Кедей кісі «құрбан айтқа» арнап қой сатып алса, оны шалуы уәжіп болады дейді. Олай болса, етін жеуіне бола ма?
Кедей кісі «құрбан айтқа» арнап қой сатып алса, оны шалуы уәжіп болады дейді. Олай болса, етін жеуіне бола ма?
2 жыл бұрын 11577

Ассаламу алайкум! Құрбандық жайлы сұрағым бар. Егер нисаб мөлшеріндегі дүниесі жоқ кісі құрбан шалса құрбандықтың етін өзі жей ала ма? Шариғат міндеттемеген істі өзіне жүктеп алғаны үшін етті толык таратып жібереді деп естіп едім. Нәзір етуге ұқсас болып калған сияқты, осы мәселеге жауап іздеп жатыр едім. Бауыржан.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Шариғатта, кедей санатындағы кісілердің «Құрбан айтта» құрбан шалулары міндет емес. Бірақ, егер «Құрбан айтта шаламын» деген ниетпен бір қойды алдын-ала сатып алса, сол қойды құрбан айт күні шалуы міндет болады. Өйткені оның «Құрбан айтқа» деп сатып алған малы Құдайға атаған малы болып саналып, «нәзір» үкімінде. Сондықтан да, оны уақытында (яғни, айт күні) шалуы міндет[1]. Құрбан айтқа дейін ол қойдың жүнін қырқып пайдалануға, сүтін сауып ішуіне болмайды. Алда-жалда құрбандыққа деп сатып алған қойы өліп қалса немесе жоғалып кетсе, оның орнына басқа қой шалуына міндетті емес (ал, бай-бақуатты кісі орнына басқасын шалады)[2].  

Ал енді кедейдің құрбандыққа деп сатып алған қойы «нәзір» үкімінде болса, оның етінен өзі және отбасы жей ме, әлде түгел таратып беруі керек пе?

Кедей кісінің «құрбан айтқа» деп арнайы құрбандыққа сатып алған малын уақытында шалса, яғни Құрбан айт күндері шалса, етін жеуіне болады[3]. Ал уақытынан ерте шалса етін жемейді, мұқтаж жанға таратып береді[4].


[1] Имам Кәсәни: «Бәдәиъус Санаиъу». 6/275-276 беттер.
[2] Имам Кәсәни: «Бәдәиъус Санаиъу». 6/289-290 беттер; әл-Айни: «әл-Биная». 12/43-44 бет.
[3] Имам Кәсәни: «Бәдәиъус Санаиъу». 6/328 бет. («Етін жемейді» дейтін де ғалымдар болған).
[4] «Әл-Фәтәуәл Һиндия». 5/371 бет; Имам Кәсәни: «Бәдәиъус Санаиъу». 6/321 бет. 

Абдусамат Қасым