Тарауих намазы қалай оқылады?
Тарауих намазы қалай оқылады?
8 жыл бұрын 737430

Әссәләмуғалейкум уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ! Тарауих намазы қалай оқылады толық айтып берсеңіз. Жиырма рәкәғатты төрт рәкәғаттан оқимыз ба, әлде екі рәкәғаттан оқыла ма? Әйел кісі өзі үйінде оқи бере ме? Алла разы болсын!  Гүлназ

Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Тарауих намазын оқудың сауабы жайында Алланың елшісі (с.а.у.) былай деген:

«Кімде кім, Рамазанда сауабын үміт ете отырып, Алла разылығы үшін Тарауих намазын оқыса, оның өткен күнәлары кешіріледі»[1].

Мейлі әйел болсын, мейлі ер кісі болсын тарауих намазын оқыса сауапқа кенеледі. Бірақ әйел кісінің өз үйінде оқыған намазы, мешітте оқыған намазынан қайырлы екендігін ескерген жөн. Сондықтан да, әйел кісі тарауих намазын мешітте емес, үйінде оқығаны абзалырақ. Дегенмен, мешітке келіп оқуының да күнәсі жоқ.

«Тарауих» сөзі араб тіліндегі «тәруиха –ترويحة» сөзінің көпше түрі (التراويح). Оның қазақ тіліндегі мағынасы: «демалу», «тынығу» деген ұғымдарға саяды. Әр төрт рәкәғатынан кейін жамағат бір сәт аяқ жазып, тәспих айтылып тынығатын болғандықтан «тарауих», яғни, тынығу намазыделінген. Қазақстанда аталмыш намаз «тәребі намазы» деген атаумен де белгілі. Бұл да сол арабшадағы нұсқасының өзгертілген түрі.

Тарауих намазының үкімі

Тарауих намазын оқу әрбір мұсылманға «мү'әккәт сүннет» болып есептеледі (яғни, бекітілген сүннет). Мұхаммед пайғамбар (с.а.у.) былай деген:

«Алла Тағала сендерге Рамазанда (күндіз) ораза ұстауды парыз етсе, Мен (түнінде) құлшылық етуді сүннет еттім»[2].

Ал, оны жамағатпен оқудың үкімі Ханафи фиқһ кітаптарында«сүннет кифая» делінген. Бұл дегеніміз, қаланың бір аймағында тұратын тұрғындардың біршамасы тарауих намазын мешітте оқып, біршамасы үйінде жалғыз оқып жатса, үйінде оқығандар «жамағат сауабынан» құр қалғаны болмаса, сүннетті тәрк еткен боп саналмайды. Деректерде, Абдулла ибн Омар т.б. біршама сахабалардың тарауихты үйінде оқығандықтары айтылған[3].  

Тарауих намазы қай уақытта оқылады?

Тарауих намазы құптан намазының парызынан кейін (екі рәкәғат сүннеттен соң) оқылады. Парыздан бұрын оқылған жағдайда, онысы тарауих намазы болып саналмайды. Үтір намазын тарауихтан кейін оқу - мұстахаб. 

Тарауихтың әр бөлімі өз алдына бөлек намаз болып есептелгендіктен, сәлем бергеннен кейін келесісін ниет етіп бастаған абзал[4].

Тарауих намазының оқылуы

Тарауих намазы жиырма рәкәғаттан тұрады. Оны екі рәкәғаттан немесе төрт рәкәғаттан бөліп оқыса болады. Әр төрт рәкәғаттан кейін бір сәт отырып тынығу – мұстахаб. Осы арада белгілі тәспих түрін айту дәстүрге айналған. Біздің елде мына төмендегі тәспих айтылады:

«Сүбхәнә зил мүлки уәл мәләкут. Субхәна зил иззәти уәл-азамати уәл-қудрати уәл кибрия-и уәл жәбаруут. Субханаль мәлики хайил ләзи лә ямут. Суббухун Құддусун Раббуна уә Раббул мәләикәти уәр рух. Лә иләһә иллаллаһу настағфирулла. Нәс-әлукәл жәннәтә уә нәғузу бикә минәннәр».

Тарауих намазы келесі рет бойынша оқылады:

