«Ақиқа» құрбанының сүйегін шаппау керек пе? Ондай нәрсе дінде бар ма?
«Ақиқа» құрбанының сүйегін шаппау керек пе? Ондай нәрсе дінде бар ма?
2 жыл бұрын 2855

Ассалаумағалайкум! Ақиқа құрбанының сүйегін шаппайды деген нәрсе бар ма? Нұрдос.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

«Ақиқа» құрбанының сүйегін шаппау және сындырмау жөнінде кейбір әлсіз хадистер келген[1]. Осыған қарап Ислам ғалымдарының бірсыпырасы, мысалы, Шәфиғи мәзхабы ғалымдары мен Ханбали мәзхабы ғалымдары, ақиқа құрбанының сүйектерін сындырмай, буындарынан айырып бөлген жақсы деп есептеген. Ақиқаның сүйегін сындырмаудың пайдасын: "сәбидің сүйегі мықты, денсаулығы жақсы болады" деп түсіндіретіндер бар. 

Алайда, өзге дін ғалымдары болса, Ақиқаның сүйегін сындырмауға қатысты нақты дерек келмегендігін көлденең тартып, "ақиқа құрбанының сүйектерін әдеттегідей шауып, сындыра берсе болады" дейді. Тіпті Имам Мәлік (р.а.) керісінше ақиқа құрбанының сүйегін сындыруды мұстахаб санағандығы деректерде келтірілген.    

Қорыта айтқанда, Ақиқа құрбанының сүйегін шаппау, анығырақ айтқанда «сүйектерін сындырмау» деген мәлімет дінде бар, бірақ міндетті бір амал емес. Ерікті амал. Ақиқаның сүйегін шапса да, шаппаса да, сындырса да, сындырмаса да, сауабы немесе күнәсі жоқ. Сондай-ақ, оның жаңа туған сәбиге де келіп-кетер зияны жоқ. Сол себепті, Ақиқа құрбанын шалған кісілер, сойылған малдың сүйектерін әдеттегідей шауып, қазақшалап жіліктей берсе болады. Ең дұрысы – Аллаға мәлім!

(«Ақиқа» құрбаны дегеніміз, дүниеге келген перзент үшін Аллаға шүкір ету мақсатында шалынатын нәпіл құрбан. Үкімі мұстахаб, кей ғалымдарымыз мубах деген, яғни, ерікті іс. Ақиқа құрбаны баланың жетінші күні шалынады).


[1] Фатима анамыз (р.а.) Хасан мен Хусейн үшін ақиқа құрбанын шалған кезде Алла елшісі оған: «Баланы босандырған әйелге бір аяғын беріп жіберіңдер. Өздерің де жеңдер, өзгелерге де жегізіңдер. Оның бірде-бір сүйегін сындырмаңдар» дейді. (Бұл хадисті Әбу Дәуід, өзінің «Сүнәнінда» келтірген. Мүрсәл хадис).

Абдусамат Қасым