соған көбейтіліп жалпы құны шығарылса, мұндай сауда түріне рұқсат етіле ме?

Бисмилләһир рахманир рахим, уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Тірі малды таразыға тартып сатуға қатысты бүгінде дін мамандары екі түрлі пікір айтады. Бір топ ғалымдар бұған рұқсат десе, енді бір тобы мұны шариғат қағидаларына қайшы деп есептейді.

Рұқсат дейтіндер «қоғамда қалыптасқан сауда үрдісін» негізге алады. Яғни, егер халық арасында тірі малды таразыға тартып сату кең таралған болса және саудаға қатысушы екі тарап та разылық танытса, онда мұндай сауда түріне рұқсат беріледі дейді.

Ал қарсы пікір айтушылар мұнда «ғарардың», яғни белгісіздіктің бар екенін алға тартады. Ғарар дегеніміз — сауда келісімі жасалған сәтте тауардың нақты мөлшері, сипаты немесе құны толық анық болмауы. Мұндай белгісіздік кейін дау-дамайға, бір жақты пайдаға, тіпті өсімге алып келуі мүмкін. Сондықтан Пайғамбарымыз (с.а.у.) ғарар аралас саудадан тыйған.

Қорытынды

Қорыта айтқанда, тірі малды таразыға тартып сатуда белгілі бір деңгейде белгісіздік бар екені анық(1). Себебі тірі мал өлшенген кезде тек етінің салмағы ғана емес, басы, сирағы, ішкі ағзалары және ішіп-жеген азығының салмағы да бірге есепке кіреді. Бұл сатып алушыға тиімсіз болуы мүмкін. Мұның арты жанжалға да ұласып жатады. Бұған қоса, кей адамдар малдың салмағын артық көрсету үшін түрлі айла-тәсілдерге де баруы ықтимал. Осыларды назарға ала отырып: тірі малды таразыға тартып, салмағымен сатуға болмайды деген қорытындыға келіп отырмыз. Ең дұрысы - Аллаға мәлім!

1Ханафи мәзһабы ғалымдары кітаптарында жазғандай: «Өйткені жануар әдетте өлшенбейді және оның салмағын өлшеп нақты білу мүмкін емес. Себебі ол бірде денесін ширатып (жиырып) жеңілдетсе, екіншіде ауырлатуы мүмкін». (Имам Мәрғинәни: «әл-Һидая шәрху бидәятуль мүбтәдий»).

Абдусамат Қасым