Құрбанға ешкі сойса бола ма?
Құрбанға ешкі сойса бола ма?
3 жыл бұрын 10427

Ешкі сойса да бола ма құрбанға? La'la Sei'tkasim.

Құрметті сауал жолдаушы, Ислам шариғатында ешкі малын құрбандыққа шалуға болады. Бұл төрт мәзхабта да солай. Хадистерде келетін «Шәтун» сөзі( شَاةٌ) араб тілінде қойға да, ешкіге де қолданылады. Зекет беру мен құрбан шалу құлшылықтарында ешкі мен қой бөлек қаралмайды. Мысалы, зекетті есептегенде қой мен ешкі бірге есептеледі. Мәселен, отыз қойы және он ешкісі бар мұсылман, бір қой зекет беруі тиіс. Өйткені екеуі қосылып қырық болады. Құрбан шалуда да қой-ешкі деп бөліп жармай, екеуінің қайсысын шалса да Құрбан шалу міндетін атқарған болады. Тек, ешкінің қойдан бір айырмашылығы - құрбандыққа шалынатын ешкінің жасы ең азы бір жасқа толықтай толып, екі жасқа аяқ басқан болуы шарт. Бір жасқа толмаған ешкі құрбандыққа жарамайды. Мысалы, 9 айлық ешкі құрбандыққа жарамсыз. Бір жақса толып, екі жасқа аяқ басқан болуы керек.

Ешкінің мүйіздісі, мүйізді емесі (тоқал ешкі), буазы, буаз емесі, еркегі, ұрғашысы, тарттырылғаны не тарттырылмағаны – бәрі құрбандыққа жарай береді. Бастысы –

  • екі көзі сау болуы керек (екі не бір көзі соқыр болса жарамайды),
  • өздігінен жүре алмайтындай ақсақ болмауы керек,
  • көтерем болмауы керек,
  • қотыр болмауы керек.

Сондай-ақ,

  • тістерінің жарымынан көбі сау болуы тиіс.
  • Құлағы мен құйрығы сау болуы керек (құлағының жарымынан көбі сау болса жарамды; құлағына ең салынғандар жарамды).
  • Мұрны кесілмеген
  • Емшегінің ұштары кесілмеген болуы керек (аталмыш шарттар қойға да қатысты).

Ендігі жерде, абзалы қайсы, қой ма әлде ешкі ме, десеңіз, абзалырағы – қой әрине. Бірақ ешкі малын шалса да құрбаны саналады. Сондықтан, үйіңізде ешкі болып, қой сатып алуға қиналсаңыз ешкіні құрбандыққа шалуға болады. Немесе қойдың бағасы шарықтап кетіп, қалтаңызға ауыр тисе, ешкі сатып алып шалуыңызға болады. Алла пендеге тек күші жететінді ғана міндеттейді! (Аят. "Бақара" сүресі).

Ең дұрысы - Аллаға мәлім!

Абдусамат Қасым