Намаз оқып тұрып құсса намаз бұзыла ма?
Намаз оқып тұрып құсса намаз бұзыла ма?
2 ай бұрын 2707

Əссаламу'əлейкум уа рахматуллахи уа баракатух!

Мен ауырып тұрсам да, бесінді қаза етпейінші деп оқып едім. Бесіннің соңғы 2 ракағат сүннетін оқып жатқанымда кенет құсып жібердім. Құсса намазда, дəретте бұзылады ма? Екінші сұрағым, адам ауырып бірнеше күн ес - түссіз болып, неше күн намазын қаза болғанын білмесе нестейді? Айко Арыстанбекова.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Намазда келген құсық ауыз толарлық көлемде болса, онда дәрет бұзылатындықтан, ол кісі сөйлеу, ішіп-жеу т.б. сол сияқты намаз бұзатын артық әрі қажетсіз әрекеттерді жасамастан, тіке барып сырт дәретін алып келіп, намазының келген жерінен жалғастырып оқып кете беруіне болады. Немесе дәрет алып келіп сол үзген намазын қайта бастап оқыса да қате емес. (Мұндайда әйел кісі дәрет алып келіп үзген намазын қайта оқығаны абзал). Бұл ауыз толы құсық келген жағдайға қатысты[1].

Ал келген құсық аз көлемде болса, намазға зияны жоқ. Аз құсыққа дәрет те, намаз да бұзылмайды. Тек келген аз көлемдегі құсықты жұтып жіберсе, намаз бұзыла ма, дегенге Имам Әбу Юсуф «аз құсықты жұтса, намаз бұзылмайды» деген. Имам Мұхаммед бұзылады деген.

Екінші сауалыңызға айтарымыз: ес-түссіз талып қалған кісі, сол күйде бес уақыт намаздан көп намазын жіберіп алса, қазасын өтемейді. Мысалы, алты намазы қаза болатындай уақыт талып жатқан кісі, кейін айыққаннан кейін ол намаздардың қазасын өтемейді.


[1] «Әл-Мұхитуль Бұрхани филь Фиқһин Нұъмани» - Китабус салә. 15 бөлім.

Абдусамат Қасым