Баламның аяғындағы туа біткен артық саусақты алдырып тастауға бола ма? Оны алдыру Алланың жаратқанын өзгерту болып саналмай ма?
Баламның аяғындағы туа біткен артық саусақты алдырып тастауға бола ма? Оны алдыру Алланың жаратқанын өзгерту болып саналмай ма?
4 ай бұрын 3864

Ассаляму алейкум уа рахматуллахи уа баракатух! Мендегі сауал - ұлым аяғында алты саусақ болып туылды. Қазір 2 жастан асты. Операция арқылы алтынш саусағын  алып тастаса, Алланың жаратылысына қарсы келгеніміз болып саналмай ма? Аяқ-киім кигенде қиналады. Өскенде сол қиындық ұлғайып кете ме деп қорқамыз. Және оның сондай болып туылуына менің қандай да бір жасаған күнәм, аяғым ауыр кездегі көңіл-күйімнің жағдайлары қатысы болуы мүмкін бе? Рақмет!

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Сахих Хадисте былай делінеді:

لَعَنَ اللَّهُ الْوَاشِمَاتِ وَالْمُسْتَوْشِمَاتِ وَالنَّامِصَاتِ وَالْمُتَنَمِّصَاتِ وَالْمُتَفَلِّجَاتِ لِلْحُسْنِ الْمُغَيِّرَاتِ خَلْقَ اللَّهِ؛ 

«Алла Тағала денесіне сурет салғандар мен салғызған әйелдерді, қасын терген мен тергізген әйелдерді және әсемдік үшін Алланың жаратқанын өзгертіп алдыңғы екі тісінің арасын аштырған әйелдерді лағынеттеді...»[1].  

Осы хадистің түсіндірмесінде Имам Табари (р.а.): «Әйел кісіге жаратылысындағы Алла жаратқан артықшылықтар мен кемдіктерді әсемдік мақсатта өзгертуіне болмайды, мейлі күйеуі үшін болсын, мейлі басқа үшін болсын... оның бәрі Алланың жаратқанын өзгерту боп саналады» деп айтқаннан кейін ғұлама сөзін былай деп аяқтайды:  

«Алайда, ол тыйымға залал мен азап тудыратын нәрселер жатпайды. Мысалы, әлдекімде артық тіс шығып немесе тісі ұзарып тамақ ішуіне кедергі жасап жатса, не болмаса артық саусағы болып, ол оған жапа шектіріп не ауыртып жатса, ол кезде (оны жою) рұқсат болады (яғни, ондай жағдайда оны жою – «әсемдік үшін Алланың жаратқанын өзгерткенге» саналмайды). Ер адам осы соңғы жағдайда әйел секілді»[2] .

Қазіргі таңдағы дін ғалымдарының бір сыпырасы да бұған байланысты мынадай пікір білдірген: «Егер артық саусақты қалдырудың денеге тигізер залалы болса, мысалы, кейбір нәрселерді істегенде ауырсынса немесе кедергісін тигізсе, мейлі болашақта болса да, яки, артық саусақ себепті моральды турғыда зиян шексе, мысалы, жұрттың таңданып не шошып қарауынан қысылып-қымтырылатын болса – ондай жағдайларда, залалды бейтарап ету мақсатында, артық саусақты кестіруге болады» дейді олар.  

Ендеше, ұлыңыздың аяғындағы артық саусақ - кейіннен жүріп-тұруына, аяқ киім киюіне кедергісін келтіріп, зиян тигізеді деген қауіп болса, дәрігерлермен ақылдасып, ота арқылы артық саусағын алдырып тастаудың шариғи тұрғыда күнәсі жоқ деуге негіз бар. Ол - Алланың жаратқанын өзгерткенге жатпайды!

Артық саусақтың пайда болуының себебі неде?

Баланың аяқ-қолында артық саусақтың пайда болуын медицина ғылымында «полидактилия» деп атайды. Полидактилияның себебін қазіргі медицина нақты ашып айтуға қауқарсыз. Бүгінгі таңда ең дұрыс деп табылған тұжырым бойынша, баладағы полидактилияның пайда болуы – тұқым қуалаушылық факторымен тығыз байланысты деседі. Егер ата-ананың бірінде полидактилия гені бар болса, балада ондай ауытқушылықтың туындау мүмкіндігі - елу пайыз. 

Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


[1] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари».
[2] Ибн Хажар әл-Асқалани: Фәтхуль Бәри. №5939 хадис түсіндірмесі.

Абдусамат Қасым