  1. Ниет. Тарауих намазын оқуға іштей ниет етіледі. Жамағат имамға ұйытындығына да ниет етеді: «Ниет еттім Алла ризалығы үшін тарауих намазын өтемекке. Ұйыдым осы имамға. Халисалилләһи Таала. Аллаһу әкбар».
  2. Ниет етіп болғаннан соң «Аллаһу әкбар» деп «тәкбир тахрима» алады да қол байланады. Ханафи мәзхабында ер кісілер қолды кіндік астына байлайды. Әйел кісілер қолдарын көкірек тұсына қояды.
  3. Қол байланғаннан соң «сәнә» дұғасы оқылады: «Сүбхәнәкәллаһумма уә бихамдика уә тәбәрәкәс-мүк. Уә тәъалә жәддукә уә лә иләһә ғайрук».
  4. Сәнә дұғасынан кейін «әғузу билләһи минаш шайтанир ражим. Бисмиллаһир рахманир рахим» деп, Фатиха сүресі және қосымша сүресін оқиды. Имамға ұйып тұрған жамағат тек сәнә дұғасын оқып, Фатиха мен қосымша сүре оқымайды. Имамның оқуын тыңдап тұрады.  
  5. Фатиха мен қосымша сүре оқылып болғаннан кейін «Аллаһу әкбар» деп рүкүғқа барады. Рүкүғта үш рет «сүбхана раббиял азим» дейді. Рүкүғтан бас көтеріп жатып имам «самиаллаһу лиман хамидаһ» деп айтып тік тұрғанда, жамағат та онымен бірге тік тұрып, іштей «раббәна ләкәл хамд» дейді. Жалғыз оқыған кісі екеуін де айтады.
  6. Рүкүғтан бас көтергеннен соң «Аллаһу әкбар» деп сәждеге барады. Екі рет сәжде жасалады. Әр қайсысында үш реттен «сүбханә раббиял аъля» деп дұға айтылады.
  7. Сәждеден кейін «Аллаһу әкбар» деп екінші рәкәғатты бастайды. 
  1. Екінші рәкәғатында тек бисмилләны айтып, Фатиха сүресі мен қосымша сүрені оқиды.
  2. Фатиха және қосымша сүре оқығаннан соң реті бойынша, рүкүғ, сосын екі сәжде жасалып, «әттәхият» отырысына отырады. Оны «қағда» немесе «тәшәһһуд отырысы» деп те атаймыз.
  3. Тәшәһһуд отырысында «әттәхият» дұғасын оқып, артынша «салауат» оқылады. Салауаттан кейін «раббәнә әтина» дұғасын оқу ерікті амал.
  4. Әттәхият, салауат оқылғаннан соң «әссәләмуғалейкум уә рахматуллаһ» деп оң жағына, сосын «әссәләмуғалейкум уә рахматуллаһ» деп сол жағына сәлем береді.
  1. Келесі екі рәкәғатты да осы рет бойынша оқиды. Екі рәкәғатты толық оқып, сәлем бергеннен кейін бір пәс тынығады. Осы арада Рамазан тәспихатын айту ұнамды әрекет: «Сүбхәнә зил мүлки уәл мәләкут. Субхәна зил иззәти уәл-азамати уәл-қудрати уәл кибрия-и уәл жәбаруут. Субханаль мәлики хайил ләзи лә ямут. Суббухун Құддусун Раббуна уә Раббул мәләикәти уәр рух. Лә иләһә иллаллаһу настағфирулла. Нәс-әлукәл жәннәтә уә нәғузу бикә минәннәр».
  2. Кімде-кім тарауих намазын әр екі рәкәғатта сәлем беріп емес, әр төрт рәкәғатта сәлем беріп оқитын болса, алғашқы отырыста «әттәхият» дұғасымен қоса, «салауатты» да айтуы керек (бұл жерде салауатты "Аллаһумма салли аля Мұхаммед" деп қысқа қайырса болады). Және сәлем берместен «Аллаһу әкбар» деп үшіншіге тұрғанда оны сәнә, әғузу және бисмилләмен бастап, әрі қарай әдеттегі тәртіп бойынша оқиды (мұны "сәнә" және "әғузусіз" бірден фатихадан бастап кетсе де намаз дұрыс).
  3. Сондай-ақ, фатихадан кейін қосымша сүрелерді Құрандағы реті бойынша оқыған дұрыс. Мысалы, бірінші рәкәғатта фатихадан кейін Кәфирун сүресін оқыса, екінші рәкәғатта одан кейінгі ретте тұрған сүрені оқиды. Реті бойынша одан бұрын тұрған сүрені оқымайды. 

Алла тағала жасаған құлшылықтарымызды қабыл етсін!


[1] Имам Мүслім: «Сахих Мүслім» – 759 хадис.
[2] Ибн Мәжә: «Сүнән» – №1328 хадис.
[3] Имам Шүрунбүләли: Имдәд – 428 бет.
[4] Ибн Ғабидин - Раддул Мухтар: Салату әт-Тәрәуих. (тәтиммә): Ханафи ғалымдарының бір тобы: "Тарауихтың әр бөлімі өз алдына бөлек намаз боп есептелгендіктен, әрқайсысына ниетті жаңартып отыру шарт" - десе, екінші топ ғалымдар: "Тарауихтың бәрі бір намазға есеп, сондықтан бір тарауих намазына бір ниет жеткілікті", - деген. Осы екі тұжырымды зерделей келе, соңғы буын Ханафи ғалымдарының бірі Ибн Ғабидин (1828-1888 ж.) былайша қорытындылайды: "Менің ойымша әуелгі пікір дұрыс. Өйткені, сәлем беру арқылы кісі ниет еткен намазынан шығып отыр, ал келесісін бастауы үшін ниеттенуі керек. Сондықтан, пікірталастан шығу мақсатында айтарымыз: (Негізі екеуі де қате емес. Бірақ), бірінші тұжырымды қабыл ету сақтық жағынан қарағанда абзал саналады".

Абдусамат Қасым