Зейнетақы қорындағы ақшаға пайыз қосылады. Сол рибаға (өсім) жата ма?
Зейнетақы қорындағы ақшаға пайыз қосылады. Сол рибаға (өсім) жата ма?
7 жыл бұрын 4058

1. Әссәләмуғалейкум! Менің сұрағым зейнетақы тұралы еді. Зейнетақы қорындағы ақшамызға пайыз (доход) қосылады. Сол риба бола ма?  Нұрберген

2. Әссәләмуғалейкум! Барлық жұмыс істеп жатқан адамдардан 10 пайыз ұсталып, зейнетақы қорына жиналады. Сосын оған белгіленген пайыз мөлшерімен өседі. Сол жағы қалай болар екен? Ержан.  

Уағалейкум әссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Мемлекет әрбір азаматты зейнет уақытына толғаннан кейінгі өмірінде өз қамқорына алуға мүдделі. Осы мақсатта әлеуметтік сақтандыру аясында зейнетақы жүйесі құрылған. Ондағы басты мақсат табыс табу емес, еңбек ету жасынан асқан немесе еңбек ету қабілетін жоғалтқан азаматтарға материалдық тұрғыда қолдау көрсету. Сондықтан да, міндетті зейнетақы жарнасы бойынша зейнетақы шотындағы ақшаға қосылатын пайыз өсім ретінде емес, мемлекет тарапынан берілетін сыйақы (әл-мүкәфәт) немесе басқалай айтқанда жәрдемақы ретінде қарастырылады дейді қазіргі дін мамандары.  

Осы тұрғыда, зейнетақы шотына келіп түсетін пайыз кейбір шариғатқа келіңкіремейтін табыс көздерінен құйылуы мүмкін (мысалы, бірыңғай зейнетақы қорындағы ақшаларды екінші деңгейлі банктердегі депозиттерге орналастыру арқылы келген үлес т.б.). Бұнда да салымшыға күнә жоқ деген ойдамыз. Себебі, міндетті зейнетақы жүйесі болғандықтан зейнетақы қорындағы ақшаның қандай салаларға инвестицияланатындығын таңдау құқы шот иесіне (салымшыға) берілмеген. Ол өкіметтің құзырындағы дүние. Алла пендесіне тек күші жететін нәрселерді міндеттейді. Ең дұрысы - Аллаға мәлім! 

Абдусамат Қасым