Қабір азабына сенбеген мұсылман діннен шыға ма?
Қабір азабына сенбеген мұсылман діннен шыға ма?
2 жыл бұрын 4074

 Миғраж оқйғасын мойындамаған адам пасық кұнаhар бола ма, діннен шыға ма? Қабір азабына сенбеген адам діннен шығама?

Ислам сенімінде кәпір адам өлгеннен кейін қабірінде азапталады. Сондай-ақ, кейбір күнәһар мұсылмандар да жасаған күнәлары себепті қабірлерінде белгілі уақыт қабір азабын татады1. Ал Аллаға итағаткар мұсылман қабірде нығметке бөленеді.

Ислам сенімінде қабір азабының болатыны ақиқат. Ол жайында көптеген сахих хадистер келген. Мысалы, бір сахих хадисте Айша анамыз (р.а.) Пайғамбарымыздан (с.а.у.) қабір азабы жайында сұрайды. Сонда Алла елшісі (с.а.у.): «Иә. Қабір азабы хақ» - деп жауап береді2.

Қабір азабы жайында көптеген сахих хадистер келген. Келген хадистердің әрқайсысын жеке алып қарағанда «ахад хадис» дәрежесінде болғанымен, бәрі топтасып мазмұны жағынан мүтәуәтір хадис деңгейіне жетеді3, Мұны хадис ғылымында «мағнауи мүтәуәтір» дейді.

Демек, қабір азабы сенімі дінде нақты, бұлтартпас дәлелдерге сүйенеді екен. Оның үстіне, сахабалардан бастап бүкіл сүннит ғұламалары қабір азабының растығына күмән келтірмеген, яғни, ижма бар. Имам Әшғари (рахимаһуллаһ) былай дейді: «Қабір азабы мен қабір нығметі төңірегінде сахабалардың және тәбиғиндердің ижмасы бар (Алла оларға разы болсын)».4

Дегенмен, сенім мәселелерінде нақылдан гөрі, ақылды көп дұрыс көрген Мұғтәзилия ағымы мен Рафизилер қабір азабын жоққа шығарған болатын. Өйткені адам өлгеннен кейін денесі жансыз, түйсіксіз болады, ал тірі емес әрі түйсіксіз бір денені азаптау ақылға сыйымсыз деп ойлаған. Алайда, олардың бұл уәждеріне сүннит ғалымдары аят-хадис және ақли (логикалық) дәлелдермен жауап қайырып, уәждерінің негізсіз екендігін дәлелдеп берген.

Қабір азабын жоққа шығаратын адам кәпір бола ма?

Ендігі жерде қабір азабын жоққа шығарған адам кәпір бола ма, деген сауалға оралсақ. Әбу Ханифа (рахимаһуллаһ) бір сөзінде былай дейді:

«Кімде-кім «қабір азабын білмеймін» десе, ол құрдымға кететін жексұрын Жәһмиялармен бір деңгейде болады. Өйткені олай деуші кісі Алла Тағаланың мына аятын жоққа шығаруда: «Біз оларды екі мәрте азаптаймыз», яғни, қабір азабын білдіріп тұр. Және Алла Тағаланың мына бір аятын да жоққа шығарған болады: «Зұлымдық қылғандарға одан басқа (тозақтан басқа да) азап бар», яғни, қабірдегі азап. Егер біреу айтса: «Мен (бұл) аяттарға сенемін, бірақ жорамалы мен тәпсіріне сенбеймін» десе, кәпір болады, себебі кейбір Құран аяттарының тәуилі - тәнзилінің дәл өзі болып келеді, егер оны жоққа шығарса кәпір болады»5 - дейді Ұлық Имам.

Кейінгі буын Мәтуриди-Ханафи ғалымдары арасында бұл мәселеге байланысты екі ұдай жауап берілгендігін айтуға болады. Бір кітаптарда «қабір азабын жоққа шығарушы адам теріс жолдағы дінбұзар бидғатшы саналады»6 деп айтса, басқа кітаптарда «қабір азабын жоққа шығарған адам кәпір болады» деп кесіп айтады7.

Қорыта айтқанда, қабір азабы мен қабірдегі нығмет және қабірдің ішінде періштелердің сұрақ сұрауы - Ислам дінінің басты сенім-негіздерінің бірі болып саналды. Қабір азабы сенімі – аят, хадис және ижмаға сүйенеді. Оны жоққа шығарған мұсылманның кәпір болып кету қауіпі басым. Қабір азабын өтіріксіну – Әһли сунна жолы емес, Жәһмия, Мұғтәзилия, Рафизия сынды дінбұзар теріс ағымдардың жолы. 

(«Миғраж оқиғасын жоққа шығару» жайында «Миғражды жоққа шығарған адам кәпір бола ма?» атты жазбамызды оқи аласыз).

1Имам Ағзам: «Фиқһуль Әкбәр». Мулла Алиюл Қари: «Шәрхуль Фиқһиль Әкбәр». 294 бет.
2Имам Ахмәд: «Мүснәд». 25419 хадис.
3Имам Тәфтәзәни: «Шәрху ақидатун Нәсәфия». 240 бет.
4Имам Әшғари: «әл-Ибәнә ан усулид Дияна».
5Имам Ағзам: «әл-Фиқһуль Әбсәт».
6Әл-Хәким әс-Сәмарқанди: «Сәууәдуль Ағзам», 13 мәселе.
7Ходими: «Бұрайқату Махмұдия».

Абдусамат Қасым