Ассаләмуғалейкум! Мал соятын адам Аллаға сенеді, бірақ ақыретке және періштелерге сенбейді. Мал бауыздағанда «Аллаху әкбар» деп бауыздайды, сол ет халал ма?
Құдайға сенбейтін адам малды "бисмиллә" деп сойса, ол малдың еті адал ма?
|
Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Шариғатта сойылған малдың етін адал деуіміздің бір шарты – союшы кісі мүмін-мұсылман болуы керек немесе әһли китаптан болуы тиіс (Әһли китап - христин, яһуди). Одан өзгелердің сойған малдары адал емес. Мысалы, Құдайға сенбейтін бір адамның «бисмилла» деп сойған малының еті мұсылман үшін адал емес.
Сондай-ақ, сұрақта айтылғандай, Құдайға сенгенімен, ақырет күнін жоққа шығаратын адам "бисмилләны" айтып сойса да, сойған малының еті адал емес. Өйткені, ақыретке немесе періштелердің бар екендігіне сенбеу – кісіні діннен шығарады. Бұлар - дінімізде нақты бекітіліген иман шарттарынан. Мұнсыз кісі мүмін-мұсылман болып саналмайды. Діннен шыққан мүртәдд адамның сойған малының еті адал емес делінген.
Сондықтан да, танысыңызға ақыретке және періштелерге сенбеудің қателігін, онысы оны мұсылманшылықтан шығарып, кәпір ететін қылық болып есептелетінін, мұсылман адам Құдайға сенумен қатар, аталмыш дүниелерге де сенуі тиіс екендігін айтып түсіндіргеніңіз жөн. Мүмкін білместіктен айтып жүрген болар.
Ендігі жерде, мұсылман немесе әһли китаптан болмаған әлдекімнің "бисмилләны" айтып сойса да, сойған малының еті адал емес дегенге дәлел ретінде мына хадисті келтірсек болады. Хадис кітаптарында орын алған бұл риуаятта сахаба Абдулла ибн Аббас (р.а.) былай деген:
«Расында Алланың есімі – мұсылман атауында бар. Сондықтан да, егер бір мұсылман мал соярда бисмилланы айтуды ұмытып кетсе, оны жей берсін. Ал, мәжуси дініндегі бір адам бисмилланы айтып сойса да, ол еттен мұсылман кісі жемесін»[1].
[1] Абдурраззақ: «Мусаннаф»; Бәдруддин әл-Айни: «әл-Биная».