Атаған нәзір құрбанының орнына ақшасын садақа етіп берсе бола ма?
Атаған нәзір құрбанының орнына ақшасын садақа етіп берсе бола ма?
7 жыл бұрын 6701

Әссәләмуғалейкум! Нәзір құрбан жайында сауалым бар еді. Мен өзіме жолаушылықтан аман оралсам, бір қой құрбан етемін деп нәзір еткен едім. Осы атаған құрбанның орнына ақшасын садақа етіп берсем бола ма?

Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Сұрағыңызға тоқталмас бұрын «нәзір дегенімізі не?» - соны қысқаша түсіндіре кетелік.

Нәзір дегеніміз, мұсылман кісінің өзіне міндеттелмеген әлдебір құлшылық түрін сөз жүзінде айтып, өзіне міндеттеуі, оны орындауға Аллаға уәде беруі (ойша айтылған саналмайды). Мысалы: «Оқуға түсіп кетсем, Алла разылығы үшін он екі рәкәғат намаз оқимын» немесе «ораза ұстаймын» т.б. деген сияқты.

Атаған нәзірін орындау – уәжіп[1].

Нәзір етуге болатын құлшылықтарға: ораза, намаз, құрбан, садақа сияқты парыз не уәжіп ғибадат түрінен болғандар жатады. Мысалы, оразаның парызы бар (Рамазан оразасы). Демек, қосымша ораза ұстауды нәзір етуіне болады. Намаздың да парызы бар (бес уақыт намаз). Олай болса, намаз да нәзірге жарайды т.б. 

Ал, құран оқу, қабір зияратын жасау, таспихат, зікір айту т.б. осы сияқты сауапты амалдар нәзір етілмейді. Себебі, бұлардың парыз не уәжіп болған құлшылық түрлері жоқ.  

Енді, сіздің сұрағыңызға келер болсақ: қағида бойынша, не нәрсені нәзір еткен болса, сол нәрсені орындауы шарт. Сондықтан, бір қой союды нәзір еткен екенсіз, соған орай бір қой құрбан шалынуы ләзім. Оның орнына ақшасын садақа етуге рұқсат жоқ. Құнын садақа еткен күннің өзінде атаған нәзір мойныңыздан түспейді.

Және мына нәрсені де ұмытпау керек: шариғат бойынша, нәзір құрбанының етін өзі жемей түгелдей жоқ-жітікке, мұқтаж жанға таратып беруі шарт. Ол еттен балаларына, немере-шөберелеріне, ата-анасына, ата-әжесіне бермейді.

Осы тұрғыда, қазақта "құдайы" деген түсінік бар. Әлдебір сырқаттан арылғаны үшін немесе қандай да бір апаттан аман қалған болса, яки, үлкен бір қуанышты жағдай орын алған жағдайда соған шүкір етіп, құдайы таратып жатады. Бұл нәзір емес. Өз алдына бөлек сауапты амал. Оның етін өзі де, өзгеге де жегізуге болады.  


[1] Құран Кәрімде, Хаж сүресінде былай делінген: «Атаған нәзірлерін орындасын» (Хаж -29аят).

Абдусамат Қасым